Спортқа легионер тартудан мүйіз шықса біздікі қарағайдай болар еді. Неге дейсіз ғой, бұрынғы КСРО империясының ортақ қазанынан ас ішкен 15 одақтас елдердің соңы болып тәуелсіздігімізді жариялаған 1991 жылдан бері қарай бұл елдің спортына кімдер келіп, кімдер кетпеді…
Спорттың көсегесін көгертеді, өрге сүйрейді деп үміт артқандардың дені қазақ халқының намысынан гөрі, қарақан басының қамы үшін ат байлады. Әлі де солай. Әрине, спортқа легионер тарту, әсіресе футболға қате шешім деуге болмайды. Футбол – спорттағы сауданың басты көзірі. Әрбір клуб, құрама өзінің қатарына сайыпқыран саңлақты қосу арқылы осы сауда алаңында өзінің несібесін молынан көсіп алуға ұмтылады. Өзге спорт түрлерінде ұлың да, қызың да ел абыройын арқалауға жарай алмаса ғана легионерге сауын айтқан абзал емес пе? Қазақтың қанымен сүйегіне сіңіп кеткен күрес өнерінде келімсекке де күніміз қарап келе жатқан жоқ па?
ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ – БОС ЖҰМЫС ЖӘРМЕҢКЕСІ
Қазақ футболындағы легионерлер мәселесін ерінбеген жанның бәрі жазды, сынады, арасында ақтағандары да болды. Бірақ расында легионерлердің қазақ футболына пайдасы тиді ме? Қай футболшыны түстеп-танып, еліміздің аяқ добының ауыртпалығын арқалады деп айта аласыз? Көпшілігі тіпті Қазақстан азаматтығын, яғни көк паспортымызды алып, еңсегей бойы ел ішінде қапсағай болғанша үрлеп төгіп, шайқап ішіп, жан бақты. Бұлай емей немене, біздің елде легионерлер бір шұлықты 70 мың теңгеге сатып алып киді ғой. Ұлттық құрама сапында да ойнады. Кейін қалтасын қампайтқан соң өз отанын қайта айналып тапты. Өзгені білмейміз, өзіміз отыз жылдың ішінде Қазақстанға келіп футбол ойнаған, нәпақа тапқан, жан баққан келімсек футболшылар кейін де осы елде қалып, балаларды футболға баулыды, болмаса футбол өрісіндегі түйткілді мәселелердің шешілуіне үлесін қосты дегенді естіген де, көрген де жоқпыз.
Өткенге оралсақ. 2019 жылдың қараша айында Қазақстан футбол федерациясының атқару комитеті отырыс өткізіп, ала бөтен шешім шығарған болатын. Ол кезде футбол федерациясының президенті деген қызмет Әділбек Жақсыбековтің қолында болатын. Жақсыбектің ұрпағы ел футболына жақсы істерін енгізсе қуанасың ғой. Керісінше, қазақ футболын өрістетеді деген жергілікті ойыншылардың тынысын тарылта түскен орашолақ шешім болды. Ол қандай шешім еді, оқырмандар есіне қайыра салуды және сөзбе-сөз келтіруді жөн санадық. «ҚФФ атқарушы комитетінің мүшелері Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің азаматтары болып табылатын футболшылар үшін «Қазақстан футболының түлегі емес» мәртебесін жою туралы шешім қабылдады». Бұл дегенің – еліміздегі премьер-лига мен бірінші лигада ойнайтын клубтардың қатарына енетін футболшылар, яғни легионерлердің арасында «ала қойды бөле қырқу» қарқынды жүргізілгенін айғақтай түседі. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан елдерінің футболшылары бізге келіп доп тепсе бұрынғыдай (анығы 2021 жылдың қарашасына дейін) легионер саналмайды. Отандық футболшы мен ЕАЭО-ға кіретін елдердің ойыншылары біздің жерде бірдей. Бұл жарғы бекітілгенге дейін де бізді елдің клубтарына, яғни премьер-лигада ойнайтын ұжымдардың құрамына шетелден 8 легионер тартуына, егер қалтасы көтеріп жатса қаржысын құйып, тоғызыншы келімсек ойыншыны ортаға қосуына рұқсат етілетін. Енді, міне, сол тоғыз футболшының қасына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден келген «өзімізді» тағы қосыңыз. Сонда төл футболшыларға клубтардан тиетін орын 6-7 ғана. Бұдан кейін қалай қазақ футболының көсегесі көгереді деп нық сеніммен айта аласыз? Рас футбол табыстың қайнар бұлағы, ен байлықтың тұмасы. Әлемде футболшыларды қатарына тартып, үздік нәтижемен байлыққа емініп отырған клуб қожайындары жетеді. Ал бізге келетін легионерлер өзінің еліндегі екінші, үшінші сатыдағы көптің бірі саналатын футболшылар. Оларға Қазақстан футболы бос жұмыс орындарын ұйымдастырып ұсынатын жәрмеңке алаңы іспетті. Содан кейін біздің елде футболшыларға төлейтін жалақы өте жоғары. Әлем бойынша да, Еуропа елдерінің көрсеткішімен өлшегенде де Қазақстан футболшыларға, оның ішінде сырттан келетін келімсектерге қыруар қаржыны қиналмай бөктеріп береді. Ал өзіміздің төл перзенттеріміз, жергілікті футболшылардың дені солардың тасасында күн бетін көре алмай жүріп-ақ жұтылып кетеді.
Кезінде Бразилиядағы футбол академиясында үш жыл оқып келіп, еліміздің футбол клубтарында негізгі құрамға іліне алмай ақыры бапкерлікке, саудагерлікке, басқа да салаға ауысып кеткен таланттар өте көп. Тек Бразилия көргендер ғана емес, еліміздің әр қиырынан шыққан жас таланттарды табудың оңтайлы тәсілі осы легионер тарту болып отыр. Қазақстанға Ресейден келіп ойнаған легионерлердің ішінде «балтаның сабына жарағаны» тек Андрей Аршавин ғана шығар. Оның өзінде ол шаршау танытып, қайрат-күші сарқылып, өз елінде де, өзге елдерде де танымал клубтар таланттардың қатарынан сызып тастаған соң ғана алматытылық «Қайратты» таңдады.
Біз жоғарыда тілге тиек еткен, осыдан үш жарым жыл бұрын қабылданған шешімнің ақырын күтейік, нәтижесін екі-үш жылдың бедерінде байқастаймыз деген мамандар қандай уәж айта алады? Расында да Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің футболшылары біздің елде легионер саналмағаны қаншалықты нәтижесі болды? Тіпті қызды-қыздымен ресейлік клубтарға да біздің қаракөз балаларымыз өнер көрсетуіне молынан өріс ашылады деп алақайлағандар да табылды. Жоқ емес, бар, Ресей біріншілігіндегі клубтарда Бақтияр Зайнутдинов, Исламбек Қуат, Ақмал Бақтияров, Марат Быстров, Владислав Васильев, Дмитрий Шомко сынды футболшылар көрші елдің қазанында қайнады. Легионер тартудағы барыс-келісте де, алыс-берісте де ресейлік футболшылардың үлесі бізден әлдеқайда жоғары. 2020 жылы карантиндік шектеу келгенге дейін еліміздің клубтарында келімсектерге төлейтін қаржының есебі қисапсыз еді. Карантиндегі көгенделуде клуб басшылары қымбат жалақы үшін ғана алаңға шығатын футболшыларын омалтып ұстап отыра берудің пайдасы жоғын біліп, келісімшартты үзді, жан-жаққа жіберді, алып қалғандарының айлығын азайтты. Айлық демекші, футболшылардың жалақысына лимит қою мәселесі көтерілген тұста легионерлерге төленетін қаржыдан клуб басшылары мен менеджерлер де пайда көріп жүр деген дау қылаң берген. Бірақ жанбай жатып жалынын тез сөндірді. Мәселен, Алексей Щеткиннің жалақысы айына 9 миллион теңге десек, соның жартысына жуығы футболшыға тиіп, қалған бөлігін агенттер мен клуб басшылары бөліске салады деген сөз де желдей ескен. Қалай болғанда да парламент қабырғасында көтерілген қазақ футболына, оның ішінде келімсектерге төлеп жатқан есіл қаржы елдің несібесінен ойып тұрып берілетіні мазаңды қашырады. Ел футболына легионер тарту мәселесін «жаңа Қазақстанда» жаңаша көзқараспен, жаңаша ойлау жүйесімен зерделейтін кез әлдеқашан жетті.
НАМЫС ЕМЕС, ҚАРАЖАТ ҮШІН КҮРЕС
Қазақ елінің еркін күрестен жазғы Олимпиада ойындары, жазғы Азия ойындары, Азия чемпионаты, әлем біріншілігі сынды додаларға апарған балуандарының тізіміне көз салсаңыз, легионерден жүзіңіз сынады. Тіпті осы бір жылдары Ұлттық құраманың негізгі балуандарын қапталдан келгендер қамтығанын да көргенбіз. Олимпиаданың, әлем чемпионатының медалі үшін десек, легионер тартудың пайдасы бар. Ал ұзақ мерзімге, келешекке қызмет етуге келгенде ешқандай шарапатын көрмейміз мұның. Әйтпесе, 2008 жылы Бейжің жазғы Олимпиадасының финалында ресейлік балуанға есе жіберіп, күміс медаль алған, Таймураз Тигиев қайда жүр қазір? Қыруар жалақы алды, Олимпиаданың күміс медалін олжалағаныңа деп ел билігі 150 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы, пәтер сыйлады, басқа да жекелеген демеушілерден киген шен-шекпені мен мінген аты қаншама. Сол Тигиевті кезінде елге әкеліп, Ұлттық құрамаға телу үшін тіпті төбелеске дейін барды деген әңгіме бар. Тигиев те допинг дауына ілігіп, елден кетті. Ұлттық құрамаға енудің сан түрлі жолымен келген Тигиевті өзіміздің балуан Дәулет Шабанбай бірнеше рет елішілік жарыстарда жеңді де. Сонда да келімсекке құлай берілгендер тұлыпқа мөңіреген сиырдай Таймуразға бүйрегі тартып тұрды. Жалпы әлем чемпионатынан жүлде олжалаған еркін күрес балуандарының арасында легионерлер өте көп. Солардың барлығы дерлік ресейліктер. Арасында авары да, шешені де, осетині де, лезгині де, якуты да бар. Өзегіңді өртейтіні – осы балуандардың дені Ресейде, яғни өз елінде жүріп, тек жарыс қарсаңында ғана Қазақстанның ауасын жұтып, суын ішіп, әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары сынды жарыстарға бару үшін жолға жиналатын. Еліміздің құрамасындағы балуандармен бірлесіп оқу-жаттығу жиындарын өткізуге аса құлықты бола қойған жоқ, тіпті қажетсінбеді де. Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың күйінетіні де содан ғой. Қазақстандық балуандар маңдай тері, табанын жуып, барын салып, әзірлік өткізеді, ел біріншілігінде, басқа да іріктеу додаларында оза шабады. Жеме-жемге келгенде бапкерлер құрамына легионерлер «күлшелі бала» болып көрінеді. Дәулет Шабанбай Лондон жазғы Олимпиадасына қатысқанда жасы отызға шыққан балуан еді. Спортта 30 жас дегеніңіз «зейнеткерлік кезең» саналады. Міне, біз ауыр салмақта сырттан легионер шақырып, нәтижеге өршелене ұмтылып, осындай қадамға бардық. Еркін күресте ұлттық құраманың мүшесі болған Мардид Муталимов, Таймураз Тигиев, Леонид Спиридонов, Елмәди Жабрайылов, Магомед Куруглиев, Абиль Ибрагимов сынды келімсек балуандар күресті, нәпақасын тапты, елден кетті. Солардың кейбірінің тіпті қазақ спортына қосқан Олимпиада жүлдесі кейін допинг дауына ілігіп, нәтижесі жойылды.
Бүгінгі таңда қыздар күресіне келген келімсектердің ішінде еңбекті ақтап, елде қалған Гүзель Манюрова ғана. Екі рет Олимпиада медалін олжалаған балуан қыз кейін Ұлттық құраманың бапкері қызметін де атқарды, күрес федерациясында да лауызымды қызметті арқалады
Десе де айтып айтпай не керек, «өзіңнен тумай ұл болмас» қағидасын ұстануымыз керек. Өткенда Астана қаласында өткен грек-рим күресінен жарыста Азамат Дәулетбеков, Санжар Досжанов, Дархан Есенғали, Болат Сақаев сынды сайыпқырандар қалай күресті? Еркін күрестен еңсемізді еңкейтпейміз десек, осындай өзіміздің оғландарды баптайтын бапкерлердің біліктілігін көтеру керек, қажет деп тапсақ, шетелден шақырту керек, жанбағысқа келетіндерді емес, жанкешті еңбек ететіндерді. Мұндай тәжірибені дзюдо спортынан көріп отырмыз. Франциядан білікті бапкерлер келді, қазақтың қыз-жігіттері қандай нәтижеге қол жеткізіп жатыр, көңілің өсіп, көзің тояды.
ТЕМІР КӨТЕРУДЕН ДЕ КЕЛІМСЕКТЕРГЕ ЗӘРУМІЗ БЕ?
Ауыр атлетикадан да еліміздің жазғы Олимпиада ойындарында жеткен жетістігінің басым көпшілігін легионерлер олжалаған медальдар толтырған бір кезде. 2012 жылы өткен Лондон жазғы Олимпиадасындағы бізге келіп жерсінген атлеттердің тау көтергендегі көңіліміз қандай еді. Бөркімізді аспанға ата қуандық. Қалың қытайдың арасынан таңдап жүріп ұлты дүнген Зүлфия Чиншанлоны, Майя Манезаны, Арли Чонтейді, Фархад Харкиді алып келіп жерсіндірдік. Әрине, олардың әлем чемпионаты мен жазғы Олимпиада ойындарында алған алтын медалі қазақ ауыр атлетикасының әлемдік аренадағы беделін нығайтуға салмақ болғаны анық. Бірақ 2012 жылы Лондон жазғы Олимпиадасында алтын алған Зулфия Чиншанлоның да, Майя Манезаның да, Ресейден келген Светлана Подобедованың да алтын медалін антидопинг агенттігі сыпырып алды. Әзербайжандық Ниджат Рахымов «өз елінен сайғақ құрлы пана таппай» бізді қара тұтып келді. Азаматтық бердік, бабын келтіре отырып, бәйгеге қостық. Рио жазғы Олимпиадасында алтын медаль алды. Бірақ кейін оның да қаны мен зәрі таза болмай шықты. Допинг дауы ауыр атлетті де айналып өткен жоқ. Жеткен биігі жарамсыз деп танылды. Біз шетелден легионер тартып, соларды баптап өсіруге құмармыз. Ал өзіміздің таланттар үнемі тасада қалады. Айдар Қазов деген қандай талантты бала өсіп шығып еді қазақ ауыр атлетикасында. Біз айыл-бауын тартып, қуат күшін молайтуға ұмтылғанымыз жоқ. Керісінше, төккен терінің өтеуіне берілген баспанасын тартып алдық қой. Қазов қайрат-күшін сарқа жұмсап, Азия чемпионатында алтын медаль иеленді. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Ерік Сұлтанов Айдардың елдің алдында абыройын аспандатып, екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткен. Кейін спорттық жаттығу жиындарында жүргенде пәтерін әкімдіктегілер қайтарып алды.
P.S. Өз кіндігіңнен өрбіген өз ұланың қымбат па, жоқ әлде шеттен келетін келімсегің күшті ме? Өкініштісі, бұл елдің спортында келімсекке күн қарау әлі де күш алып тұр…
Мұхаммедшах Каюп