Ежелден ата-бабаларымыздан келе жатқан «Ақылына көркі сай» деген халық даналығы текке айтылмаған . Себебі, ажарлы адамның ой-өресі де биік болады. Табиғатынан көрікті, Алла Тағала берген нығметін ақылымен ұштастыра білген қыздан артық сұлулық жоқ. Ақылды арудың өзі де, сөзі де сұлу, ол ылғи да білімге жүгінеді. Қазақ қызы бір ғана ауыз сөзімен ешқандай да қалың тон, жылы көрпе де, тіпті жанып тұрған от та жылыта алмас көңілді жылытады. Бар болғаны бірауыз сөзін айтса болғаны. Бұл – ақылдылықтың белгісі. Ақылды атанған әрбір әйелдің міндеті – әдемі болып, сыпайы, биязы, инабатты, әрдайым өзінің әлсіз жаратылыс екенін, оған арқа сүйер қорған мен қамқорлыққа зәру екенін көрсету. Үйдің берекесін келтіруге тырысу, өз ақылын тек отбасының пайдасына ғана жұмсау. Отбасының берекесі мен тыныштығын, бақытын ойлаған, ерінен бір саты төмен тұруды ақылдылық деп ұққан әйел қауымына сүйсініп қарамау мүмкін емес!
Әйел адамға тән келесі сұлулық – оның сабырында жасырынған. Оның төзімділігі шойындай. Болаттай берік. Тастай түйін. Кез-келген ауыр соққының өзіне шайқалмайды. Сабыр – адам бойындағы асыл қасиет. Адамның ұстамдылығын, инабаттылығын, қаншалықты тәрбие көргенін көрсетеді. Сабырлық ар, ождан, ынсап негізінен құралған. Осы қасиеттер әйел адамның бойында болса, онда ол адам өзін-өзі сыйлайтын, жанындағы адамдарды да сыйлайтын жан. Сыйлы адам болам десеңіз, сабырлы болыңыз, кішіпейіл болыңыз, адамгершілік және мейірімділік қасиеттерін бойыңызға сіңіріңіз. Біреудің жалаң немесе ашулы пікірінен туындайтын сандырақты анау айтарлықтай көңілде термей, бұл қасиеттерді өз бойыңнан іздеген, имандылық қасиеттерін өміріне тамызық еткен әйел неткен сұлу!
Ал әйелдің негізгі оның күлімсіреуі – бұл тас боп қатқан жүректерді жібітіп, мейірімділік орнатады. Әрбір әйел – ақ босағаның аруы, үлкен шаңырақтың береке-құты. Оның мейірбан жүзі, парасат-ақылы, сырбаз мінезі қандай жанды болмасын баурамай қоя алмайды. Шын мәнінде де қыз баласына күліп жүрген жарасады. Күлкі тұрған жерден қайғы-мұң қашады. Жылы жымыю мен күлімсіреуді дарақы күлкімен, қазақ қызына жат қылықпен шатастырып алмаңыз. Шынайы, риясыз күлімсіреу рухани жан тазалығына тікелей байланысты. Жарының тілін тапқан, қадірін білген әйелдің сұлу болмауы мүмкін емес. Жылы жүзімен айналасындағыларға шуақ шашып, жарқыраған күндей болған әйел қауымы – шынайы әдеміліктің үлгісі.
Сымбат Ерболат
Қорқыт ата Университетінің 3 курс студенті