Еліміз егемендігін алған отыз жылдан астам уақытта қазақтың тарихы, оның ішінде хан-сұлтандардың, билер мен батырлардың есімдері қайта жаңғырып өз бағаларын алуда. Ел аузындағы аңыз тұлғалар мұрағат қойнауынан табылып, ақиқатқа айналуда. Алайда, архивтен табыла қоймағандықтан оны толықтыратын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ел аузында сақталған деректер болмақ. Қазақ тарихына зер салсақ, қазіргі кең байтақ өлкемізді, қасиетті жерімізді батыр бабаларымыз ұлы жорықтарда найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, бізге аманаттап қалдырды. Қазіргі тәуелсіздігімізді бағалап таразылағанда қазақ батырлары жасаған тарихи ерлікті қадірлеуіміз керек.
Шежіреге сүйенсек кіші жүз шөмекей торыбай ұрпақтары Қуаңдария, Жаңадария, Майлыөзектің екі бетіне қоныстанып, төрт түлік малдың қамымен жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп-қонып тіршілік еткен. Қыс маусымында Қуаңдария, Жаңадария қойнауын паналаса, жаз айларында Қарақұм, Ырғызбен Торғайға дейін өтіп мекендеген. Демек Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жаңақала ауылының оңтүстігінде Қарақ тауы мен көлдің жағасындағы тарихи ескерткіштер қатарына енген Торыбай, Меней батыр кесенелері ата-бабаларымыздың осы өңірде өмір сүргенін айғақтайды. Ел басына күн туғанда елін, жерін жаудан қорғап ерліктерімен ел жадында қалған қазақ батырларының қатарында кіші жүз шөмекей торыбай аталығынан Көккөз, Қалша, Меней батырлардың да бар екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Бір ғана торыбай аталығынан үш бірдей батырдың шығуы сирек кездесетін құбылыс. Бұл сөзімізді Камаладин Садуақасұлынын «Торыбай шежіресі» атты еңбегіндегі
– Атамыз Көккөз, Қалша, Меңей өтті
Өз елін сырт дұшпаннан қорғап өтті
Тентек Қазантайдан туып Маймақ.
Әлемге әулетінің даңқы жетті –деген өлең жолдары айғақтай түседі.
Тарихи шежірелерге зер сала қарасақ, Жоңғар қалмақтарының қазақтармен соғысы үш жүз жылға созылғанын білеміз. Олар қазақ жеріне аттаныс жасап, ауылдарды шауып қанға бөктірген. Төрт түлік малын айдап кетіп, еркектерін құл, әйелдерін күң еткен. Жас балаларын да қоса алып кетіп жалшы, малай етіп малын бақтырып қойған. Мұндай азапқа көнікпеген қазақтар жан-жақтан бас қосып кек қайтаруға қауымдасады. Өшпенділік өршіп тұрған он сегізінші ғасырдың ішінде қалмақтарға қарай шабуылға аттанады. Жалпы, ХҮІІІ-ші ғасырда өмір сүрген тұлғалар қазақ жерін жоңғар, қалмақ, башқұрттардан қорғап күрессе, ХІХ-шы ғасырда олар орыс, хиуа, қоқан басқыншыларымен отаршылдық саясатқа қарсы ұлт азаттығы қозғалысын ұйымдастырды. Сырт жаулармен күрес кезінде хан сұлтандармен бірге қазақ қоғамындағы беделді әлеуметтік тап-батырлар мен би шешендер, ахун, ишандар да үлкен роль атқарды. Солардың қатарында ХVІІІ-ші ғасырда өмір сүрген Қалша Егізбайұлы ауылын жаудан қорғап, ерлік көрсеткен жау-жүрек батыр болған. Ол барда ауыл халқы жау бар деп жалтақтамай, еркін өмір сүрген. Батыр бабамыз Қызылорда облысы Қармақшы ауданында шамамен 1741 жылы дүниеге келіп, 1814 жылы қайтыс болған. Ақтөбе облысы Ырғыз өңірінде жерленген. («Торыбай шежіресінен»).
Кезінде орыстармен, қалмақтармен соғысқан кіші жүз өмірқұл табын Асау, Барақтың есімдері, ерліктері ел есінде. Сол Барақ батыр және билері Қалшаның даңқын естіп көмекке шақырған деседі. Бұл ұсынысты қабыл алған Қалша ауыл азаматтарынан құрылған аз қолымен жауларын ойсырата жеңіп көзге түскен. Жауларын жеңіп, ел тынышталған соң ерлігіне тәнті болған Барақ Қалшаға туған қарындасын беріпті. Сол Қалшадан дүниеге екі ұл келіп, есімін Барақ, Асау қойған. Бала Барақ есейіп ер жеткен соң қайтпас қайсарлығымен, қайраттылығымен елдің көзіне түскен. Ел арасындағы әңгімелерге қарағанда Қалша батыр өз балаларына қайнағаларының аттарын қоюының өзіндік себебі бар екен. Сол бір жаугершілік заманда көшіп-қонып жүрген қазақ халқы жақын жекжат, бауырларынан көз жазып, қол үзіп қалулары заңды құбылыс болатын. Қалша батыр Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында жұбайымен, балаларымен бірге өмір сүреді. Алайда, ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде батыста Маңғыстау жерінде жаумен шайқасып жорықта жүрген қайнағасы Барақ батырға барудың сәті түспей хабарсыз қалады. Сөйтіп жүргенде жұбайы босанып, бірінен соң бірі екі ұл дүниеге келеді. Хабарсыз кеткен ағаларын сағынып, сарғайған батыр бабамыздың жұбайы бауырларындай ержүрек батыр болсын деген ниетпен өзара келісіп балаларының есімдерін Барақ, Асау қойған деседі.
Барақтың ұрпағы, марқұм Бұқабаев Камаладин Сәдуақасұлының «Неге келдің бұл жаққа?» деген әңгімесінің мазмұны былайша басталады.
«Торыбай Барақ Қалшаұлы Астраханға жылқы айдап, Бұхара, Хиуаға керуен жіберіп тұратын Ырғыз өңіріндегі ауқатты шөмекейлердің бірі болған деседі. Бір жылы Бұхараға керуен тартып бара жатып Қызылқұм шөлінің жиегінде отырған жапандағы жалғыз үйге келіп түседі. Түскен үйдің кісілері жарлы жақыбайлар болса керек. Бұны байқаған Барақ өзінің бір малын сойдырып, қазанға салдырып, қоржынындағы бар дәмін дастарханға төгеді. Шешесі отын теруге, әкесі бірер тұяғын жаюға кеткен үйдің 16 жастағы қызы келген қонақтарды бір өзі жайғап, шай суын береді. Келбеті келіскен, салмақты, тындырымды пысық қызды Барақ ә дегеннен ұнатып қалыпты.
Сол үйде бірер күн аялдаған Барақ аттанарда қызға көңілін білдіріпті. Батыр тұлғалы жігіттің тегін емесін сезген қыз да кетәрі еместігін сездіріпті. Содан не керек, ырғыздықтар қыздың әке-шешесінің келісімін алып, құдаласып келер жылы келіп құда түсу рәсімін жасап қызды алып кететінін айтып аттанады. Әйтсе де уәделескен жылы Барақтан хабар болмайды. Сөйтіп жүргенде 17- ге толған қызға жан-жақтан келіп құда түсушілер көбейе бастайды. Қыз көңілі қалаған жігітін күтіп қамығып жүргенде бір күні Ырғызға бет алған жолаушылар бұлардың үйіне түсіп түстенеді. Сонда қыз қонақтардан Бараққа хат жазып жібереді. Хатты оқыған Барақ қасындағы бірер серігін ертіп ауылдан суыт аттанып кетеді. Сондағы қыздың сәлемі былай екен:
Еліңе барсаң сәлем айт,
Қалша ұлы Бараққа.
Былтыр еккен егіні,
Биыл келді ораққа,
Жинап теріп алмаса,
Кететін болды жыраққа.
Соға алмаса бір айналып,
Неге келді бұл жаққа?
Барақ сол қызға үйленіп, екеуінен біраз ұрпақ тараған. Ал әкесі Қалша батыр туралы деректерді жинақтап толықтыруды алдағы уақыттың еншісіне қалдырамыз. Біздің бар білетініміз “Қызылорда – Ақтөбе” бағытымен Ырғызға жақындағанда асфальт жолдың жиегінде Шөмекей Қалша батырдың белгісі тұрған деседі.
Бұл сөзімізді ХІХ-шы ғасырда өмір сүрген Торыбай атамыз Молжан Көмбісұлының жазып қалдырып кеткен мына өлең жолдары айғақтай түседі.
Бабамыз Қалша батыр жауға шапқан,
Ерлікпен ат үстінде таңдары атқан.
Жоңғар, Қалмақ жауларын ойсыратып,
Ырғыз-Нұра өңірі барға мақтан.
Тау тұлға батыр болған атағы ірі,
Болашаққа жасаған сапар ұлы.
Жаудан айла асырған даналықпен,
Халқының жүрек жұтқан бахадүрі.
Бабамыз Қалша батыр беделді ерім,
Ел мәңгі ардақтайды ер еңбегін.
Мың жылдық мұра болар ғұмыр жасың,
Жүз жылда бір туатын кемеңгерім.
Тарихта тұлға болып дара шығар,
Ырғызға бара қалсаң түсініп ал.
Бабаға тағзым етіп бас иіп өт,
Жол шетінде Қалшаның белгісі бар.
Лайық Қалша батыр атқа нағыз
Ғұмырыңнан таралып жатқан аңыз.
Батырлықпен өткізген өміріңмен
Ұлағатты ұрпағын мақтанамыз.
Қорыта айтқанда ел басына күн туғанда қорғаны болған Қалша Егізбайұлының өмірі, ерліктері кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге. Тарих деген қарапайым тілмен айтқанда ата-бабамыздың өмірбаяны, басынан кешкен тарихи әлеуметтік оқиғалары. Сондықтан біздің міндетіміз тарихымызды түгендеп, тұлғаларымыздың ұлы істерін, ерліктерін дәріптеп жеткізу болмақ. Сонымен қатар Қызылорда, Маңғыстау өңірінде өмір сүріп жатқан кіші жүз табын асау-барақтың ұрпақтары туған жиені Барақ пен Қалша батыр және оның жұбайы туралы тың деректер айтып толықтыра түссе құба-құп.
Қаржау Ізбасаров
кәсіпкер, батырдың ұрпағы