Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапары кезінде 80 отбасыға баспана кілтін табыстау рәсіміне қатысып, тұрғындарды құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Егемен елімізді одан әрі дамыту – алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады» деген болатын.
Баспананы қолжетімді ету – Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан жүзеге асырылатын басты стратегиялық жоспарлардың бірі. Жыл сайын аймақта қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі артып келеді. Биыл 4170 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 2500-ге жуық пәтер өз иелеріне табысталып, 11 мыңнан астам жерлесіміз жайлы үйге қоныстанды. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1000-нан астам пәтер сатып алынуда. Бұған дейін Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш аудандарында 300-ден астам отбасы баспана қуанышына кенелді. Бүгін Сырдарияда 80 отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі», – деді аймақ басшысы.
Рәсімде Қызылорда қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев пен мәдениет саласының ардагері Сандыбай Сәдуақасов баспана кілтін алған тұрғындарды құттықтап, бата берді. Сондай-ақ, үй құрылысын салуға атсалысқан жеке кәсіпкерлер және кенттің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Жаңадан салынған 40 үйдің әрқайсысында 2 пәтерден бар. Пәтерлердің жалпы алаңы 65 шаршы метр, құрылысы биыл мамыр айында басталған болатын.
Айта кетейік, биыл аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде, Сырдария ауданының бюджеті 11 млрд. теңгеден асты. Бұл ауқымды қаражат аудандағы кезек күттірмейтін түйткілдерді шешуге, тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен 38,5 млрд теңге бөлініп, 671 шақырым жол жөндеуден өтті. Осылайша облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 87,5 пайызға жетті. Сырдария ауданындағы 72 шақырым жолды жөндеуге 3,4 млрд. теңге бөлінді. Келесі жылы сапалы жолдардың үлесі 92 пайызға жетеді.
Биыл 12 ауылдық елді мекенге газ кіргізілсе, келер жылға қаралған 4 млрд. теңгеге тағы 12 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтылмақ. Оның ішінде, 962 млн. теңгеге Сырдария ауданының Сәкен Сейфуллин және Асқар Тоқмағамбетов ауылдық округтеріне газ тарту жұмыстары басталды.