Таяу Шығыста тыныштық орнамайтынға ұқсайды. Кек қуған көршілер бірін-бірі аяйтын түрі жоқ.

Газа секторын әбден талқандап болған Израиль енді әскерін елдің теріскей жағына, Ливан шекарасына қарай шоғырландырып жатыр. Пейджер мен рациялар жарылып, алғышарттары жасалып қойса да екі ел ашық соғысқа кірісе қоймады.

Таяу Шығыстағы қазіргі соғыстарға кінәліні іздеудің қажеті жоқ. Таппайсыз. Тарихына дендеп кірем десеңіз, шытырманда адасып, қай сүрлеуге түскеніңізді өзіңіз білмей, тұмсығыңыз тасқа тиіп, уақытыңыз бен қажыр-қайратыңызды зая қыласыз. Қарапайым адамдарды қойып, сонау мың жылдықтарға ой жүгірткен сұңғыла тарихшылардың өзін қажытқан сапар – бұл. Кейбірі еврей жұртын айыпты қылады. Кейбірі ағаттықты өзара басы бірікпейтін араб тайпаларынан көреді. Тағы бір тарап өткен ғасырдың алғашқы ширегінде басынан бағы тайған батыс империяларының ыдырауы кезіндегі кінәрат деп біледі. Анығы – араб-еврей түбі туыс халықтар. Солай бола тұра бақталастықтары да сандаған ғасыр бұрын басталған. Сенетін діндерінде де бірін-бірі ашық дұшпан етіп көрсетіп қойған. Олардың арасындағы бүгінгі жүріп жатқан соғыс есте жоқ ескі заманнан бері жағаласып келе жатқан сол бақталастықтың бір парасы ғана. Бұған дейін де бірінің қанын бірі аямай төккен бұлар алдағы уақытта да осы ұстанымдарынан бас тарта қоюы екіталай.

Израиль мен Ливан арасында жаңа дәуірдегі кезекті соғыстың оты тұтанып келеді. Дәлірек айтқанда, тұтанып, жанып қойған от алапат өртке ұласудың аз-ақ алдында. Тағы да жүз мыңдаған бала-шаға, қатын-қалаш жер ауып, ел кезіп, босып кеткелі тұр. Былтыр қарашадағы шабуылдан соң кек қуған Израиль іргедегі Газа секторын аямай бомбалап, халқын тоздырып жіберді. Қазір бұл аумақта еврейдің әскеріне қарсы тұрар күш қалмады. ХАМАС содырлары жасырынған әрбір көшені, қуыс-тесікті, шұңқырлар мен жерасты жолдарын түгел сүзіп шықты. Бұған дейін 20-30 мың сарбазы бары айтылған ХАМАС-тан бүгін әл кеткен. Бас көтерерінің көбі өліп, бұрынғыдай емес, ғаламторда да үні құмығып шығатын болған.

Негізгі мақсаты – содырлардың көзін түгел жойып, іргедегі жауды біржола жуасытып алғысы келген Израиль билігі ендігі кезекте «Хезболла» ұйымымен шайқаспақ. Өйткені ХАМАС сынды «Хезболла» да Израиль халқына жау. Газада былтыр басталған соғысқа дейін де, кейін де «Хезболла» солтүстіктен жиі зымыран атып, еврейлердің мазасын алған. Тель-Авив қазіргі қарқынмен осы жақтағы дұшпанды да біржақты етуді қалайтынын байқатты. Қатарынан екі күн пейджерлер мен рациялардың жарылысынан соң 19-ы қыркүйек күні Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант «соғыстың жаңа кезеңіне аяқ бастық» деп мәлімдеуі осының дәлелі. Өткен жұмадан бастап Израиль әуе күштері Ливан астанасы Бейрут қаласын жиі-жиі бомбалады. «Хезболла» ұйымының кемі екі маңызды адамының өлгені мәлім болды. Бірі – әскери операцияларға жауапты Ибраһим Акиль, екіншісі – Ахмет Вахди атты жоғары шенді командир. Акиль – жаһанға ертеден танымал террорист. Ол 1983 жылы Бейрутте 60-тан астам көз жұмған АҚШ елшілігіне шабуылды ұйымдастырушының бірі. АҚШ билігі оның басына былтыр 7 миллион доллар тіккен. Бұлармен қатар жарылыстан жапа шеккен қарапайым адамдар да аз емес. Ливан денсаулық сақтау министрлігінің сенбі күнгі дерегінше, бомбалаудан 31 бейбіт тұрғын мерт болған. Үшеуі бала. Жексенбі күнгі ақпаратта қаза тапқандардың саны 45-ке жеткені айтылды. «Хезболла» да қарап қалмаған. 22 қыркүйек, жексенбі күні Израиль аумағына 115 зымыран атқан. Израиль қорғаныс министрлігі зымырандардың бәрін көздеген нысандарға жеткізбей қағып тастағанын, қаза тапқан ешкім жоғын мәлімдеді.

ПЕЙДЖЕР мен РАЦИЯЛАРДЫҢ ЖАРЫЛЫСЫ

Пейджер деген байланыс құралы болғанын оны қолына ұстап көрмеген қазіргі Iphone мен Samsung заманының жастары біле бермейді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасы мен жаңа ғасырдың басында қолы жеткен ғана ұстаған сол бір құрылғы бүгінде көненің көзіндей, тарих қойнауына кеткелі қашан. Телефон сияқты күн ұзақ сөйлесуге арналмаған, қарапайым хат-хабар алмасуға ғана қолданатын пейджер бүгінгі ұрпаққа өте бір ебедейсіз, іш пыстырар шиқылдаған бірдеңе ғана боп көрінер еді. Алайда оны смартфоннан артық қоятындар әлі бар көрінеді. Ливандағы «Хезболла» ұйымының мүшелері өзара осы құрылғы арқылы байланысатын боп шықты. Оған басты себеп қазіргі телефондарды тыңдау, аңду оңай. Батыс пен Израильдің құпия қызметі «Хезболланың» талай көсемінің түбіне сол телефондары арқылы жеткен. Өзге ұйымдардың террористерін де солай тұқыртқан. Мәселен, АҚШ Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) Ауғанстандағы атақты содыр Усама Бен-Ладеннің жасырынған жерін екі жыл қатарынан көмекшісінің телефонын тыңдау арқылы анықтағаны белгілі. Бұны «Хезболла» да көріп, біліп отыр. Сол себепті ұйым жетекшісі марқұм Хасан Насралла қол астындағы адамдарының бәріне телефоннан бас тартуға бұйырған. Бұл бұйрықты Израиль құпия қызметі сәтті пайдаланған дейді Reuters агенттігіне сұхбат берген құпия тыңшы. Америкалық The New York Times газетінің жазуынша, Израиль бұл операцияны іске асыруға кемі 2 жыл дайындалған. Ол үшін Венгрия астанасы Будапеште әлдебір кәсіпкердің атына BAC Cunsulting деген алып-сатар компания тіркеп, пейджер өндіретін Тайванның Gold Apollo деген кәсіпорнымен байланыс орнатқан. «Хезболла» адамдары байланыс құрылғыларды венгерлік компаниядан алып отырған. Reuters агенттігі «Хезболла» соңғы рет пейджерлер мен рацияның бір партиясын шамамен бес ай бұрын алғанын жазады. Жарылғыш заттар осы партиямен жетті ме, жоқ одан бұрын келген құрылғыларда болды ма, әзірге анық емес.

Алдымен Ливан аумағында 17 қыркүйек күні пейджерлердің жаппай жарыла бастағаны туралы ақпарат тарады. Бір ғана қалада емес, тұтас ел аумағында сондай оқиға көптеп тіркелген. Кемі 2-3 мың адам жараланып, ауруханаларға адам сыймай қалған. Катар елінің Al-Jazeera телеарнасына Бейрут емханасынан тікелей қосылып сөйлеген дәрігер жаралылардың көбі саусақтарынан айырылып, тағы біразының көзі ағып кеткенін айтты. Қисынға салсаңыз, адамдардың бұлай жарақат алуы заңды да. Америкалық CNN арнасы журналистерінің айтуынша, жарылыстардан бірер секунд бұрын пейджері бар адамдарға «Хезболла» басшыларынан хабар келіп түскен. Хабарды оқу үшін құрылғыны қолына алып, көзіне жақындатқан сәтте жарылыс болған. Дәрігерлердің сөзінше, кейбір адамның ішек-қарны ақтарылып қалған. Бұл ондай адамдардың пейджерді белдігіне байлап жүретінін, хабарламаны сол заматта оқып үлгермегенін білдірсе керек. Қаза тапқандардың арасында Ливан парламентінде «Хезболла» партиясының атынан мандат алған бір депутаттың баласы да бар.

«Хезболлаға» құрылған қақпан бұл ғана емес екен. 18 қыркүйек, сәрсенбі күні енді рациялар жарыла бастады. Мұнда да жүздеген адам жараланып, ондағаны көз жұмды. Әдетте әскерилер болмаса, қарапайым адамдарға рация қол емес. Екінші күнгі жарылыстардан көбіне «Хезболланың» командирлері зардап шеккен. BBC агенттігі рациялардың жапониялық компанияға тиесілі екенін, бірақ бұл модельдің өндірісі осыдан 10 жыл бұрын ресми түрде тоқтатылса да, интернетте әлі сатылып жатқанын анықтаған. Сатушылардың басым бөлігі жапондар емес, қытайлық алып-сатарлар боп шыққан. Агенттікке сұхбат берген жапониялық компания өкілі қазір саудада жүрген рациялардың оригинал емесін, жапониялық сауда брендін заңсыз пайдаланған Қытайдың сапасыз, арзанқол дүниелері екенін айтқан.

Қатарынан екі күн жарылып, әлемді шулатқан бұл оқиғаға Израиль президенті Ысқақ Герцог «біздің қатысымыз жоқ, «Хезболланың» бізден басқа да дұшпандары көп» деп мәлімдеді. Бірақ елдің «Моссад» құпия қызметі ештеңе демеді. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху да жарылыстарды Израиль билігімен байланыстырып жатқан Батыс баспасөзінің ақпаратын жоққа шығармады.

ЛИВАН ҚАНДАЙ ЕЛ?

Ливан – Израильдің солтүстіктегі көршісі. Оның арқа тұсында Сирия, одан ары Иран тұр. Ашық деректерге қарағанда Ливан халқының саны 8,6 миллионға жуықтайды. Кейбір көрсеткіштерде бұдан әлдеқайда аз, 6 миллион деп жазғандар да жиі кездеседі. Халқының 95 пайызы араб. Бірақ бәрі мұсылман емес. Дін жағына келгенде нағыз қырықпышақ ел. Мұнда мұсылмандардың саны басым. Екінші орында христиандар. Бірақ ислам дінін ұстанатындарының өзі суннит және шиит болып ең үлкен екі лагерьге бөлінген. Мемлекетті басқару құрылымы осы көп конфессияға негізделген және оны конституцияға ресми түрде енгізіп қойған. Мәселен, елдің президенті христиан болуға тиіс. Премьер-министр – суннит, парламент спикері – шиит. Бұл үшеуінен төмен лауазымдарда өзге діни ағымдардың өкілдері аз емес.

Ливан конституция бойынша парламенттік республика. 128 депутаттың тең жартысы ислам дінін ұстанатын, тең жартысы христиан дініндегі адамдар. Парламент бюджетті бекітеді, жоғарғы соттың судьяларын тағайындайды. Үкімет атқарушы билік, ал президент елдің сыртқы саясатына жауап береді. Президент үкімет құрамындағы министрлерді ауыстыра алады. Тіпті парламентті таратып жіберіп, кезектен тыс сайлауға да құзыретті. Алайда оны осы лауазымға парламент таңдайды және парламент сенімсіздік жариялау арқылы президентті орнынан алып тастауға құқылы. Ол үшін депутаттардың үштен екісі қолдаса жеткілікті.

«ХЕЗБОЛЛА» ДЕГЕН КІМДЕР?

«Хезболла» – (араб тілінен аударғанда «Алланың партиясы» дегенді білдіреді) осыдан қырық жыл бұрын 1980 жылдары елдегі азаматтық соғыс кезінде пайда болған саяси партия, әрі әскери күш. Ливан парламентінде шииттерге берілген орынның көбі осы ұйымның адамдарына тиесілі. Сүйенері – Иран. Қаржыны да, қару-жарақты да оларға Иран береді. АҚШ мемлекеттік департаментінің деректерінде Иранның бұл ұйымға жыл сайын 700-800 миллион долларға жуық қаражат бөлетіні айтылған. «Хезболла» ұйымында мұздай қаруланған 30-50 мың сарбаз бар делінеді. Ұйымның жетекшісі марқұм Хасан Насралла бір сөзінде әскердің саны 100 мың екенін айтқан.

«Хезболла» Израильді ата жау санайды және ондай ел болмауға тиіс деп біледі. Осы мақсатта Израильді ашық қолдайтын елдерде түрлі жарылыс ұйымдастырып, жиһад жасайды. 1983 жылы Ливан астанасы Бейрут қаласында орналасқан АҚШ елшілігі ғимаратында жарылыс болып, 63 адам қаза тапқан. Америкалықтар бұл істің артында «Хезболла» тұрғанына сенімді. Дәл сол жылы «Хезболла» содырлары Бейрут қаласындағы АҚШ пен Франция әскерилері орналасқан казармада жарылыс ұйымдастырып, 300- ге жуық адамды өлтірген. Аргентинада, Германияда да терракт жасаған. Жүздеген жолаушысы бар ұшақтарды басып алу, адам көп шоғырланған орындарды жарып жіберу «Хезболла» үшін әдеттегі шаруа. Сол себепті АҚШ, Канада бастап батыс елдерінің көбі «Хезболланы» террористік ұйым деп таныған.

Батыс елдерінің барлаушылары Исламның шиит және сунниттік бағытын ұстанатын ұйымдар болса да соңғы жылдары «Хезболла» мен ХАМАС-тың ымы-жымы бірігіп кеткен деп есептейді. «Жауымның дұшпаны – менің досым» дейтін әйгілі тәмсіл тағы бір мәрте өміршеңдігін дәлелдегендей. Әйтпесе, әлімсақтан басы бірікпейтін сунниттер мен шииттер діни алауыздықтарын ұмыта қойды дегенге ешкім сенбейді. Дәл қазіргі кезде оларға бір-бірінен де зор, қуатты ортақ дұшпан бар. Оның аты – Израиль. Израильге қарсы соңғы соғыста хамастықтарды зымыран, қару-жарақпен қамтыған өзге емес, осы «Хезболла» дейтін дерек аз емес. Әрине, ХАМАС-ты «Хезболла» арқылы ашық түрде Иран қолдайды. Жасырын түрде Сирия мен Ресейдің де дем беріп отыруы мүмкін.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған