Көне дәуірлерден бері ел басқарып отырған адамдардың өміріне қауіп төндірген сәттер мен жасалған қастандықтар аз болмапты. Біздің дәуірімізге дейінгі 353 жылдары Карияны билеген Мавзолей патшадан басталатын қастандық тарихы күні кеше Түркістан облысында Тоқаевтың да өміріне қауіп төне сақтады делінетін хабарға дейін толассыз жүріп келе жатыр.

Әлемді уысында ұстаған ғұндардың шаньюйлары, үйсіндердің күнбилері, қытай императорлары, Ватикан папалары, Еуропа корольдарының, қазақ хандарының ішінде де қастандықпен өлтірілгендері аз емес. Бәрі тақ үшін таластан басталған.

Қазіргі заман президенттерінің де өміріне қауіп төнсе, билігі үшін төнеді. Біз бүгін кейбір оқиғаларға қысқаша тоқталдық. Бір қызығы – кей «жасалмақ болды» делінетін қастандықтар миф үшін ойдан шығарылғандай әсер береді. Әсіресе сайлау алдында бұндай оқиғалар жиі айтылады екен.

Біздің елде биыл сайлау болмаса да, 6-ы қазан күні – референдум екені еске түсті.

КОРТЕЖ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАРУ

Қыркүйек айында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Сонда президент кортежінің жолына белгісіз біреулер қару-жарақ қойып кеткені айтылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қару-жарақ маршрутты тексеру барысында ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметкерлерінің күшімен анықталған. Тоқаевтың өміріне қастандық ойлағандар болыпты. Қазір тексеру жүріп жатыр екен.

Бұған дейін 2022 жылдың наурызында Тоқаев өміріне қастандық ойластырған делінетін Аян Атығаев деген азамат ұсталып, қыркүйекте жабық соты өтіп, 17 жыл бас бостандығынан айырылған болатын. Шетелдің барлау қызметінің агенті делінетін азаматты израильдік және британдық барлау қызметімен байланыстырып жатты.

ЕЛ НАНБАҒАН ҚАСТАНДЫҚТАР

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жасалмақ болған қастандықтардың тарихы 2001 жылдан басталады. Осы жылдың 20 қарашасында ол уақытта Премьер-министр қызметінде болған Қасым-Жомарт Тоқаев: «Соңғы үш айда ел президентіне үш қастандық жасалмақ болды. Бірақ ол халыққа айтылған жоқ» деген. Бұл хабарға сол кезде елеңдеген ешкім болмапты. Ешқандай ресми орган да, Назарбаевтың өзі де бұл ақпаратты не растап, не терістемеген. Бірақ Назарбаевтың күзеті күшейтіліп, оққағарлардың саны көбейген.

Сол кезде билікті бір қолға жинап, авторитарлық жүйе орнатқан Назарбаевтың өміріне қауіп төндіретін ешкім жоқтай көрінеді. Бірақ көп өтпей, 2002 жылдың қаңтарында, кейін істі болған Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің сол кездегі төрағасы Нартай Дүтбаев: «ҰҚК қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаевқа дайындалған қастандықтың алдын алды» деген. Ол кезде де лаңкестер шетелде жаттыққан болып шықты. Осы жылы сәуір айында Назарбаевтың көлігі өтетін жолдан жырылған механизмі бар сағат табылып, бұл да Әбішұлының өміріне қауіп төндіретін әрекет болуы мүмкін деген болжам айтылды. Бұл сөздерді көпшілік қауесет күйінде ғана қабылдап, назар аударған жоқ.

2006 жылы АҚШ елшілігінің қызметкері Ли Генри Ричард Назарбаевтың кортежіне қарай, көлігін айдап, бір күзетшіні қаққан. Кейін Ричарды қуалап жүріп әрең ұстаған. Бұл да президентке қарсы ойластырылған қастандық деп бағаланды.

2012 жылы Үшқоңыр жұрты Назарбаев туған жеріне келеді деп дайындалып жатты. Сол кезде Таусамалы ауылында бір үйде жарылыс болып, 9 адам өлді. Бұлар да президент өтетін жолға жақын үйде болғандықтан, қастандық ойластыруы мүмкін деді Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті.

Ал 2013 жылы Астанада алты адам ұсталып, лаңкес екені анықталып, олар да президентке қастандық жасамақ болған деп айыпталып, сотталып кетті.

Назарбаевқа жасалмақ болған бұдан да өзге қастандықтар болуы мүмкін. Бірақ экс-президент бұлардың бәрінен сау өтіп, билігін Тоқаевқа аман-есен тапсырып кетті.

ТРАМПТЫҢ ОҚ ЖЫРҒАН ҚҰЛАҒЫ

Биыл 13 шілде күні Пенсильвания штатындағы Батлар қаласында АҚШ президенттігіне қайта үміткер болып отырған Дональд Трампқа оқ атылды. Сайлау алдындағы митингке келгендердің бірі қаза тапты. Екеуі жарақат алған.

Митинг кезінен тараған видеоны қарасаңыз, екі-үш мәрте атылған оқтың даусы естіледі. Трамп құлағын ұстап, жата қалады. Сол кезде құпия қызметтің өкілдері Трамптың үстін денелерімен жаба бастайды. Ол оқиғаны саяси қысым деп бағалаған АҚШ билігі қылмыскерді байқамай қалған құпия күзет қызметін сынады.

Құқық қорғау қызметкерлері қылмыс жасалған орыннан AR типіндегі винтовка тапқан. 2010 жылдан бері бұл қару бейбіт халыққа оқ жаудырған террактілік актілерде қолданылып келеді. АҚШ-тың құпия қызметі Трампқа оқ атқан адамның өлтірілгенін хабарлады. Және ол 20 жастағы Томас Крук деген америкалық азамат екені де анықталды.

15-і қыркүйек күні Трамптың өміріне екінші рет қауіп төнген. Бұл жолы Флорида штатында. Сайлауалды компаниясының шаралары арасында гольф клубта демалып жүрген Дональдқа біреу оқ атпақ болады. Бірақ бұл жолы қылмыскер мылтығын қолына алып та үлгермеген. Құпия күзет қызметкерлері қаны бұзықты құрықтап үлгереді. Қылмыс орнынан Калашников автоматы табылған. Трампты өлтірмек болған Солтүстік Каролина штатының 58 жастағы тұрғыны Райан Уэсли Раут екені де анықталды.

ЕРДОҒАН КӨРГЕН ҚАРСЫЛЫҚ

2014 жылы президент сайлауында жеңіске жеткен Режеп Тайып Ердоған Түркия билігіндегі орнын нығайта бастады. Оған билікке келе салып, авторитаризмді күшейтіп, бар билікті қолына алып, диктатор болуға айналды деген айыптар тағыла бастады.

2016 жылы 15-16 шілдеде Түркияның әскери күші мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды. Бірақ сәтсіз аяқталды. Ердоған бұл іске АҚШ-та жатқан бұрынғы жақтасы Гүленді айыптады. Содан кейін Гүленнің бүкіл жақтастарын қысымға алып, соттай бастайды. Ал төңкеріс кезінде Ердоғанның өз басына да қауіп төнеді. Екі күзетшісін өлім құшты. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 238 адам қаза тауып, 3 мыңнан астам адам әртүрлі жарақат алған.

2021 жылы да Сиирт қаласына өзінің жақтастарымен кездесу кезінде Ердоған барған ғимараттан жарылғыш зат табылады. Полиция бомбаны өз уақытында тауып, Ердоғанды ажалдан алып қалды делінеді.

АБЭНІҢ ТАҒДЫРЫ

2022 жылы Жапонияның екі рет премьер-министрі болған Синдзо Абэ қастандықпен өлтірілді. 8 шілде күні Нара қаласына сайлауалды кампанияның шараларымен келген болатын. Көшеде халықпен кездесуінде сөйлеп тұрған Абэге екі рет оқ атылып, саясаткер ес-түссіз қалады. Дереу жақын маңдағы ауруханаға жеткізіледі. Көп қан жоғалтқан Абэ бес сағаттан соң көз жұмады. Полиция оқ атқан адамды ұстап алады. Ол бұрын Жапонияның теңіз флотында қызмет еткен Тэнцуя Ямагами деген азамат еді.

Ямагами өзінің оқ атуын Синдзоға деген жеке басының жек көрініші болғандықтан деп түсіндіреді. Бірақ кейін мақсаты – Абэні емес, басқа саясаткерді өлтіру болғанын айтқан.

Абэмен қоштасу 12 шілдеде Токио қаласында Дэодзэ-дзи ғибадатханасында өтеді. 27 шілдеде мемлекеттік деңгейде құрмет көрсетіп, жер қойнына тапсырады. Ол – Есида Сигэрудан кейін үлкен құрметпен жерленген екінші премьер-министр еді.

Мұхаммедшах Маратұлы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған