Бүгін Қызылорда қаласындағы Достық үйінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың Сыр өңірінің ардагерлерімен кездесуі өтті. Алдымен Әбілғазы Құсайынов ғимаратта орналасқан облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің жұмыс кабинеттерімен танысып, кеңестердің қызмет бағыттары мен атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат алды. «Ұлттық құндылықтар сабақтастығы – ел болашағының негізі» тақырыбын арқау еткен тағылымды жүздесуге зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйым мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Басқосуды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жүргізді.Кездесудің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайту, аға буынның мол тәжірибесін кейінгі толқынға жеткізу және ардагерлер ұйымдарының қоғамдық өмірдегі орнын айқындау.

Алқалы жиында сөз алған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов ардагерлер қозғалысының қазіргі тыныс-тіршілігіне тоқталып, ұйымның негізгі мақсат-міндеттері мен алдағы жұмыс бағыттарын баяндады. Бұдан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Уалихан Ибраев Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басымдықтардың мәні мен тарихи маңызына тоқталды. Жиында Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан ардагер, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Сырдария және Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы Әнуарбек Қалтаев сөз сөйлеп, өңір тарихы мен тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер жөніндегі пайымды пікірлерін ортаға салды. Ол елдің өсіп-өркендеу жолындағы аға буынның еңбегі мен кейінгі ұрпаққа жүктелер аманаттың салмағына тоқталды.

Сондай-ақ «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Қазақстан Республикасының балық шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері, Қазалы, Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, республикалық «Жалаңтөс Баһадүр» қорының президенті Нажмадин Мұсабаев тарихи жадыны жаңғырту, ұлттық мұраны сақтау және елдік дәстүрді ұлықтау мәселелеріне қатысты ой-толғамдарын жеткізді.

Басқосу барысында ардагерлер институтының қоғамдық келісімді нығайтудағы, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңірудегі және ұлттық тәрбие құндылықтарын орнықтырудағы маңызы кеңінен талқыланды. Қатысушылар аға буынның өмірлік тәжірибесін ел игілігіне пайдалану, тарихи танымды тереңдету және рухани мұраны дәріптеу бағытындағы жұмыстардың жүйелі жалғасу қажеттігін атап өтті.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған