8 қарашада Қазақстанда Статистика саласы қызметкерлерінің күні атап өтіледі. 2026 жылы сала өзінің 106 жылдығын атап өтіп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Осы уақыт ішінде статистика қағаз есептіліктер мен қолмен есеп жүргізуден цифрлық платформаларға, жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауға дейінгі даму жолынан өтті. Бүгінде ол елдегі экономикалық және әлеуметтік үдерістерді зерделеудің маңызды құралына айналды.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылында Ұлттық статистика бюросы деректерді жинау мен өңдеуді жеделдетуге, статистикалық ақпараттың қолжетімділігін арттыруға бағытталған цифрлық технологияларды енгізуді жалғастыруда.

Негізгі нәтижелер қатарында «Е-Статистика» жүйесін жаңғырту, Респондент кабинетін жаңарту, «Ұлттық анықтамалық ақпарат» цифрлық сервисін құру, сондай-ақ AI Taldau интеллектуалды көмекшісімен толықтырылған «Талдау» платформасының жаңа нұсқасын іске қосу бар. Сонымен қатар үлкен деректерді пайдалану аясы кеңейіп келеді. Бүгінде бастапқы статистикалық деректердің 97%-ы электрондық форматта түседі, ал кәсіпорындар мен ұйымдарға түсетін есептілік жүктемесі 30%-ға қысқарды.

Негізгі жобалардың бірі – «Е-Статистика» интеграцияланған жүйесін жаңғырту. Ол статистикалық жұмыстың барлық кезеңін – жоспарлау мен ақпарат жинаудан бастап, оны өңдеуге дейінгі процестерді біріктіреді. Жұмыс процестері автоматтандырылып, бірыңғай күнтізбе бойынша жүзеге асырылады. Бұл қолмен орындалатын операцияларды азайтуға, қателер ықтималдығын төмендетуге және нәтижелерді алу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар статистикалық есептілікті тапсыру рәсімі де жеңілдетілді. Жаңартылған Респондент кабинеті пайдаланушылар үшін бұрынғыдан қарағанда қолайлы бола түсті. Кәсіпорындар мен ұйымдар статистикалық нысандарды жылдам толтырып, жолдай алады. Көптеген операция енді бірнеше рет басу арқылы орындалады.

Мемлекеттік органдар арасындағы деректер алмасуды дамыту мақсатында Бюро «Ұлттық анықтамалық ақпарат» цифрлық сервисін әзірледі. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бірыңғай анықтамалықтар мен жіктеуіштерді пайдалануды қамтамасыз етеді. Соның арқасында мемлекеттік органдар өзара салыстыруға келетін мәліметтермен алмасып, бұрыннан бар ақпаратты қайта жинамай-ақ пайдалана алады.

Бүгінде ресми статистиканы қалыптастыру кезінде 36 әкімшілік және 4 баламалы дереккөздің мәліметтері пайдаланылады. Бұл қажетті ақпаратты қолданыстағы ақпараттық жүйелерден алуға және қосымша есептілікке деген қажеттілікті азайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа технологиялар статистикалық ақпарат алу тәсілдерін де өзгертуде. Күнделікті сауда-саттық пен сапарлар барысында қалыптасатын деректер экономикалық және әлеуметтік үдерістерді зерттеудің қосымша көзіне айналып отыр. Олар дәстүрлі статистикалық байқауларды толықтырып, болып жатқан өзгерістердің неғұрлым толық көрінісін алуға мүмкіндік береді.

Соның бір мысалы – тұтыну бағалары индексін есептеу кезінде фискалдық чектердің деректерін пайдалану. Фискалдық деректердің жалпы көлемі 290 тауар тобы бойынша 8,3 млрд жазбаны құрайды. Жүйе 36,9 млн баға жазбасын өңдейді. Оның ішінде тұтыну бағалары индексін есептеу үшін 14,8 мың сауда нүктесінен алынған шамамен 2 млн баға пайдаланылады. 2026 жылғы қаңтардан бастап фискалдық чектердің деректері 120 тауардың бағасын есептеу кезінде қолданылады. Жасанды интеллект тауарларды автоматты түрде жіктеуге және үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеуді жеделдетуге көмектеседі.

Туризм статистикасында мобильді позициялау технологиялары арқылы алынған иесіздендірілген деректер пайдаланылады. Олар туристік ағындарды бағалауға, танымал бағыттарды, саяхатшылардың болу ұзақтығын және туристік белсенділіктің маусымдық өзгерістерін анықтауға көмектеседі. Бұл дәстүрлі байқау әдістерін толықтырып, еліміздің өңірлеріндегі туристік белсенділікті дәлірек бағалауға мүмкіндік береді.

Ақпаратты жинау мен өңдеу тәсілдерін жетілдірумен қатар, Бюро оны пайдаланушыларға арналған сервистерді де дамытып келеді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – «Талдау» ақпараттық-талдамалық жүйесінің жаңа нұсқасын іске қосу. Енді бір платформаның көмегімен статистикалық көрсеткіштерді іздеуге, өңірлер мен кезеңдер бойынша деректерді салыстыруға, графиктер мен карталар құруға, талдамалық панельдер әзірлеуге және ақпаратты әртүрлі форматта жүктеп алуға болады.

Басты жаңашылдық – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін AI Taldau интеллектуалды көмекшісі. Қажетті ақпаратты іздеу үшін пайдаланушыға сұрағын қарапайым тілде жазу жеткілікті. AI Taldau деректерді табуға, оларды кестелер мен графиктер түрінде ұсынуға, көрсеткіштерді салыстыруға және талдамалық материалдар дайындауға көмектеседі. Сонымен бірге пайдаланушылар ақпарат көздерін тексеріп, есептеу әдіснамасымен таныса алады.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев атап өткендей: «Цифрлық трансформация дәуірінде статистикалық өндірістің философиясы да өзгеруде. Жасанды интеллект технологияларын енгізу мен процестерді автоматтандыру, сондай-ақ деректердің жаңа көздерін пайдалану ведомствоға респонденттермен өзара іс-қимылды оңтайландыруға, олардың жүктемесін барынша азайтуға, сонымен қатар пайдаланушыларды ресми статистикалық ақпаратпен жедел әрі жоғары сенімділік деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

Статистиканы цифрландыру Қазақстанда деректер экономикасын қалыптастырудың ауқымды процесінің бір бөлігі болып табылады. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – деректер айналымын, IT өнімдерін әзірлеуді және ақпарат алмасу платформаларының жұмысын заңнамалық тұрғыдан реттейтін Цифрлық кодекстің қабылдануы. Осы бағытты дамыту және тәжірибе алмасу аясында Бюро 2024 жылдан бастап Қытай Ұлттық статистика бюросымен және Шанхай деректер биржасымен белсенді ынтымақтастық орнатып келеді.

Жасанды интеллект Бюроның басқа да сервистерінде қолданылады. AI Stat интерактивті көмекшісі ресми сайттан ақпарат іздеуді жеңілдетеді. Статистикалық бизнес-тіркелім деректері негізінде әзірленген талдамалық чат-бот Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен жеке кәсіпкерлер туралы мәліметтерді диалог форматында алуға мүмкіндік береді. Ал 2025 жылғы ауыл шаруашылығы санағы кезінде Sanaq Myrza чат-боты қатысушылардың сұрақтарына жауап беруге көмектесті.

Келесі кезең – жасанды интеллектіні тікелей статистикалық жұмыста кеңінен қолдану. Басым бағыттардың қатарында қателер мен ауытқуларды автоматты түрде анықтау, деректерді тексеру және жіктеу, сондай-ақ талдамалық материалдар дайындау бар. Бұл мамандарға күнделікті қайталанатын жұмыстарға аз уақыт жұмсап, нәтижелерді талдауға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Цифрлық трансформация құралдарды ғана емес, статистикамен жұмыс істеу тәсілін де өзгертуде. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – бизнес үшін есептілік жүктемесін азайтып, мемлекет пен қоғам үшін сапалы, өзекті әрі қолжетімді деректер көлемін арттыру.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған