GEOSTATISTICA жобасы жариялаған рейтингте республика алтыншы орынға тұрақтады.Қазіргі уақытта елімізде деградацияға ұшыраған шамамен 330 мың гектар көл, өзен және сулы-батпақты алқапты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қуаң далалы аймаққа жататын Қазақстан үшін әрбір су айдынының маңызы зор.

Рейтинг көшбасшылары

Бірінші орынды айтарлықтай басымдықпен Индонезия иеленген. Онда 6 миллион гектарға жуық аумақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл елде көміртектің мол қорын сақтайтын деградацияға ұшыраған тропикалық шымтезекті батпақтарды қалпына келтіру жұмыстары көп жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

Одан кейінгі орындарда Польша мен Бенин орналасқан. Бұл елдердің әрқайсысында қалпына келтіріліп жатқан аумақ көлемі 1 миллион гектарға жуық. Алғашқы бестікті Камерун мен Ирак түйіндейді.

Қазақстан аталған елдерден кейінгі алтыншы орынға жайғасып, АҚШ, Нидерланд, Кения және Моңғолиядан озып тұр. АҚШ-пен арадағы айырмашылық аз, аталған елдің рейтингтегі көрсеткіші – 310 мың гектар.

Жаһандық бастаманың бір бөлігі2024 жылғы желтоқсанда Эр-Рияд қаласында өткен One Water саммитінде Қазақстан әлемдегі тұщы су ресурстарын қалпына келтіру мен қорғауға бағытталған ең ірі бастама – Freshwater Challenge-ге ресми түрде қосылды. Айта кетейік, республика аталған саммитті ұйымдастырушылардың бірі болды.Бастаманың мақсаты – 2030 жылға дейін 300 мың шақырым өзен мен 350 миллион гектар сулы-батпақты алқапты қалпына келтіру. Қатысушы елдер өздерінің ұлттық мақсаттары мен жобаларын дербес айқындайды, ал халықаралық қорлар оларды қаржыландыруға қолдау көрсетеді.

Солтүстік Арал қайта жанданып келеді

Қазақстандағы су айдынын қалпына келтірудің ең танымал үлгісі – Арал теңізі. 2005 жылы Қазақстан Сырдария өзенінің суын ұстап қалу және Солтүстік Аралды сақтап қалу мақсатында Көкарал бөгетін салды. Сонымен қатар теңізге жіберілетін су көлемін арттыру үшін суару жүйелері жаңғыртылды.Солтүстік Аралдағы су көлемі 2022 жылдың соңындағы 18,9 миллиард текше метрден 2025 жылдың соңында 23 миллиард текше метрге дейін өсті. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қаңтардағы отырысында Мемлекет басшысы Аралды құтқару мәселесі бүкіл адамзатқа ортақ міндет екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, «бір кездері тартылып қалған теңіз қайта оралып, Кіші Арал біртіндеп қалпына келіп жатыр».

Алдағы уақытта жобаның келесі кезеңі жүзеге асырылмақ. Екінші кезең аясында Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру мақсатында Көкарал бөгетін қайта жаңғырту көзделген. Жұмыстарды 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Президент бұл бағыттағы нәтижеге қол жеткізу су дипломатиясына да байланысты екенін атап өтті. Себебі Қазақстан аумағы арқылы өтетін көптеген өзендер көршілес мемлекеттерден бастау алады.

Каспийдің суы тартылып барады

Каспий теңізіндегі жағдай күрделірек. Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экологиялық саммитінде Президент Әзербайжанның Каспий теңізінің тартылу мәселесі бойынша вице-премьерлер деңгейінде үкіметаралық комиссия құру туралы ұсынысын қолдады.

Мемлекет басшысының айтуынша, «теңіздің тартылу салдарын азайту, оның зардаптарын жеңілдету, сондай-ақ экономикамыз бен экожүйелеріміздің болып жатқан өзгерістерге бейімделуіне көмектесу үшін келісілген іс-қимылдарға көшетін уақыт келді».Каспий теңізінің тартылуы кеме қатынасына, порт инфрақұрылымына, балық шаруашылығына, энергетика мен өнеркәсіп салаларына қауіп төндіруде. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің акваториясы 16 мың шаршы шақырымнан астам аумаққа қысқарған.Әсіресе Каспий итбалығының жағдайы алаңдаушылық туғызады. Соңғы жүз жылда оның саны 1 миллионнан 270 мың басқа дейін азайған. Каспий маңы мемлекеттері Қазақстанның Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы ұсынысын мақұлдады.

Су мәселесі – Жолдауда

Су мәселесі Президенттің қазан айының соңында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да көтерілді. Мемлекет басшысы су ресурстарының тапшылығы жүйелі әрі батыл шаралар қабылдауды талап ететінін атап өтті.

Үкімет пен әкімдіктерге суды тұтынуды бақылауды күшейту, су желілеріндегі шығындарды азайту және ауызсуды мақсатсыз пайдалануға, соның ішінде автокөлік жуу орындарында қолдануға жол бермеу тапсырылды.

Президент судың нақты құнын бағалау қажеттігін атап өтіп, су тұтыну саласында басталған тарифтік реформаны соңына дейін жеткізуді міндеттеді.

Су есебі цифрландырылуы тиіс. Мемлекет басшысы айтқандай, «суға ұқыпты қарау шаруашылық жүргізудің міндетті қағидатына айналуы керек». Осыған байланысты Үкіметке Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін қысқа мерзімде құруды аяқтау тапсырылды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған