Адамның өмірі мен бостандығы – кез келген құқықтық мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Қазақстан Республикасының Конституциясы әр азаматтың жеке бас бостандығы мен жеке басына қол сұғылмау құқығын қорғауға кепілдік береді.
Конституцияның 18-бабында адамның жеке бас бостандығына қатысты маңызды құқықтық кепілдіктер нақты көрсетілген. Атап айтқанда, ешкімді заңда белгіленген мерзімнен артық сот шешімінсіз ұстауға болмайды. Ал адамды күзетпен ұстауға тек соттың шешімімен ғана рұқсат етіледі. Бұл ретте азаматтың қабылданған шешімге шағым жасау құқығы да сақталады.
Құқық қорғау органдары адамды ұстаған жағдайда, оған бостандығын шектеудің нақты себебін және өзінің құқықтарын түсіндіруге міндетті. Бұл талап азаматтың өз жағдайын түсінуіне және заң аясында өз құқықтарын қорғауына мүмкіндік береді.
Конституция сондай-ақ ұсталған адамның, күдіктінің немесе айыпталушының адвокат көмегін пайдалануға құқығын бекітеді. Яғни адам ұсталған немесе оған қатысты тиісті процессуалдық мәртебе белгіленген сәттен бастап өзінің қорғаушысының көмегіне жүгіне алады.
Бұл нормалардың барлығы – азаматтың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды кепілдіктер. Заң алдында әр адамның құқығы мен бостандығы сақталуы тиіс. Сондықтан Конституцияда бекітілген құқықтарды білу – әр азамат үшін маңызды. Өз құқығын білетін адам заң талаптарын дұрыс түсініп, қажет болған жағдайда оларды қорғаудың заңды жолдарын пайдалана алады.
ГҮЛЖАЗИРА АҚҚОЯНОВА
Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының инспекторы