Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Киберпол бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Хамитов Тимур Зуфарұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Брифинг барысында өңірдің тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады.
Цифрлық технологиялардың дамуы интернет-алаяқтардың әрекет ету тәсілдерінің де жаңаруына себеп болып отыр. Соның ішінде жасанды интеллект арқылы белгілі тұлғалардың бейнесі мен дауысын қолдану, тұрғындарға жоғары табыс уәде ететін жалған инвестициялық жобаларды ұсыну, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жеңіл әрі табысты жұмысқа шақыру деректері жиілеп келеді.
Мәселен 2026 жылдың 8 айында облыс көлемінде 400 интернет алаяқтық тіркеліп, азаматтарға 763 млн астам шығын келтірілген. Өкінішке орай халық арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанына қарамастан алаяқтарға алданатын азаматтар әлі де азаймай отыр.
Жыл басынан Қызылорда облысы көлемінде интернет-алаяқтық қылмыстарының 400 дерегі тіркеліп, өткен жылдан -5,2%-ға төмендеді.
Есепті мерзімде интернет-алаяқтық қылмыстарының ашылу көрсеткіші 56,2%-ды құрап, өткен жылдан +24,5%-ға жақсарды.
Ғаламтор желісіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде заңға қайшы белгілері бар 838 сайттар мен сілтемелер анықталып, бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізілді.
Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халық арасында профилактикалық шараларды жүргізуде.
Облыс көлемінде орналасқан мемлекеттік және жеке ұйымдарда профилактикалық лекциялар жүйелі түрде жүргізіліп, халық көп шоғырланатын жерлерде 4 мыңға жуық жадынамалар таратылып, «SOS» дабыл батырмасы арқылы сақтық шаралары жөнінде аудио-хабарламалар тұрақты түрде жасалуда. Әлеуметтік желілерде, сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі 3 мыңнан 80 мыңға дейінгі қатысушысы бар чаттар мен топтарда профилактикалық сипаттағы бейнероликтер мен жадынамалар жүйелі түрде жариялануда.
«Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты филиалының еріктілері Полиция департаментімен ұйымдастырылған кешенді профилактикалық іс-шараларға жүйелі түрде тартылуда.
«Айтып өтетін өзекті мәселе – осы интернет-алаяқтық қылмыстарымен байланысты «Дроппер» деген жаңа ұғым пайда болды. «Дроппер» дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда интернет-алаяқтарға көмек көрсетуші немесе интернет-алаяқтық қылмысына қатысушы деген мағынаны білдіреді. Яғни, алаяқтар жәбірленушілердің шоттарындағы қаражаттарды, басқа біреудің, жаңа айтып өткен «дроперлердің» банктік карталарын немесе есепшоттарын пайдалану арқылы, шетелдік есепшоттарға аудартып алады немесе банкоматтардан қолма-қол шешкізіп алады. Осы қылмыстардың алдын-алу мақсатында алаяқтарға көмек көрсетуші «дропперлерге» қатысты ҚР Қылмыстық кодексте жаңа бап енгізіліп, санкциясында кінәлілерге қатысты жүз алпыс айлық есептік көрсеткіштен бастап (160мрп*4325тг=692.000тг) жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралады»,-дейді полиция подполковнигі Тимур Хамитов.
Брифинг барысында киберқылмыстың кең таралған түрлері, соның ішінде қоңыраулар, мессенджерлер және жалған сайттар арқылы жасалатын алаяқтық схемалар туралы түсіндірілді.
Бұл ретте полиция қызметкерлері азаматтарды қырағы болуға, әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және бейтаныс адамдарға жеке деректерін бермеуге шақырады.