Ерлан Кәрімбекұлы 1977 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін өнеркәсіп және азаматтық құрылыс, экономика және менеджмент мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын «Фармация» акционерлік қоғамында менеджер болып бастап, кейін мемлекеттік органдар мен жеке секторда түрлі жауапты қызметтер атқарған.

2004-2013 жылдары облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы және облыс әкімінің кеңесшісі болды.

2013-2020 жылдары жеке құрылыс компаниясының директоры, «Мем­сараптама» РМК бас директорының бірінші орынбасары, сондай-ақ «Қазақ­стандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек етті.

2022 жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Жалағаш ауданынан жеткен соңғы ақпараттарда аудан әкімі Е.Төрәлиев тұрғын үй кезегінде тұрған осал топтағыларға арнап салынып жатқан “Ақтерек” жер учаскесінде 50 пәтерлі және дәл осындай “Дәуімбай” елді мекеніндегі 16 пәтерлі үйлер құрылысын көріп, үйлердің сапалы салынып, әрі белгіленген мерзімінен кешіктірмей пайдалануға беруді тапсырған.

Жалағаш кентіндегі теміржол вокзал ғимаратындағы құрылыс жұмыстары да жаңа әкім назарынан тыс қалмаған.

Өткен аптаның сенбісінде өткен сенбілік барысын байқаған Е.Кәрімбекұлы: “Жиналған қоқыстар уақытылы шығарылуы тиіс. Мекемелердің қасбеттері сыр­ланып, қоғамдық орындар, көшелер мен жол жиектері таза болуы тиіс” – депті.

Демек, айтқан сөзіміздің жалаң болмағаны…

Бұрынғы әкім Н.Нәлібаев жасақтаған бүгінгі әкім Ергешбаевтың билік командасында алғашқы ауыс-түйістер басталды.

2023-ші жылдың қазанынан бастап Жалағаш ауданының әкімі болып келген Ардақ Ыбраимов облыстық кәсіпкерлік басқармасына басшы болып ауысты да, оның орнына облыстық құрылыс басқармасының басшысы Е.Төрәлиев аудан әкімі болып тағайындалды.

Алдағы қазан айының 9-ында 49 жасқа (мүшел жас) аяқ басқалы тұрған Ерлан Кәрімбекұлы аудан басқаруға жас та емес. 49 жастан кейін ентелеп елудің келіп қалатынын ескерсек, енді бір тура бір жылдан соң елағасы жасына жеткелі тұрған Ерлан Төрәлиевтің ауданға басшы болып келмес бұрын талай мекемеде қызметкер, басшы болып қызмет атқарғанымен, артына сөз ерітпегенін, бөтен іспен айналыспағанын айтар болсақ бүгінгі күн өлшемімен адал әкім боларына сенім де бар.

Осындай сеніммен жаманат келтірмес деген үмітпен оны аудан басшысы етіп тағайындаған облыс әкімі Н.Ергешбаев та біраз тапсырма тапсырды.

Сонымен Төрәлиевке Ергешбаев не тапсырды дегенде:

– Ең алдымен инвестиция тарту, салық база­сын ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы маңызды жоба­ларды жүзеге асырып, қоғамдық-саяси тұрақ­тылықты сақтауда нақты жұмыстар жүргізу қажет, – деді.

Сонан соң ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде үздік аудандардың бірі ретінде танылған Жалағаштың ерекше аграрлық потенциалын тиімді пайдалану керек деді.

Соңғы жылдардағы су тапшылығын ескере отырып, егісті әртараптандыру, суды аз қажет ете­тін дақылдар егу және шаруашылықтарға озық технологияларды енгізудің маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес ірі шаруашылықтар тек егін егіп қана қоймай, мал шаруашылығын да дамытып, жыл бойы жұмыс жасайтын жобаларды жүзеге асыруы керек, – деді.

Тапсыруға оңай болғанымен тапсырманы орындау оңай емес. Басқа қызметтерін айтпағанда төрт жылдан астам уақыттан бері облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып келген Е.Төрәлиев үшін ауданды абаттандыру, жалағаштықтарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету, салынатын әлеуметтік нысандар қатарын көбейту қиын бола қоймас.

Жалпы жаңа әкіммен бірге жаңа леп келіп, Жалағаштың жаңаратын жаңа кезеңі келіп тұрғандай.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған