Сырдың бойы күміс көмей, жез таңдай әнші-сазгерлерге, қаламы қарымды ақын-жазушыларға, мың бұралған бишілерге ғана емес, қолынан өнер тамған қолөнершілер мен шеберлерге бай өлке. Шығармашылықтың Отаны ретінде танымал біздің өңір тұрғындары қай кезде де дәстүрді дәріптеп, ұлттық болмысымызды ұлықтап келеді. Қандай да бір бастамалар мен туындыларда, жобалар мен шаралардың төрінен бөлек, күнделікті өмірде де қазақылық нышан ұмыт болмай, кеңінен насихатталуда.

Ұлтымыздың ұлы өнерін дәріптеу шарасы өз аймағымызда ғана емес, еліміздің Елордасының төрінде де өткізіледі. Мәселен, өткен демалыс бас қаланың тұрғындары үшін Сыр елінің туындыларын танытқан күн болды. Екі күн қатарынан Астана қаласындағы “Qazaq Creative Hub” алаңында Сыр елінің бренд және креативтері өнімдері көрмеге арқау болып қана қоймай, онда арнайы шеберлік сабақтары, ұлттық өнерді дәріптеген концерттік қойылымдар да орын алды. Атап айтар болсақ, тоқылған кілемдер, дәстүрлі негізде жасалған зергерлік бұйымдар, ұлттық киім үлгілері мен креативті әдіспен негізделген дизайнерлік топтамалар, ағаштан дайындалған өнімдер ұсынылса, дәстүрлі ән, бесік пен бесік жырларының жинақ топтамасы да, күріш арқылы салынған туындылар, цифрлық бағыттағы шығармашылық еңбектер де қалыс қалмады. Одан бөлек «Ержеңістің ерекше есептері» кітабының және «Сыр өңірі шеберлерінің қолөнері» атты маркетплейст те жұртшылық қызықтаған туындылар болды.«Qyzylorda» телеарнасының «Syr Travel», «Qyzylorda Expedition», «Құдайы қонақ» секілді креативті тележобалары да назарға ұсынылды.

 Ұлттық құндылықтар “Қазақ анимациясы”, “Ұлттық зергерлік бұйымдар”, “Ағаш бұйымдары мен ұлттық аспаптар”, “AI және цифрлық даму”, “Сахна және ашық шығармашылық алаңы”, “Дәстүрлі кілемдер”, “Ұлттық иллюстрация және арт аймақ”, “Ұлттық киімдер”, “Қызылорда Talks”, және “Сыр дәмі” атауларымен дайындалған арнайы алаңдар арқылы көрсетілді.

Жобаны өткізудегі бір мақсат – ұлттық құндылықтың мәні мен мағынасын сақтай отыра, заманға сәйкес жаңашылдықты енгізіп дәріптеу. Мәселен,  «Creative Aimaq» жобасы аясында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект арқылы жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, қолөнер бұйымдарының және дәстүрлі өнердің заманауи жаңа әдіспен ұсынылды.

Қызылорданың 100-ге жуық креаторының басын біріктірген көрме-жәрмеңкеде жергілікті шеберлердің 21 бағыт бойынша 74 млн. теңгенің өнімдері мен туындылары қойылды.

Айта кету керек, облыс бойынша 146 креатордың 120-сы республикалық реестрге енгізіліп, тіркелу деңгейі бойынша өңірлер арасында Қызылорда облысы 82,2% көрсеткішке жетіп, алғашқы үштіктен көрінді.

Ұлттық құндылықты жобалар арқылы креативті негізде жеткізіп жүрген қолөнершілердің бірі – Қарлығаш Ілиясова. Оның түрлі оюмен безендірілген туындыларының қатарында этно стильдегі сөмке, шоппер, қыз жасауы жиынтығы және түкті кілемдер бар. Оның әрбір туындысында дәстүріміз дәріптеліп, болмысымыз бейнеленеді. Сонысымен де, облыс және ел аумағына ғана емес, шет мемлекеттерге де белгілі қолөнерші.

Шебер Қарлығаш Ілиясова:

– Түкті кілемдерімеТүркия, Германия және АҚШ елдерінен арнайы тапсырыстар жиі түсіп тұрады. Осыған дейін өткен «Көшпенділер» фестивалінде  1 миллион теңгеге жуық сатылым жасадым. Мамыр айында Париж төрінде өткен шарада да еңбегім жоғары бағаланған болатын. Сондай-ақ, ұлттық киім үлгілерім «Сән мен Сахна» халықаралық фестивалінде жүлделі орынға ие болып, Нидерландыдағы сән көрсетілімінде де көпшілік назарына ұсынылды. Астана төріндегі бүгінгі жобаға 1 тоннаға жақын өнімдерімді әкелдім. Елордалық тұрғындар да қызықтап, туындыларым сұранысқа ие болып,  жоғары бағалауда.

Келесі креатордың есімі – Ержеңіс Әбді. Есеп пен сөзге жүйрік әмбебап ретінде белгілі ол «Ержеңіс­тің ерек­ше есептері» жинағы туынды­сын жұртшылық назарына ұсынды. Оның еңбегінің ерекшелігі ретінде матема­тикалық есептердің өлең форматында жеткізіліп, иллюстра­циялармен толықтырылуын айтуға болады. Ұстаздың бұл шығармасы балаға күрделі есептерді жеңіл әрі қызықты, түсінікті жеткізуге ықпал болары анық. Содан да болар жаңашыл әрі ізденімпаз мұғалім халық тарапынан сұраныс артқанын мәлімдеді.

– “Астана креатив” залында Қызылорда облысы шеберлерінің өнімдерімен қоса менің де еңбегім жұрт назарына ұсынылды.

Жаңа туынды ретінде емес, байырғы есеп жинақтарын жаңа әдіспен ұсыну басты  ерекшелік десе де болады. Кітап негізі 2019 жылы жарыққа шыққанымен, соңғы үлгіде жұртшылықтың сұранысына сәйкес қайтадан ұсынудамыз. Менің кітабыма қызығушылық танытып, сатып алып жатқан халықтың қарасы қалың, – деді Ержеңіс Әбді.

Сондай-ақ зергерлік өнерді Сыр бойында дәріптеп жүрген шебер Бекзат Жақыпов аталған көрмеге тек туындыларын ғана емес, бұйым жасайтын құралын да ала келген. Әшекей бұйымдарды заманауи үлгіге негіздеп, зергерлік бұйымдарды зерттеп жүрген шебер бүгінде ұлттық аспаптарды да сапалы нұсқада әзірлей біледі. Еңбек еленіп, бүгінде ол Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі атанды. 

– Қызылордадан зергерлік бұйымдардан басқа қамшы, саздан жасалған бұйымдар, шаңқобыз және білезік жасауға арналған құралды алып келдім. Тұрғындар тарапынан зер­герлік бұйымдарға сұраныс артып, өз нұсқаларындағы сырға, сақина, алқа түрлерінің түрлі дизайндарын көрсетуде. Отыз жылдан аса еңбегімде түрлі бұйымды жасауға әбден машық­тандым. Әр тұтынушыма алғыс айтып, сатып алып жатқан әр өнімді жақсы күндерде қолдансын деп лебізімді жеткіземін, – деді Б.Жақыпов.

Қуантарлығы, екі күндік  жәрмеңкеге бес мыңға жуық адам келіп,  12,1 млн. теңгенің өнімі сатылды.Осылайша Сыр өңірінде ұлттық дәстүрлердің ма­ңызы артып, олар шеберлердің шығар­машылық еңбегі арқылы жаңаша түрленіп, заманауи өнім мен кәсіптің, креативті индустрияның дамуына негіз болуда.

А.Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған