Елімізде балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау және білім беру жүйесін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында нақты жобалар іске асуда.
Осы жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда облысы Байқоңыр қаласындағы білім беру ұйымдарының желісін кеңейту бойынша маңызды қадам жасалды. «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының бірлескен шешіміне сәйкес, Байқоңыр қаласындағы бұрынғы М.К. Янгель атындағы №7 мектептің ғимараты қала әкімшілігінің жалға беру қорынан шығарылып, толықтай Қазақстан Республикасының білім беру стандарттарына көшірілді.
Бүгінде білім ұйымы Қазақстан Республикасының коммуналдық меншігіне өтіп, №298 орта мектеп атауын иеленді. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп халық игілігіне пайдалануға берілді.
Мектептің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жан Шайхысламов, Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков, аудандық мәслихат депутаттары мен сала ардагерлері қатысып, жаңа білім ордасының жұмысымен танысты.
№298 орта мектептің жобалық қуаты – 790 орын. Ғимараттың жалпы аумағы 6908,37 шаршы метрді құрайды. Жаңа оқу жылына дайындық аясында қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Сонымен қатар, кадрлық қамтамасыз ету, оқушыларды қабылдау және оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру жұмыстары толық аяқталып, мектеп жаңа оқу жылында өз жұмысын бастады.
Бұл бастама – Байқоңыр қаласындағы балалардың қазақстандық білім беру жүйесі аясында сапалы білім алуына бағытталған маңызды қадам.