Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақты дамуына кедергі келтіретін, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін әлсірететін әрі заң үстемдігі қағидаттарына нұқсан келтіретін өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуден гөрі, оның туындауына жол бермеу, алдын алу тетіктерін жетілдіру және қоғамда адалдық пен парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру аса маңызды.
Осы бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті өңірде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Шәкәрім Тағыбергенұлы Кизбаевпен сұхбаттастық.
– Шәкәрім Тағыбергенұлы, Департамент сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыратын уәкілетті орган. Осы саясатты жүзеге асыру аясында Қызылорда облысында қандай жүйелі жұмыстар атқарылуда?
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі басымдығы – құқық бұзушылықтардың салдарымен күресу ғана емес, олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою. Сондықтан біздің қызметіміздің басты бағыты – профилактика.
Осыған сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттік қызметшілерді, квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін, жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларын қамтыған 180 оқыту семинары өткізіліп, оған 47 мыңнан астам адам қатысты.
Сонымен қатар, облыстың барлық аудандарында мемлекеттік қызметшілермен, құқық қорғау органдарының жеке құрамымен, аудан активімен және тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды. Мұндай кездесулер азаматтарды толғандырған мәселелерді тыңдауға ғана емес, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейтуге де мүмкіндік береді.
– Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда халықпен тікелей жұмыс істеудің маңызы зор. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Дұрыс айтасыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет ең алдымен қоғамда қалыптасуы тиіс. Сондықтан халықпен кері байланыс орнатуға ерекше мән береміз.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарда 5 мыңға жуық азаматты қамтыған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, әлеуметтік тапсырыс аясында билбордтар орналастырылып, LED экрандар арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық материалдар кеңінен көрсетілді.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің негізгі мақсаты қандай? Бұл бағытта Департамент қандай жұмыстар атқарды?
– «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне, құқық қолдану практикасының жай-күйіне, сондай-ақ қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдауы мен бағалауына қатысты ақпаратты жинау, өңдеу, талдау және бағалау жөніндегі қызмет.
Мониторингтің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасының тиімділігін бағалау және оны жетілдіру.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Департаментпен 7 кешенді және 1 тақырыптық мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 71 ұсыным мен 37 кейс әзірленді. Бұл жұмыстар мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
– Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізудің маңызы қандай? Бұл бағытта қандай нәтижелерге қол жеткізілді?
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – тәуекелдерді алдын ала анықтап, оларды жою. Мұндай талдау сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді.
Есепті кезеңде Департаментпен үш мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 42 кейс пен 81 ұсыным әзірленді. Сондай-ақ қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жөнінде нақты ұсыныстар дайындалды.
– Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселесі бүгінде мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі маңызды бағыттардың бірі саналады. Осы бағытта Департамент қандай жұмыстар жүргізуде?
– Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, шешім қабылдау мерзімдерін қысқартуға және азаматтарға қолайлы сервистік мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.
Есепті кезеңде Департамент жергілікті атқарушы органдардың қызметіне талдау жүргізіп, нәтижесінде бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға бағытталған 41 ұсыным енгізді.
Сонымен қатар, экономика саласында мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде 33 кейс Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолданды.
Бұдан бөлек, цифрлық платформалардың тиімділігін бағалау және келісу рәсімдерін оңтайландыру бағытындағы мониторинг барысында бюрократияның артуына әсер ететін жүйелі мәселелер анықталып, оларды шешуге бағытталған 17 кейс қалыптастырылды.
– Сұхбатымызды қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықтан ада қоғам қалыптастыру үшін әрбір азамат қандай қағидаттарды ұстануы керек деп ойлайсыз?
– Сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолы – оның алдын алу. Заң үстемдігін қамтамасыз ету, адалдық қағидаттарын орнықтыру және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, әділдік пен парасаттылық қағидаттарын берік ұстанғанда ғана ашық, тиімді әрі халық сеніміне ие мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыра аламыз.
– Шәкәрім Тағыбергенұлы, мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!