НЕМЕСЕ ҚЫЗЫЛОРДА – КОНДИЦИОНЕРЛЕР ҚАЛАСЫ…
Күні кешегі ақпарат бойынша биылғы жаздағы ыстықтан АҚШ-та 25 адам қайтыс болыпты. Енді АҚШ билігі жұртына өз туысқандарыңды, көршілеріңді түгендеп жүріңдер деп жар салып жатыр екен. АҚШ-тың 20-ға жуық штатында ауа t-сы +38О-тан асқан. Нью-Джерсидің 10 округінде 22 адам қаза болған. Ресми ақпарат бойынша олардың мүрдесін кондиционері жоқ пәтерлерден, үй маңынан, көше бойынан, тіпті автотұрақта тұрған көліктерден тапқан. Иллинойста ыстықтан 1 адам қаза болған. Ал Миссисипиде жоғалып кетті деген 74 жастағы ер адамның мәйітін 1 күннен соң жанар-май құяатын бекет артынан тауыпты. Ыстықтан «күйіп» кеткен.
Сондай-ақ тағы бір 83 жастағы әйел өз бақшасында ыстықты көтере алмай, жүріп кеткен…
Вашингтонда шілденің 12-сінде өткен салтанатты шарада ыстықтан 51 адамның жағдайы қиындаған. Оның 12-сі ауруханаға жеткізілген. Ал, одан сәл уақыт бұрын Ұлттық аллеяда өтіп жатқан жәрмеңкені мәжбүрлі түрде тоқтатқан. Өйткені жәрмеңкеге келген 44 адамға дәрігерлік көмек қажет болған.
Қатты ыстықтан Франция, Грекия, Испания, Португалия, Германия елдерінде орман өрті де көбейіпті. Грекияда өрт тіпті өндіріс орындары мен тұрғын үйлерге де қауіп төндірген көрінеді.
Берлинде 140 жылдан бері биылғы жылдың 27-ші маусымында ең жоғары t-+39,9О-тан ыстық тіркелген. 2019-шы жылы 38,5О тіркелгеннен кейінгі рекордтық ыстық осы екен. Жалпы Германия бойынша биылғы жазда ауа t-сы 41,3О-қа дейін көтеріліп ел абыржыса керек. Берлинде полиция су шашқыш көліктері арқылы жұртқа салқын су шашып ыстықтан қорғап жүрген көрінеді. Польшада да биылғы +40,5 О ыстықты поляктар 1921 жылдан бері көрмепті. Билік тұрғындарға суды көбірек ішіңдер, күнге шықпаңдар деп хабарлама жіберген. Кей қалаларында салқындау үшін арнайы су аркалары пайда болыпты. Чехияда +41,9 О, Венгрияда +40,7 О ыстықта тұрғындар тынышсызданып жатса керек. Француз елінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі хабарламасы бойынша маусымның соңғы күндері 1000-ға жуық адам қайтыс болған. Әсіресе Париж бен оның айналасындағы шағын қалаларында адам өлімі көп көрінеді. Қаза болғандардың 85 пайызы 65 жастан асқандар екен. Испаниядада да шілдеге дейінгі ыстықтан 300-ден астам адам қайтыс болды деген мәлімет бар. Жалпы биылғы жаз айы өте ыстық болады деген болжамға қарай әлі қанша адамның денсаулығынан айрылып, қайтыс болары белгісіз. Ғалымдардың пікірінше маусымның 10-нан басталған ыстық ауа-райы Еуропа елдері бойынша өте адам төзгісіз болып отыр. Ұлыбритания, Щвейцария, Италия да ыстықтан зардап көргендер қатарында. +40,5 О-тың өзі еуропалықтарды жалмап бара жатыр…
Маусым айында күйіп-жанып. бір басылған аптап ыстық осы аптаның дүйсенбісінен бастап қайтадан өзіміз тұратын Қызылорданы да күйдіріп тұр. Құмалақпен бал ашқандай болмай, ауа-райын зерттейтін ресми орындардың болжамына сүйенсек, қазір ең ыстық ауа райы Қызылорда облысында +45 О-қа, Түркістан облысында +42 О-қа, Жамбыл облысында +43 О-қа, Алматы мен Жетісу облысының кей жерлерінде +42 О-қа, Ұлытау облысында +41 О-қа, Маңғыстау облысында +42 О-қа, Атырау облысында +39 О-қа дейін көтеріледі депті. Демек ыстықтың көкесі Қызылордада +45 О екен.
Үйренген әдетпен “ыстықтан өліп жатқан ешкім жоқ” деп егінімізді егіп, малымызды бағып, құрылысымызды салып, жәрмеңкемізді де тоқтатпай, жиналыстарымызды да өткізіп жатырмыз. Дегенмен денені күйдірер ыстықта салқындаймын деп суға түсіп қаза болғандарды, ыстық температурадан дем ала алмай, қан қысымы көтеріліп, жүрегі ұстап, қолқасы асқынып, қайтыс болғандарды есептер болсақ бізде де ыстық ауа-райынан қайтыс болғандар біраз болып қалар.
Шілденің ыстық күнінде дым істемей демалып жатқан ешкім жоқ. Базар саудасы қызып тұр. Ыстық ауа райынан жан сақтар балмұздақ, салқын сусындардың сондай-ақ суға түсетін купальник, суға жүзуге қажетті түрлі заттардың бағасы көтеріліп тұр. Үйге дейін тамақ, зат жеткізіп беру қызметінің, шағын кафе, асхана, кофетерилердің де наны жүріп тұр. Желдеткіштер мен кондиционерлер аса қажетті затқа айналып, саудасы жүргеннен бөлек, оларды құратындардың да қалтасы қалыңдап жатыр…
Айтпақшы Қызылорда – кондиционерлер қаласы. Аптап ыстықта қызылордалықтардың жанын сақтап тұрған кондиционерлер қаладағы әр үй сыртында самсап тұр. Көлік базарында да кондиционерлері болмаса көлік өтпейді. Қызылордалықтардың ең ұнататыны да, көлеңкесі сая болар ағаштары бар көшелер мен кондиционері бар салқын автобустар.