«XXI ғасыр көшбасшысы» – еліміздегі ең беделді зияткерлік жобалардың бірі. Биыл жобаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам оқушы қатысуға ниет білдірсе, көпсатылы іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 108 үздік оқушы ғана тележобаға жолдама алды.

Осы үздіктердің қатарында Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, №249 мектеп-лицейінің оқушысы Қасымхан Қанибаев та бар. Білім мен зеректік сынға түсетін республикалық додада жас дарын туған ауданымыздың намысын абыроймен қорғап, өзінің жоғары дайындық деңгейін көрсетуде.

Айта кетейік, Қасымхан жоба аясындағы жартылай финалдық кезеңде сәтті өнер көрсетіп, жеңіске жеткен болатын. Ол жарыс туралы өз әсерімен бөлісіп:

«Жарыс өте тартысты өтті. Барлық қатысушылар жоғары деңгейде дайындықпен келген. Кейбір айналымдарда қарсыластарымнан небәрі 2-3 ұпай ғана алда болдым. Сол сәттерде толқу мен жауапкершілікті ерекше сезіндім. Жалпы, жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған», – деді.

Білім бәйгесінде бақ сынап жүрген жас дарынның жетістігі – ауданымыз үшін зор мақтаныш. Қасымхан Қанибаевқа алдағы кезеңдерде де сәттілік серік болып, биік белестерді бағындыруына тілектеспіз.

Жас көшбасшымыздың жеңісті жолына бірге қолдау білдірейік!

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған