«Таза Қазақстан» тұжырымдамасына байланысты тағы да атап өткім келеді. Қалалар мен ауылдарды көркейту, аумақтарды көгалдандыру жұмысына әрдайым ерекше мән беру қажет. Сондай-ақ экологиялық мәдениетті көтеру мәселесіне көңіл бөлген жөн. Әсіресе, адамдардың туристік нысандар мен табиғат аясындағы тәртібіне айрықша назар аудару маңызды.

Тәртіп бұзушыларды, яғни, вандалдарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бір сөзбен, құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс. Осы маңызды дүниені дұрыс түсінген жөн.

Қазіргі бұлыңғыр, әскери қақтығысқа толы заманда елімізге татулық пен тұрақтылық ауадай қажет. Онсыз ешқандай реформа, жалпы оң өзгеріс болмайды. Сондықтан құқық қорғау мекемелері заң бұзушылықтарға қатаң шаралар мен жазаларды қолдануы керек.

Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде «Заң мен тәртіп» саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы. Бүкіл қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге баса назар аударуы керек.

Өздеріңізге мәлім, біз наурыз айында конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бірлігі мықты, жауап­кершілігі жоғары ел ретінде жаңа Ата заңды қабылдадық. Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, халқы­мыздың темірқазығы. Еліміздің Бас құжатында азаматтары­мыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, заңға құрмет, табиғатқа жанашырлық, шынайы отаншылдық, еңбекқорлық, білім-ғылым және жоғары технологиялар қағидаттары айқын көрініс тапты. Сондай-ақ Конституцияда еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Егемендігін және Тәуелсіздігін қорғау әр азаматтың қасиетті борышы деп жазылды.

Осы орайда, әрине, нағыз отаншыл азаматтың озық үлгісін, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілер көрсетуі керек. Бұл – ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген әрбір қызметшінің қастерлі парызы. Лауазымды тұлғалар, күштік құрылымдар мен басқа да билік өкілдері Конституцияға үнемі сілтеме жасауы керек. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында адамдар өмірде болсын, кинода болсын, Конституцияны аузынан тастамайды. Біз де осындай құқықтық мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Бұл ең алдымен ұлттық болмысымызға оң әсер етеді.

Бас құжатымыз адами құндылықтар мен заң нормаларының жиынтығы ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Тұғырына қонған Конституциямыз қоғамдық келісімді түбегейлі жаңа деңгейге көтеруі керек. Мемлекет пен қоғам арасында шынайы серіктестік орнап, белсенді, жанашыр азаматтар ұлттың жасампаз күшіне айналуы қажет. Сондықтан Конституцияның нормалары барлық жерде, соның ішінде азаматтық және әскери жоғары оқу орындарында, мектептер мен әскери бөлімдерде, мемлекеттік және жеке кәсіпорындарда екі тілде қатар қолжетімді болуға тиіс.

Бүгінде қолданыстағы заңнамаларды Конституция талаптарына сай өзгерту жұмысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Құрылтай сайлауы өтеді, Халық кеңесі құрылады. Қазір Парламент «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулер енгізуде. Бұл өзгерістер күшіне енген соң мәслихаттардың ықпалы артады.

Аймақтағы депутаттар бюджетті бөлуге тікелей араласатын болады. Соның нәтижесінде облыстар мен қалалардағы жергілікті өкілді биліктің бақылау тетіктері күшейеді. Бұл маңызды қадам аймақтардың дербестігін арттыра түседі.

(Мемлекет басшысының Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінен)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған