Астанада “Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі ретінде: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік” атты халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Симпозиумда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жиын аясында Астанаға арнайы келген меймандарға, сөз сөйлеп, пікір білдірген атақты ғалымдар мен беделді халықаралық ұйымдардың өкілдеріне алғыс айтты.
Жаһандану, жаппай цифрландыру, жасандылық дегендердің дәуірлеп тұрған қазіргі жағдайында өткенге қайта оралып, “Алтын Орда” дәуірі туралы зерттеп, оны әспеттеп жату ескілікті аңсау сияқты көрінуі мүмкін. Алайда Мемлекет басшысы өз сөзінде айтып өткендей қазіргі кезеңде “көшпенділік, яғни номадизм тұжырымдамасы туралы жаңаша көзқарас қалыптастыру – өте маңызды.
– Әділдік, ашықтық және мәдениеттер диалогі – Дала өркениетіне арқау болған құндылықтар. Осы мемлекеттілік дәстүрін жан-жақты зерттеу бүкіл Орталық Еуразияның ұзақ мерзімді дамуына ықпал етері сөзсіз. Қазір бұл аймақ жаңа сипаттағы қайта өрлеу, яғни, ренессанс кезеңіне қадам басты деп айтуға болады.
Біз әлемдегі маңызды геосаяси және өркениет орталығы ретінде өз тарихи миссиямызды қайта жаңғырта бастадық. Бұл үдерісте халықтарымыздың, соның ішінде, өскелең ұрпақтың теңдессіз рухы мен күш-қуаты шешуші рөл атқарады. Соның арқасында қазір біз алдымызға биік мақсаттар қойып, маңызды міндеттерді орындап келеміз. Сондықтан ата-бабадан қалған мол мұраны қазіргі заманның құндылықтарымен және озық технологиямен ұштастыру – маңызды.
Тарихты зерттеу дегеніміз – өткенмен өмір сүру немесе көнені көксеу емес. Ескіліктің шырмауында қалу – надандық пен қараңғылыққа апаратын жол.
Түп-тамырымызды толыққанды танып-білу арқылы ұлт дамуының көкжиегін кеңейте түсу қажет. Біз осы қағиданы терең түсіне отырып, жаңа Ата заңда мәдени мұраларымызды сақтауға, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға айрықша басымдық бердік. Бұл маңызды жұмысты бастап та кеттік, – деді Қ.Тоқаев.
Осы жиында Тоқаевтың сөйлеген сөзінің кей тұстарын ықшамдап жариялап отырмыз.
- Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек.
- Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бей-берекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын «мемлекет деңгейіне жете алмаған» деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті.
- Меніңше, Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет. Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті, Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған. Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді.
- Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты. Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы тұрды. Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз.
- Бұдан бөлек, Алтын Орда заманында озық іс жүргізу жүйесінің болғаны туралы нақты тарихи деректер бар. Сондай-ақ Құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті.
- Ұлыстың әлеуметтік құрылымы айқын әрі тұрақты болса да, қоғамда қатып қалған қағида емес, әділдік басты рөл атқарды. Әскерде және мемлекеттік аппаратта темірдей тәртіпке, мінсіз қызмет пен меритократия қағидасына ерекше назар аударылды. Мұның бәрі алып державаны мекен еткен барлық этнос және түрлі топ өкілдеріне мол мүмкіндік берді.
- ҮШІНШІ өзекті мәселе. Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты зерттеген жөн. Баршамызға белгілі, ежелдегі Месопатамия, Мысыр, Қытай, Үндістан өркениеттері көп жағдайда өзен аңғарларын игеру арқылы қалыптасты. Ал Ұлы дала мүлде басқа тарихи даму жолынан өтті.
- Осыдан бес мың жыл бұрын қазіргі Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Ботай жерінде адам баласы ең алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Бұл әлем тарихына түбегейлі жаңа сипат берген оқиға болды. Атқа міну мәдениетімен қатар дала өркениетінде стратегиялық ойлау қабілеті және мейлінше қолайлы өмір сүру салты пайда болды.
- Осылайша, Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр даласындағы барлық негізгі көлік, сауда және гуманитарлық байланыстарды бақылауда ұстап, салт атты көшпенділер өркениетінің ең биік шыңына көтерілді. Бұл орайда, көшпенділік пен отырықшылық салтының үйлесім табуы Алтын Орданың тарих сахнасына жарқырай шығуының бірден-бір себебі болды деуге толық негіз бар.
- Көптеген беделді ғалымдардың пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашылып жатыр. Археологтар осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапты. Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған.
- Қазіргі таңда мемлекеттік және жеке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны бір миллионға жетеді. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. «Деньги» сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін. Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел.
- Алтын Орда Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын түгел бақылауда ұстап, даланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде дамытты. Жошы Ұлысының аумағы арқылы жыл сайын мыңдаған тонна тауар өтіп жатты. Атап айтқанда: Қытайдан – жібек, Үндістаннан – дәмдеуіштер, Ресей жерінен – тері өнімдері, Еуропадан, Таяу және Орта Шығыс елдерінен – қолөнер бұйымдары тасымалданды.
- Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекетке қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болды. Бұл ұстаным қалалардың тұрпатынан да анық байқалды. Себебі ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамалмен қоршап, тұйықтау болған жоқ. Әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп, дамыды. Бұл тәжірибе дала мен қала арасында қақтығыстар толастамады деген аңыз әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, осы байланыстар орта ғасырдағы ең оңтайлы мемлекеттілік үлгісінің негізін қалады.
- Алтын Орда дәуірінен қалған қалалардың материалдық-мәдени мұралары – соның айқын көрінісі. Ғалымдардың мәліметіне сәйкес, алып империяның құрамында жүзден астам шаһар болған. Алтын Орда дәуірінде қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін озық инженерлік тәсілдер қолданылды. Мұны түрлі археологиялық қазба жұмыстарынан анық байқауға болады.
- Сол замандағы өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамығанын Алтын Ордада жасалған кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кеңінен қолданылғанынан аңғаруға болады. Еуразияның түкпір-түкпіріндегі іскер адамдардың сауда жасауына, кәсіппен еркін айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Осылайша, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды. Сол арқылы бүкіл аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашты.
- Алтын Орда мұрасы – ұшан-теңіз. Біз осы алып рухани, тарихи қазынаны ХХІ ғасырға бейімдеп, жаңғырту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Менің бастамаммен Қазақстанда Жошы Ұлысын зерделеу институты құрылды. Бұл – осы тақырыпты терең зерттеумен айналысатын тұңғыш ғылыми мекеме. Қазіргі таңда әзірленіп жатқан Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр.