Бүгін Жыраулар үйінде Көшеней Рүстембекұлының 80 жылдығына арналған тағылымды “Күміс көмей Көшеней” кеші өтті.

Кеш жыраудың ғұмыр жолын тереңнен толғаған бейнероликпен басталып, көрерменді бірден рухани әлемге жетеледі.

Ғылыми мазмұн мен тағылым қатар өрілген кеште Жыраулар үйінің ғылыми қызметкерлері Назерке Жақсығұлова мен Феруза Оңталап Көшеней мұрасының мән-маңызына тоқталды.

Сахна төрінде жыраулық дәстүр жаңғырып, Нұрбол Көшенейдің шәкірттері терме-толғаулар орындады. Ал Серік Жақсығұлов Қасым Аманжоловтың “Жас дәурен” әнін Көшенейдің нақышымен жеткізіп, көрермен көңілін тербетті.

Жыраудың ұрпағы Байбол Көшеней “Жиенбайдың жыр бастауын” жырлап, баба аманатын жалғап келе жатқанын айқын көрсетті. Туыстары атынан Сәндібек Ербошаев сөз сөйлеп, жүрекке жылы естеліктерімен бөлісті.

Кештің әсерлі сәттерінің бірі – арнау жырлар болды. Әділхан Қуаңбаев Жүнісбек Жолдиновтың “Көшенейге арнауын” орындаса, ақын Талайлы Досымованың “Көшеней десем” өлеңін Жастар театры әртістері тебіреніспен оқыды.

Сондай-ақ, еңбек ардагері Сәпен Аңсатов және «AMANAT» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Қожамберлиев Баймырза сөз сөйлеп, жырау мұрасының ұлт руханиятындағы орнына ерекше тоқталды.

Қармақшы ауданындағы К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйі 80 жылдыққа арнаған “Көшеней жазған хаттардан” жобасы аясында жырау мен Жұпар анамыз арасындағы сағынышқа толы хаттардан құралған бейнеролик ұсынылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Көрмеге қойылған архивтік фотосуреттер мен деректер кеш мазмұнын тереңдете түсті.

Бұл кеш – тек еске алу емес, бұл – жырдың қайта жаңғыруы, рухтың қайта тірілуі болды.

Көшенейдің үні – халықпен бірге мәңгі жаңғыра бермек.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған