Еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына 2024 жылғы 24 қарашада енгізілген өзгерістерге сәйкес 2025 жылғы 24 мамырдан бастап Қазақстан азаматтарын тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қою қызметін Ұлттық даму институты мәртебесіне ие Отбасы банк жүзеге асыруда.
Осыған байланысты бұрын Қызылорда қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің құзыретінде болған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезекке қою, тұрғын үй беру туралы шешім қабылдау қызметтері толықтай Отбасы банкке берілді.
2026 жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша Қызылорда қаласында тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың 6 санаты бойынша 34 160 отбасы кезекте тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар 5743. Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар 1186. Апаттық тұрғын үй тұрғындары 583. Әлеуметтік жағынан осал топтар 9247. Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері 8 238. Санаты белгіленбегендер 9167.
2025 жылдың 12 айында тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан 2 451 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Кезекке қою, мемлекеттік тұрғын үйлерді жекешелендіру, қауіпті өндірістік объектілерге жобаларды келісу, қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою/шығару, тұрғын үй сертификаттарын беру қызметтері бойынша сұраныс көп болды.
2025 жылы қалада 1261 пәтер пайдалануға берілді. Пәтерлер әлеуметтік осал топтарға, көп балалы отбасыларға, жетім балаларға және апаттық үй тұрғындарына берілді.
2025 жылы жүргізілген тексеру барысында 4 714 азамат кезектен шығарылды, оның ішінде тұрғын үйі бар азаматтар 4154, басқа қалаға көшкендер 360, жеңілдік негіздері жойылғандар 200
2017–2024 жылдары берілген жалдамалы тұрғын үйлер бойынша 2025 жылы бюджетке 408,6 млн. теңге түсіп, жоспар 142,7%-ға орындалды.
Тұрғын үй кезегінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы 20 наурызда 26 мың азаматтың тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде түсіндіру материалдары тұрақты орналастырылды, тұрғындарды жалған ақпараттан сақтандыру бойынша арнайы мақалалар жарық көрді.
Тұрғын үйге кезекке қою, мемлекеттік қолдау шараларына қатысу және тұрғын үй бағдарламалары бойынша барлық рәсімдер енді Отбасы банк арқылы жүргізіледі.
Азаматтарға тек ресми дереккөздерге жүгіну ұсынылады.
Қосымша ақпарат алу үшін ресми порталдарды пайдаланып, тексерілген мәліметке ғана сену қажет.