Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин:

ТІЛІМІЗ БИІК ТҰҒЫРДА ӨЗ ОРНЫНДА

– Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тіл – Қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген. Атап айтқанда, 9-бап 1-тармақта «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тілі – қазақ тілі» деп тікелей белгіленген, анық көрсетілген. Бізде мемлекеттік тіл біреу, ол – Қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тілі жоқ. Тіліміз биік тұғырда, өз орнында. Мемлекет барда ол ешқашан тұғырдан түспейді. Сол үшін мемлекетті сақтауымыз керек, мемлекетті қорғауымыз керек. Ең бірінші, ел бірлігін ойлауымыз керек.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов:

ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ КӨПТЕН КҮТКЕН ҮМІТІ

– Соңғы жылдары әр қазақстандықтың көңіліне ұялап, жанына жақын бола түскен Заң мен тәртіп, Адал Азамат, Таза Қазақстан сияқты құндылықтар жаңа Конституция жобасының преамбуласы негізіне айналды. Олар Конституцияның барлық нормасының өзегін құрап, болашақ ел дамуының берік моральдық-құқықтық іргетасын қалады. Бұл басты қағидаттар еліміз үшін бетбұрысты кезеңде ұлтымызды ұйыстырып, мемлекеттік шешімдердің әділдігіне деген сенімді нығайтып, әрі қарай орнықты дамуымызға бағдар бергенін атап өткен абзал. Олардың конституциялық деңгейде бекітілуі – жұртшылықтың көптен күткен үмітінің үдесінен шыққан шынайы жауап болмақ.

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев:

ЖАҢА АТА ЗАҢ ОРНЫҚТЫ ДАМУДЫҢ БЕРІК НЕГІЗІН ҚАЛАЙДЫ

Елімізде Мемлекет басшысының Жарлы­ғымен құрылған Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның құрамында болып, өткен аптада комиссия отырыстарына және жекелеген жұмыс секцияларындағы талқылауларға қатыстық.

Конституцияның жаңа жобасы тек комиссия мүшелерінің ғана емес, азаматтардың, саяси пар­тиялар мен қоғамдық ұйымдардың, сарапшы­лардың ұсыныстары мұқият сарапталған соң жарық көрді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастаманы 2025 жылғы 8 қыр­күйектегі Жолдауында жариялағаны белгілі. Қазанның 8-інде Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, құрамына құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Белсенді азаматтар e-Otinish және eGov порталдары арқылы ұсыныс-пікірлерін жолдап, алты айға жетеқабыл уақытта жаңа реформа жан-жақты талқыланды, екі мыңнан астам ұсыныс қаралды. Біздің қаламызда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы парламенттік реформаның негізгі бағыттарына, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер жайына тоқталған болатын.

Конституциялық комиссия отырыстары тіке­лей эфирде көрсетілгендіктен, талқылау­ларда не айтылғанынан бүкіл халық хабардар болды деп ойлаймын. Ал өзгерістерге келер болсақ, жаңа Преамбулада Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтау, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстану, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алу, табиғатты аялау ұғымдарының көрініс табуы еліміздің болашақтағы бағытын нақтылай түсті.

Қазақстандағы басқару нысаны «Күшті Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасымен үндестік тапты. «Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуел­сіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны өзгермейді» деген норма бұрын қорытынды және өтпелі ережелерде ғана бо­латын. Осы жолы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңмен белгіленді.

Жобада бекітілген іргелі қағидаттар еге­мендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етуге негізделді. Жалпы­ұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын ілгерілетудің маңызы айқындалды. Қоғамдық диалогты, адами капиталды дамыту, еңбекқорлық, прогресс пен білім құндылықтарын орнықтыру, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау негіз құраушы қағидаттар қатарына енді.

Жобада Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi орган – Құрылтайдың, халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі бекітілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы атап өткендей, жаңа Конституция туралы түпкілікті шешімді қазақстандықтар республи­калық референдумда қабылдайды.

Жаңа Ата Заңымыз Әділетті әрі Таза Қазақ­станның жарқын болашағына, халқымыздың берекелі тіршілігі мен ауызбірлігін арттыруға қызмет етеді деп сенеміз.

ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗЕГІ – «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»

Конституциялық комиссияның кезекті отырысында жаңа Ата Заң мәселесін қарау ұсынылды. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, жекелеген түзетулер емес, жаңа Конституция қажет. Ал депутат Айдос Сарым пропорционалды жүйенің мажоритарлық жүйеге қарағанда айтарлықтай артықшылықтарға ие екенін айтты.

– «Конституция жобасында отбасы мен балаларды қорғау күшейтіліп, неке институтын нығайтуға бағытталған жаңа нормалар көзделген», – деп атап өткен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, «Қазақстандағы білім және тәрбие беру жүйесі зайырлы екенін Консти­туцияда бекіту қажет», – деген Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсы­бек Құлекеев өз пікірлерін ортаға салды.

Мәжіліс депутаты, Amanat партия­сы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Халық Кеңесі Құрылтайдың баламасы еместігін, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Конституцияға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» идеяларын енгізуді атап өтті.

«Қазақстан заңгерлер одағы» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігі­нің төрағасы Серік Ақылбай адвокатура­ның мәртебесіне қатысты нормалар әлі де нақтылауды қажет ететініне, Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егіз­баев бүгінгі реформа тек білімді ғана емес, елдің болашағы үшін жауапкершілік алатын саяси мінезді талап ететініне тоқталды.

Әділет министрі Ерлан Сәрсем­баев­тың пайымдауынша, Конституция­да соттың санкциясынсыз ұстау мерзімдерін белгілеу қажет емес. Отырыста депутат Снежанна Имашева жаңа Конституцияны қабылдау неліктен орынды екенін түсін­дірсе, Сенат депутаты Нұрлан Бекна­заров Құрылтай мен Халық Кеңесі халық­тың даусын билікке жеткізетін алтын көпір болатынын, Қазақстан Жазу­шы­лар одағының төрағасы Мереке Құлкенов шығармашылықты қорғау жаңа Конституциядағы маңызды норма екенін атады. Комиссияның басқа да мүшелері Ата Заңға енгізілетін өзгерістерге орай ой-пікірлерін айтты.

Кезекті отырыста Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі, Қызылорда облыстық мәслиха­тының төрағасы Мұрат Тлеумбетов жергілікті өкілді орган – мәслихат төрағаларының атынан сөз сөйледі.

– Әділетті Қазақстанның өзегі – «Заң мен тәртіп» қағидатының Конституциямызда көрініс табуы туралы ұсыныс өзекті. «Заң мен тәртіп» – әр адамның өзіне тиесілі негізгі құқықтарын пайдаланудың қажетті шарты. Заң үстем­дігі мен тәртіпке конституциялық пәр­мен берілуі – елімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіндегі мақсаттарымызға жету­­дің бірден-бір факторы. Ұлттық құнды­лықтарымыз бен елдің идеялық бағда­рын Конституцияның кіріспесіне енгізу жөніндегі пікірлер орынды деп санай­мыз. Конституция жобасындағы адам­ның ең жоғары құндылық екені, оның құқық­тары мен бостандығы мақсатындағы жаңалық­тарды қолдаймыз, – деді М.Тлеум­бетов.

Мәслихат төрағасы неке және отба­сы құндылығының Ата заң деңгейін­де қорға­латынына, адами капитал­ды одан әрі дамыту бағыты кеңінен талқыланғанына, бұл заманауи цифр­лық технологиялар мен жасанды интел­лектіні игерген адами капи­талға сүйенген инновациялық экономикаға кеңінен жол ашатынына тоқталды.

МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК ҚҰРЫЛЫМЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨЗГЕРЕДІ

Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстың негізінде әзірленді. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңартылған Конституция жобасында преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді. Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды.

– «Ұсынылған өзгерістер – маңызды әрі ақылға мұқият салынған қадам, олар тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертіп, құқықтық дәлдікті нығайтып, Конституцияның сапасын арттырады», – деп атап өтті Конституциялық комиссияның мүшесі.

Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталуда. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ түсініксіздіктерді болдырмауда үлкен жұмыс атқарды. Жиынтық жобада ұсынылған новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздерін қамтып, оның келбетін түбегейлі өзгертеді. Бұл түзетулер көзделген институционалдық және құрылымдық реформалар үшін үлкен әлеуетке ие.

– «Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтіліп жатыр. Президенттік басқару формасын сақтай отырып, мемлекеттік билік құрылымы айтарлықтай өзгереді», – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар негізгі өзгерістерді де атап өтті: жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді, Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата заң негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігі артады. Бақыт Нұрмұхановтың хабарлауынша, конституциялық новеллалар мемлекет миссиясын, оның функцияларының мазмұнын, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаттарын жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік береді, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен тартуға жол ашады.

Отырыста Қазақстан Конституциясының преамбуласының редакциясы толықтай жаңартылатыны, неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтілетіні, Халық Кеңесі барлық азаматтардың мүддесін білдіретіні, мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіні және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалатыны айтылды.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде комиссия отырыстарына, жекелеген жұмыс секцияларындағы талқылауларға қатысуда.

Ерлан Саиров:

«ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫ ТЕГІН ЖОҒАРЫ БІЛІМ АЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ»

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Конституцияда бекітілген білім беру саласындағы негізгі кепілдіктерге тоқталды.

Депутаттың айтуынша, Конститу­цияда орта білімнің міндетті екені және мемлекеттің оған толық кепілдік беретіні нақты жазылған. Сонымен қатар Қазақстан жастарының тегін жоғары білім алуға құқығы бар.

– «Мұндай құқық әлемнің көп­теген мемлекеттерінде жоқ. Бұлеліміздің жастарға деген ерекше көзқарасының көрінісі. Қазақ­стан­ды тәуелсіз, ықпалды әрі эко­но­микалық тұрғыдан қуатты мем­ле­кет ретінде келесі ұрпаққа табыс­таудағы ең басты міндеттің бірі», – деді депутат.

«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ФРАКЦИЯСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН ҚОЛДАДЫ

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» пар­тия­сы фракциясының Төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен өткен фракция отырысында Конституцияның жаңа жобасы мен оған енгізілген өзгерістер кеңінен талқыланып, маңызды құжатты ел ішінде белсенді түсіндіру жұмыстарының қажеттілігі айтылды.

Серік Рахметоллаұлы жиналған қауымды ел болашағы үшін маңызды құжаттың басым бағыттарымен таныстырып, ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге және шындыққа сәйкес келмейтін арандатушылық жарияланымдардың ықпалына түспей, тек ресми құжатқа сүйене отырып, сындарлы пікір қалыптастыруға шақырды.

Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бірпалаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Конституция жобасының жаңа редакциясында преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылды. Онда адам құқықтары мен бостандықтары — мемлекеттің басты басымдығы ретінде анықталып, бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттік құндылық ретінде бекітілді. Білім, ғылым, мәдениет пен инновацияларды дамыту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыттары ретінде аталып, цифрлық құқықтарды қорғау мен саяси институттарды қайта құру сияқты жаңа нормалар енгізілді. Бұл өзгерістер елдің құқықтық жүйесін заманауи талаптарға сәйкес нығайтуға бағытталған.

«Ауыл» фракциясының депутаттары Ата Заң жобасын бірауыздан қолдап, оның құқықтық мемлекетті нығайту және Қазақстанның одан әрі дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.

Жаңа Конституция бойынша нақты шешім халық тарапынан жалпыұлттық референдумда қабылданады. Конституциялық комиссияның жұмысы одан әрі жалғасуда.

Асхат Аймағамбетов:

«Конституцияның квинтэссенциясы – оның мызғымас рухы»

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі Асхат Аймағамбетов Конститу­цияның Преамбуласы әдетте жай ғана салтанатты сөздер жиынтығы деп қабылданып келгенін, алайда жаңа Конституция жобасындағы мәтін де, мағына да, салмақ та мүлдем бөлек екенін мәлімдеді.

– «Конституцияның квинтэссенциясы – оның мызғымас рухы. Бұл мәтінді оқи отырып, тек құқықтық нормаларды емес, Ұлы даланың мың жылдық тарихының сабақтастығын сақтайтын жаңа мемлекеттік ұстанымды көріп отырмыз. Бұл нормалар – құрғақ сөз бен популизмге қарсы тұратын құқықтық қақпан, құқықтық шеңбер, нағыз иммунитет», – деді депутат.

Ермұрат Бапи:

«Билік пен қоғамның ортақ ықыласы ғана бізді жасампаз болашаққа бастай алады»

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қазір мемле­кет­тілікті, Тәуелсіздікті, елдікті қауіпсіздендіру қам-қарекетін жасау бәрінен де маңызды екенін, сондық­тан Президент ұлттық деңгейдегі саяси трансфор­мация жасау реформасын ұсынғанын мәлімдеді.

«Мен бұл бастаманы толық және сөзсіз қолдаймын. Қоғамда билікті күшейту әрекеті жасалып жатыр деген жекелеген пікір бар. Жоқ! Бұл күшейтудің мәнін біз билікті күшейту арқылы Тәуелсіздікті, ұлттық мемлекетіміздің қауіпсіздігін күшейтіп жатырмыз деп түсіну керек. Әлемдік тәртіп өзгеріп жатыр. Қазақстан осы өзгерістер әлемінде өз Тәуелсіздігін берік ете отырып, жаңа тәуекелдерге дайын болуы керек. Қазіргі геосаяси гәу-гәу асқынып бара жатқан әлемде біздің елдің мемлекеттік билігі бұрынғыдан да монолитті және біртұтас болуы керек. Билік пен қоғамның ортақ ықыласы ғана бізді жасампаз болашаққа бастай алады», – деді депутат.

ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ ҰСЫНЫС…

Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтіп, реформаға байланысты келіп түскен ұсыныстар талқыланды. Комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделген, талқылаудың барлық кезеңі тікелей эфирде көрсетілуде. Отырыс модераторы, Қазақстан Республикасы Консти­туция­лық Сотының төрайымы Эльвира Азимова екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, оның барлығы біртұтас жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті. Азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгеріс­тердің қоғамдық маңызын және реформаға деген жоғары қызығушылықты айқын көрсетеді.

– «Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын көрсетеді: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», – деді Эльвира Азимова.

Отырыста үш негізгі спикердің, атап айтқанда, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның баяндамалары тыңдалды. Олар 2025 жылдың қазан айынан бері түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен түзетулерді ұсынды. Басқосуда «Құрылтай», «Халық кеңесі» бөлімдері талқыланды. Конституциялық комиссия мүшелері Ата заңның жекелеген нормалары, баптары мен бөлімдерін жан-жақты талдады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойып, оның ережесі мен құрамы бекітілген болатын. Комиссия құрамында еліміздің өңір басшыларының арасынан Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бар. Аймақ басшысы Конституциялық комиссияның отырыстарына, жекелеген жұмыс секцияларындағы талқылауларға қатысуда.

Сондай-ақ, Астанаға сапары аясында Үкімет басшысының орынбасарларының қабылдауында болып, Байқоңырда жүзеге асырылатын жобалар, алдағы егін егу науқаны, су тапшылығы, жол мәселесі бойынша ұсыныстар енгізді.

ЖАҢА ЖОБА ЖАРИЯЛАНДЫ

Конститутциялық кеңестің кезекті отырысында Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимова жаңа Конституция жобасының мәтіні «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық басылымдарында, сондай-ақ Конституциялық Соттың ресми сайтында жарияланатынын хабарлады.

Конституциялық комиссияның жұмысы ашық әрі мазмұнды форматта жүргізілуде. Комиссия құрамына заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің өкілдерімен қатар, ғылыми қауымдастық, азаматтық сектор және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қамтыған 130 адам тартылған. Барлық отырыстар Конституциялық Соттың әлеуметтік желілерінде және «Конституциялық реформа 2026» арнайы Telegram-арнасында тікелей эфирде көрсетіліп келеді.

Эльвира Азимова Жаңа Конституция жобасын талқылау барысында түзетулер санына емес, оның жаңартылған мазмұны мен мәніне басымдық беру маңызды екенін атап өтті.

– «Жаңа Конституцияның негізінде адамға бағытталған мемлекеттік модель жатыр. Онда адам, оның құқықтары мен бостандықтары, қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде айқындалған. Сондай-ақ халықтың дәстүрлі құндылықтары, тарихи тәжірибесі, әділеттілік, жауапкершілік және қоғамдық бірлік қағидаттары кеңінен көрініс тапқан», – деді Конституциялық Соттың төрағасы.

Ұсынылған өзгерістердің ауқымын ескере отырып, комиссия мүшелерінің басым бөлігі бұл құжатты тек жекелеген түзетулер жиынтығы ретінде қарастыру мүмкін емес деген ортақ пікірге келген. Мемлекет басшысы бұл ұстанымды қолдап, Жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығаруды қолдады.

Осыған байланысты Жаңа Конституция жобасының толық мәтіні республикалық басылымдарда және Конституциялық Соттың ресми интернет-ресурсында жарияланды.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОР­МАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ӨҢІРЛІК АКТИВ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Конституциялық реформалар жөніндегі өңірлік актив отырысы өтті. Оған мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, қоғамдық кеңестің мүшелері, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жаңа Ата Заңның жобасы әзірленді. Осы мақсатта 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бір аптаға жуық жұмыс жасаған комиссия жеке азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды егжей-тегжейлі талдады. Ашық қоғамдық талқылаулардың, жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде Ата заңның жаңа жобасы әзірленіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Аймақ басшысы жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталып, Сыр өңірі жұртшылығын бұл бастамаға жоғары жауапкершілікпен, белсенді атсалысуға шақырды.

– «Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөнінде бастама көтерді. Бұл ұсыныс Конституциялық реформаны жүзеге асыруға негіз болып, Парламенттік реформа жөніндегі арнайы Жұмыс тобы құрылды. Қазан айынан бері еліміздегі саяси партиялардан, сарапшылардан, саяси-қоғамдық институттардан, үкіметтік емес ұйымдардан, азаматтарымыздан Парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар жинақталды.

Мемлекет басшымыз Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды бесінші отырысында жұмыс тобының ұсыныстарын негізге ала отырып, Қазақстанның алдағы саяси бағыт-бағдарын айқындап берді.

Президентіміз Құрылтайда еліміздегі бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы ретінде Конституциялық реформаға қатысты өз ұстанымдарын жеткізді. Ел тарихындағы маңызды шешімдерді ұсынды.

Жаңа Ата Заңның жобасындағы бірқатар баптар мен бөлімдердің мазмұны тұтас конституциялық моделді айтарлықтай жаңғыртуға, саяси-қоғамдық институттарды жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге негіз болады. Бұл – ел тарихындағы маңызды әрі тағдырлы қадам болмақ», – деді Н.Нәлібаев.

Жиында Парламент Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Қызылорда облысының Құрметті Азаматтары Бекмырза Қайыпұлы мен Мұрат Бақтиярұлы, облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы, облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Мұрат Жолкелдіұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, Конституциялық комиссияның мүшесі Имамзада Қуанышбайұлы өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Үнзила Шапақ:

«Конституция жобасы БҰҰ қағидаттарына сәйкес келеді»

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Конституция жобасының халықаралық стандарттарға сәйкестігін мазмұндық тұрғысынан қарастырды.

«Конституция жобасы Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысында бекітілген егемендік, теңдік және халықтардың өзін-өзі анықтау қағидаттарына сәйкес келеді. Конституция жобасында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі Қазақстан халқы деп бекітілуі халық егемендік қағидатын айқын көрсетеді. Бұл норма Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысы, Адам құқықтары жалпыға бірдей декларациясы, сондай-ақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге үйлеседі. Жалпыхалықтық референдумды халық билігін тікелей жүзеге асыру нысаны ретінде бекіту – демократиялық легитимділікті күшейтеді және халық егемендік доктринасына сәйкес келеді», – деді депутат.

Қоғам және мемлекет қайраткері Мұрат Бақтиярұлы:

Сонымен бір жұмадан астам уақыт Конституциялық комиссияда талдауға түскен Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің нұсқасы жарияланды. Жалпы Конституция ең жоғары заңдық күші бар еліміздің басты құжаты. Ол мемлекеттік құрылымда билік тармақтарының өкілеттіліктерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын анықтайды, мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық тұрақтылықтың, бірліктің кепілі болып табылады, сонымен қатар мемлекеттің құрылымын, басқару формасын, сайлау жүйесін реттейді және елдегі барлық басқа заңдардың бастауы болып есептеледі. Сондықтан да еліміздегі азаматтар Конституциялық өзгерістерге бей-жай қарай алмайды. Оған дәлел ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілердегі жарияланып жатқан олардың сан алуан пікірлері мен көзқарастары. Елімізде тұңғыш Конституция 28 қаңтар 1993 жылы қабылданған болатын. Оның негізгі авторы Н.Шәйкенов еді. Бұл Конституция бойынша елдің басқару формасы Парламенттік -Президенттік республика болды. Екінші Конституция 30 тамыз 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Басқару формасы супер Президенттік болып бекітілді. Оның идеясын беруші Н.Назарбаев, құрастырушылар академик заңгерлер Ғ.Сапарғалиев, С.Сартаев, С.Зиманов, Ю.Басин болды. Сонан бері Ата заңымызға 2007, 2017 жылдары конституциялық өзгерістер енгізілді. 2022 жылы жүргізілген ауқымды конституциялық өзгерістер мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіріп, басқарудың суперпрезиденттілігінен ықпалды парламенті бар президенттік билікке көшуге негіз қалады. Соңғы отыз жылда Ата заңымыз алты рет өзгеріске түскен екен. Енді міне Конституцияның жаңа моделі қабылданбақшы. Мұқият танысып шықтым. Қолданыстағы Конституцияда 99 бап, 9 бөлім бар еді. Жаңа Ата заңда Преамблуа, 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Бұрынғы Конституцияға қарағанда төрт бөлімнің атауы өзгерген, 77 бап қайта жазылған. Демек, мұны толыққанды жаңа Конституция болады деп айтуға болады. Ең бастыларына қысқаша тоқталсам, Қазақстанның заң шығарушы билігі екі палатадан бір палаталы Құрылтайға көшеді. Жаңа вице-президенттік саяси институты енгізіледі. Биліктің біраз бөлігі мен жауапкершілігі осы екі саяси институттарға заңмен бекітіліп беріледі. Сонымен бірге Конституцияда консуль­тативтік және заң шығаруға бастамашылдық өкілеттілігі бар Халықтық Кеңес құрылып, оның құрамына этникалық қауымдастықтың жер­гілікті мәслихаттардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіретін болады. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, Табиғатқа барынша ұқыпты қарау қағидаттары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп бермекші. Білім, Ғылым, Мәдениет, Инновация Конституцияның жаңа идеясы іспеттес көрініс табатын болады. Демек мемлекеттің келешегі минералдық, шикі­зат­тық ресурстар емес, Адами капитал, ел азаматтарының ғылыми-шығармашылық жетіс­тіктері екенін заңдастыру. Дін мен Мемлекеттің ара-жігін нақты ажырату да көрініс тапқан. Өйткені Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады. Азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау нормасы да бекітіліп бермекші. Егер жалпыхалықтық референдумда осы Конституциялық үлкен өзгерістер қабылданатын болса, еліміздің саяси жүйесі өзгеріп, Үкімет пен Парламенттің қабылдаған шешімдеріне жауапкершілігі артатыны сөзсіз. Бұл жаңа мәтін әлі де талқыға түседі. Әсіресе, сайлауға, тілге қатысты нақтылайтын мәселелер бар. Әлемде мінсіз Конституция, мінсіз заң жоқ. Сондықтан да заман ағымына байланысты заңдар да, ішінара Конституция да өзгеріп отыратыны қалыпты жағдай. Еліміздегі миллиондаған азаматтардың пікірлері де әртүрлі. Қазір де елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдайға көңілі толмайтындар жеткілікті. Кемшіліктер мен жетіспеушіліктер де көп. Бірақ бір нәрсе анық, сырттан бізді ешкім келіп жарылқамайды. Оны тек өзіміз жөндейміз. Қоғамды тек эволюциялық жолмен, реформалар арқылы ғана жөндей аламыз. Ол үшін, Жаратқан иеміз, қазақ ұлтының бірлігі мен ынтымағынан айырмасын.

Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов:

ШЕТ ЕЛ АЗАМАТТАРЫНА ҚАЗАҚСТАНДА ӨЗ АЗАМАТТАРЫМЫЗБЕН БІРДЕЙ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ ТЕГІН КӨРСЕТІЛУІН ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ АРҚЫЛЫ ТОҚТАТАМЫЗ

Кеше Конституция реформасы жөніндегі Комиссия отырысында көтерген мәселем: жылда Қазақстанға миллиондаған шетелдіктер келеді, олардың барлығына тегін әлеуметтік қызмет көрсеткен дұрыс емес.

Қолданыстағы Конституцияның 12-бабында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республиканың құқықтары мен бостандықтарын пайдаланады және азаматтар үшін белгіленген міндеттерді атқарады деп белгіленген.

Бұл біздің еліміз шетелдіктерге Қазақстан Республикасының азаматтарына берілген барлық құқықтарды, соның ішінде әлеуметтік құқықтарды біржақты түрде беруге міндеттенетінін білдіреді.

Қазіргі Конституцияны 1995 жылы қабылда­ғанда барлық шетел қонақтарының алдында сондай “тегін” міндеттемені өз-өзімізге мемлекет болып алғанбыз. Кім келді, қайдан келді, қандай мақсат­пен – жұмысымыз жоқ. Қонақ дейміз де – барлық әлеуметтік көмекті, мемлекет жасай­тын қызметтердің барлығын өзіміздің азаматтарымыз­бен бірдей көрсетеміз.

НЕГЕ ӘДІЛЕТТІККЕ ЖАТПАЙДЫ?

Қазақстан Республикасы азаматтарының да мемлекет алдында көп борышы бар: өз құқықтарынан басқа, заңды білуге ​​және оған бағынуға, салық төлеуге, орта білім алуға және әскери қызметте болуға міндетті.

Өз тарапынан Мемлекет олардың құқықтарына, соның ішінде тегін денсаулық сақтау, білім беру және басқа да әлеуметтік қызметтерге кепілдік береді. Ал шетелден келген қонақтардың еңбегі сіңген жоқ. Еш төлем жасатқызбай-ақ барлық қызметті тегін берсек ел бюджетіне айтарлықтай ауыртпалық түсіреді.

Конституция қабылданған кезде біздің елімізге шетелдіктердің ағыны көп болған жоқ. Қазіргі уақытта біздің елімізге жыл сайын шамамен 6,5 миллион шетел азаматтары келеді.

Негізінде Қазақстан Республикасының азаматтары өздерінің салықтарын өздерінің, отбасының емделуіне, балаларының білімін, қауіпсіздігін және мемлекеттік қызметтер көрсетуді қаржыландыру үшін пайдалануы керек.

Қазіргі уақытта кез келген шетелдік ақылы сақтандырусыз да тегін кепілдендірілген медициналық көмек алуға құқылы; олардың балалары мектепке бара алады және оқулықтар мен тамақ ала алады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, ЦОН мен электрондық үкіметтердің қызметтерін тегін пайдалана алады.

Шын мәнінде, көптеген азаматтар мұны әділетсіз деп санайды. Бұл біржақты міндеттемелерді алып тастау және кепілдіктер ұқсас болуы және кейбір мемлекеттер арасында өз ара бөлек халықаралық келісіммен белгіленуі тиіс екіжақты модельге көшу ең оңтайлы болып саналады.

Егер кез келген біздің қазақ елінің азаматына оларға қыдырып, не жұмыспен барған кезде құқықтарын өз елінің азаматтарымен тең дәрежеде қорғауға кепілдік берсе, онда тек сонда ғана Қазақстан осындай міндеттемелерді қабылдауы керек. Мен бұл түзетулерді негізді және әділ деп санаймын.

Елімізге келетін 6,5 миллион шетелдіктің әлеуметтік қажеттіліктерін Қазақстан азаматтарының өз салықтарымен қаржыландыруды тоқтату керек. Қазір көптеген елдердегі біздің азаматтарымыз мұндай тегін әлеуметтік көмек алмайды.

Қарлығаш Жаманқұлова, «Әділ сөз» қорының президенті:

– Референдумда қабылданғаннан кейін Конституцияның жаңа редакциясы сөз бостандығына кепілдік береді. Сондай-ақ цензураға тыйым салу нақты түрде айқындалады. Менің ойымша, адамдар қолданыстағы Конституцияның 12-бабында бар нормаға алаңдаушылық білдіруде, яғни бір адамның құқықтары мен бостандықтары басқа адамның құқықтары мен бостандықтары басталатын жерде шектелетіні туралы қағидаға қатысты. Бұл ретте мұндай шектеулер Конституцияның қазіргі редакциясында да бар және олар Қазақстанның өз еркімен қабылдаған халықаралық міндеттемелеріне, соның ішінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына толық сәйкес келетінін тағы да айтамын. Ешбір бостандық басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын тиісінше тану мен құрметтеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ демократиялық қоғамдағы моральдың, қоғамдық тәртіптің және жалпы әл-ауқаттың әділ талаптарын қанағаттандыру мақсатынан өзге негіздер бойынша шектелмейді. 

Фейсбугтегі парақшаларынан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған