Фото: Нұрболат Нұржаубай
Қызылорда облысы – Қазақстан үшін су ресурстары, экология, ауыл шаруашылығы және өңдеу салалары тоғысқан, ғылымды нағыз практикада қолданатын өңір. Дәл осы жерде ғылыми зерттеулердің абстрактілі емес, қолданбалы сипатта дамуы ерекше мәнге ие.
Қызылорда облысының әлеуметтік саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте өңірдің жоғары білім мен ғылымдағы әлеуетін жан-жақты талқыладық. Облыстағы үш жоғары оқу орнында 20 мыңға жуық студент білім алуда, соңғы үш жылда студенттер саны 21 пайыздан астамға өсті. Бұл – өңір жастарының білімге деген сұранысы тұрақты екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Қорқыт ата университеті базасында SeoulTech-пен бірлесіп іске асырылып жатқан IT және жасанды интеллект бағытындағы бағдарламалар – өңірлік жоғары білімнің жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанының нақты дәлелі. Мұнда білім беру кәсіпкерлікпен, стартап мәдениетімен және нақты технологиялық нәтижелермен тікелей байланыстырылған. Kyzylorda Hub пен ашық коворкинг кеңістіктері өңір жастарына облыстан шықпай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, еңбек нарығының нақты құрылымы айқын: жыл сайын өңір экономикасына шамамен 10 мың маман қажет, оның басым бөлігі техникалық және кәсіптік білім иелері. Осы деректерге сүйене отырып, өңірлік кәсіптер картасы әзірленіп, білім беру тапсырысын дәл жоспарлау тетіктері қалыптасуда. Бұл – кадр даярлауда формальдылықтан кетіп, нақты сұранысқа көшу деген сөз.
Ғылым саласында да жүйелі өзгерістер бар. Өңірде ғылымды басқарудың бірыңғай моделі қалыптасты, ҒЗТКЖ-ға сұраныс экономикадан басталып, университеттер мен ғылыми ұйымдар арқылы нақты нәтижеге ұласатын тізбек құрылды. Қазатомөнеркәсіппен бірлескен ғылыми-технологиялық сессиялар, су ресурстары мен агроөнеркәсіпке бағытталған жобалар – өңірлік ғылымның қолданбалы бағытқа бет бұрғанын көрсетеді.
Қызылорда үшін ғылым – су тапшылығын азайту, экологияны сақтау, аграрлық шикізатты жоғары қосылған құны бар өнімге айналдыру, өңір экономикасын әртараптандыру құралына айналуы тиіс. Бүгінгі талқылаулар дәл осы логиканың дұрыс бағытта қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Саясат Нұрбек,
Ғылыми және жоғары білім министрі