Аумақтан тыс соттылық – мемлекеттің өз аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық қолдану құқығы. Аумақтан тыс соттылықтың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ ауыр және қауіпті қылмыстардың жазасыз қалмауын қамтамасыз ету. Әсіресе халықаралық сипаттағы қылмыстарға (терроризм, адам саудасы, есірткі айналымы, киберқылмыс және т.б.) қатысты бұл қағида ерекше маңызға ие.
Қылмыстық жауаптылық қылмыс жасалған аумақтың заңына сәйкес белгіленеді. Бұл аумақтық қағида деп аталады. Алайда кейбір жағдайларда мұндай қағида жеткіліксіз болып, мемлекет өз юрисдикциясын аумақ шегінен тыс кеңейтуге мәжбүр болады. Осындай жағдайда аумақтан тыс соттылық қолданылады.
Аумақтан тыс соттылық:
-қылмыскерлердің жазадан жалтаруына жол бермейді;
-халықаралық ынтымақтастықты күшейтеді;
-адам құқықтарын қорғауға және бейбітшілікті сақтауға ықпал етеді;
-терроризм мен халықаралық қылмыстарға қарсы тиімді құрал болып табылады.
Аумақтан тыс соттылықтың бірнеше түрі бар. Біріншісі – азаматтық қағида, яғни мемлекеттің өз азаматтарына қатысты сот құзыретін сақтау. Екіншісі – қорғау қағидасы, бұл мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне немесе маңызды мүдделеріне қарсы жасалған қылмыстарға қатысты қолданылады. Үшіншісі – әмбебап соттылық, ол бүкіл адамзатқа қауіп төндіретін қылмыстарға (геноцид, соғыс қылмыстары) қатысты іске асады.
Аумақтан тыс соттылықтың практикалық маңызы өте зор. Бұл институт қылмыскерлердің жазадан қашуына жол бермейді, құқықтық олқылықтардың алдын алады және халықаралық қылмыспен күресті күшейтеді. Сонымен қатар, ол мемлекеттер арасындағы өзара құқықтық көмек, экстрадиция және халықаралық шарттардың дамуына ықпал етеді.
Аумақтан тыс соттылық – халықаралық құқықтағы әділдікті қамтамасыз ететін маңызды тетік. Ол мемлекеттерге өз азаматтарын қорғауға, халықаралық қылмыспен күресуге және заң үстемдігін нығайтуға мүмкіндік береді. Осы қағиданың тиімді қолданылуы халықаралық ынтымақтастық пен өзара құқықтық көмекке тікелей байланысты.
А.Әуелбек
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы