Жаңа жыл қарсаңында Арал қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арнап жаңадан салынған 60 пәтерлік 30 тұрғын үйді табыстау рәсімі өтті. Сондай-ақ Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде де облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға кезекке сәйкес 80 пәтерлік 40 тұрғын үй табысталды. Рәсімдерге құқық қорғау органдарының, жауапты салалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы құрылыс саласындағы, оның ішінде тұрғын үй құрылысындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, жаңа қоныс иелерін құттықтады.

– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға жәрдем береді» деп атап өткен болатын.

Өңіріміз қарқынды құрылыс алаңына айналып, 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынды. Кейінгі үш жылда тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды.

Алғаш рет барлық ауданда 1 800-ге жуық жаңа пәтер жерлестерімізге берілді. Биыл 3600 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд. 785 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде 322 пәтерлік 161 тұрғын үй аудандарда бой көтеруде.

Бүгін – мемлекет қолдауымен баспаналы болған әрбір отбасы үшін ерекше күн! Жаңа жыл қарсаңында жаңа үйдің кілтін алып, отбасылық мерекені өз үйінде қарсы алу қуанышты еселей түседі.

Қоныстарыңыз құтты, іргетасы берік, қабырғасы мығым, ішіндегі әр отбасының шаңырағы татулық пен берекеге толы болғай! Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған