Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі «Руханият орталығында» құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Бүгінде халықпен кездесудің осын­дай форматының жұртшы­лыққа тиім­ділігі айқындалып келеді. «Азамат­тардың барлық сын­дарлы өтініш-тілек­терін жедел әрі тиімді қарастыра­тын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында.

​Қабылдауға келгендердің басым бөлігі тұрғын үй, жұмыспен қамту және жер үлесі мәселелерін көтерді.

​Тереңөзек кентінің тұрғыны баласын тұрақты жұмысқа орналастыру жайын қозғаса, зейнеткер Қызылорда қаласынан тұрғын үй беруді сұрады. Ал, Қалжан ахун ауылының тұрғыны құқық қорғау органдарының шешіміне келіспейтінін жеткізді.

Облыс әкімі әрбір мәселені сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын айтты. Тұрғындардың сұрақтары бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырма берді. Құқық қорғау органдарының басшыларына өз мәселесін жеткізген сырдариялықтар заң аясында тиісті түсіндірме алды.

Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда жалпы саны 50-ден астам азаматтың өтініші қаралды. Ал, облыс әкіміне 20-ға жуық тұрғын өз сұрақтарымен келді.

Қабылдаудан кейін облыс әкімі «Руханият орталығына» жиналған аудан ардагерлерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы маңызды мәселелерді талқылады.

* * *

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге Жаңақорғандағы Оқушылар үйінде аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жаңақорғандықтар негізінен тұрғын үй, жер кезегі, денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақтарды көтерді. Атап айтсақ, зейнеткер мүгедектігі бар баласына тұрғын үй, аудан тұрғыны шипажайға жолдама беру мәселесін қозғады.

Аймақ басшысы барлық сауалға орай заң аясында тиісті шара қабылдауды жауапты сала басшыларына тапсырды.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының түпкі мақсаты – билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату.

Бұл қабылдауда 40-қа жуық азаматтың өтініші жан-жақты қаралып талқыланды. Ал, облыс әкімі 20-ға жуық тұрғынның сұрақтарына жауап берді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған