Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы­мен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтті.Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Форумға ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, салалық қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдар өкілдері, инвесторлар, ардагерлер, студенттер жиналды.

Мемлекет басшысы жерді тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту және жер қатынастары саласындағы мәселелерге тоқталды.

– Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асылтұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр, – деді Қасым- Жомарт Кемелұлы.

Мұнан бөлек Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі ақпа­раттық жүйелерді интеграциялауды, ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа үздіксіз жеткізу үшін әуе тасымалдау әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырды. Сондай-ақ саладағы маман тапшылығы мәселесін көтеріп, шетелдік инвесторларды тарту жұмысын жеделдету қажеттігін атап өтті.

Президент табысқа жеткен әрбір кәсіпкерді өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосуға шақырды. Мемлекет ауыл-аймақтарды көр­кейту үшін көптеген жобаны қолға алды. Инфрақұрылым салудан бастап, ауылға білікті маман тарту мәселесіне дейін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Үкімет биыл аймақтарды дамыту туралы арнайы тұжы­рымдама қабылдады.

Форумда ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қызылорда облысының Құрметті Азаматы, Қызылорда қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Дүйсенбаев Серік Әбішұлы Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін алды.

Қазір халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 миллион адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн. Осы бағытта біз соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Еліміздің негізгі көрсеткіштері тұрақты. Биылғы он айда экономикамыз 6,4 пайызға өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жетті. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа.

Президент ұсынысы:

Мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану қажет. Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асыл тұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Былтырдың өзінде осы мақсатқа 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ шаруашылығын кеңейтем деген кәсіп иелеріне жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік бар.

Президент тапсырмасы:

Жолдауда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Мақсат – мал басын еселеу. Сол арқылы Қазақстанның халықаралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіте аламыз. Бұл мұратқа жету үшін мал шаруашылығын дамытуға оңтайлы жағдай жасау қажет. Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын жалғастырған жөн. Жайылымдық жерлерді тиімді әрі ауыстырып пайдалану тәсіліне баса мән берген дұрыс.

Президент сыны:

Ветеринария саласындағы жағдай мәз емес екенін мойындау қажет. Ең алдымен, бұл саланы материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Мал дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсарту қажет, ветеринар мамандарды ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Ветеринария саласының инфрақұрылымын күшейтуге қатысты жұмысты тиімді түрде жалғастыру керек.

Президент тапсырмасы:

Бұл – жер мәселесі. Халық жердің игілігін көруі керек. Мен бірнеше жыл бұрын заңсыз алынған және иге­рілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу туралы нақты тапсырма бердім. Бүгін осы мәселе бойынша министр баяндады. 2022 жылдан бері 14 мил­лион гектардан астам ауыл шаруа­шылығы жері мемлекетке қайтарылды.

Президент сыны:

Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда, бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Жолдауда мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мәселеге қатысты жоспарлары қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет.

Президент тапсырмасы:

Үкімет қазір мал шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспарын әзірлеп жатыр. Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс. Келесі жылдың ортасында қабылданатын бұл құжатта осы мәселенің шешімдері айқын көрсетілуі керек. Тағы бір түйткіл – жерге берілетін кепілдік құнның төмен болуы. Кадастрлық бағалау жүйесі қазіргі нарықтағы шынайы ахуалға мүлдем сәйкес келмейді. Үкімет бұл мәселеге назар аударуы керек, кадастрлық құнды айқындау тәсілін қайта қарауға тиіс. Жер қатынастары саласындағы кедергілер қазіргі заманға сай шаруашылықтар құруға бөгет болып отыр. Мен Жолдауымда Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді тапсырдым. Құзырлы министрліктер осы маңызды жұмыс бойынша не істеліп жатқанын 7 күннің ішінде баяндауы керек.

Президент ұсынысы:

Жер телімдері электронды конкурс арқылы берілуі қажет. Жер алған азаматтардың ең басты міндеті – жерді тиімді игеру, яғни, берілген жерді кәдеге жарату. Бұған қоса, жер ресурстарына мониторинг жүргізу тәсілдерін қайта қарау қажет.

Президент сыны:

Қазір ауыл шаруашылығы жерле­ріне қатысты деректер толық емес. Мұндай ахуал жерге бақылау жасауға және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алуға кедергі келтіреді. Жерді бөліп-тарату үдерісі бойынша ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы қажет.

Президент ұсынысы:

Су тиімділігін арттырып, ирригациялық желілерді жаңғырту керек. Су қоймаларының шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығы еншісінде. Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға айналып отыр. Агросекторда заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азайтылуда. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Сарапшылардың есебінше, алдағы үш жылда су үнемдеуші технологиялар кемінде бір миллион гектарды қамтитын деңгейге жетеді. Цифрлық шешімдерді енгізу және жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңін қатаң бақылауға алу арқылы су инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдеткен жөн. Су шаруашылығын жаңғырту бойынша жұмыс жеткілікті, алайда бұл ауыл шаруашылығы саласын дамыту жоспарымен өзара байланысты болуға тиіс.

Президент сыны:

Біздің ведомстволар түрлі жоспар­лар мен жол карталарын әзірлеумен әуестеніп кетті. Тіпті, оның көбі өз ара­ларында келісілмейді, жүрдім-бардым жасалады. Мұндайды доғару керек.

Президент тапсырмасы:

Мемлекет жұмсаған әр тиынның қайтарымы болуға тиіс. Бұл даусыз. Қаржыны заманауи су пайдалану технологияларын белсенді қолданатын өңірлерге беру қажет. Сондықтан Ауыл шаруашылығы өндірісінің өңірлік жоспары Үкімет әзірлеп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі бас жоспарына енгізілуге тиіс.

Президент ұсынысы:

Агроөнеркәсіп кешенін қаржылан­дыру тәсілдерін жетілдіру керек. Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі ел тари­хында алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Бұл – осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Несие қолжетімді болуы үшін банктерге құзырлы мекеме тарапынан кепілдік беру тәсілі енгізілді. Биыл «Даму» қоры 1300 несиеге кепіл­дік берді. Сөйтіп несие алуға мүлкі жеткіліксіз көптеген шаруаның, әсіресе, шағын және орта деңгейдегі фермерлердің мәселесі оң шешімін тапты.

Елімізде өндірілетін техника жеңілдетілген лизингпен беріле бастады. Бұл әбден ескірген техниканы жаңартуға арналған өте тиімді шешім болды. Төрт жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы тозып тұрған еді. Бұл көрсеткіш биыл 70 пайызға дейін төмендеді. Осы бағыттағы жұмысты бизнес өкілдерімен бірлесіп, әрі қарай жалғастыру қажет. Қазір шаруалар алып жатқан техниканың 90 пайызы Қазақстанда шығарылған. Еліміздегі 10 зауытта осындай 19 түрлі техника құрастырылады. Олардың қатарында әлемге танымал брендтер бар. Жақында Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарым кезінде John Deere компаниясымен бірге құны 2,5 миллиард доллар болатын стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес алдағы бес жылда елімізде 3 мыңға жуық заманауи техника шығарылады.

Президент ұсынысы:

Агроөнеркәсіп кешенін цифрландырумен нақты айналысқан жөн. Өздеріңізге мәлім, жаппай цифрландыру және барлық салаға жасанды интеллект технологиясын енгізу Жолдауымда басты міндет ретінде аталды. Ауыл шаруашылығы үшін мұның мәні өте зор. Себебі жаңа технологиялар шығынды айтарлықтай азайтып, өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ақмола облысында өткен кеңесте жиналған өнімді тиісінше сақтау және шығынды мейлінше азайту шараларын қамтамасыз етуді тапсырдым. Еліміздегі көптеген шаруа қожалығының қаржылық тұрақтылығы осыған байланысты.

Президент тапсырмасы:

Алдымызда цифрлық технологиялар және жасанды интеллект элементтерінің көмегімен мемлекеттің бидай қорын есепке алатын және бақылайтын тиімді жүйе құру міндеті тұр. Ол үшін қолданыстағы астық қамбаларын жаңғыртып, заманауи элеваторлар салу қажет. Бидайды қабылдауды және жөнелтуді есепке алатын электрондық жүйенің болуы жеке элеваторлар құрылысын қаржыландыру бағдарламасының міндетті бір шарты болуға тиіс.

Президент сыны:

Бүгінде көптеген шаруалар технологиялық жаңашылдықты (смарт-ферма, агродрон, жер серігі технологиясы және ЖИ) белсенді қолдана бастады. Бірақ жалпы ел көлемінде қандай да бір жүйелі өзгеріс­тер болып жатыр деп айтуға әлі ерте.

Президент ұсынысы:

Жекелеген «ақылды» шешімдерден толық цифрландырылған агроөндіріске көшу керек. Әрбір шаруашылық цифрлық технологияларды пайдалануға ниетті болғаны жөн. Мемлекеттік қолдау өндіріске инновацияны, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізіп жатқан кәсіпорындарға берілуі қажет.

Президент сыны:

Агроөнеркәсіп кешеніндегі ақпараттық жүйелерді оңтайландыруды жалғастырған дұрыс. Қазір олардың арасында байланыс мүлде жоқ деуге болады. Көп жағдайда шешімдер қате статистика негізінде қабылданады. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижесі саладағы нақты жағдайды көрсетуге тиіс. Жинақталған мәліметтер агросектордағы цифрлық жүйелерді одан әрі дамыту мен жаңғыртуға негіз болады.

Президент тапсырмасы:

Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды, сондай-ақ мәліметтер сапасын тұрақты түрде бақылауға алуы керек. Электронды агроөнеркәсіп кешені платформасының базасында саланы кешенді басқаруға ықпал ететін ауыл шаруашылығы мәліметтерінің бірыңғай архитектурасын қалыптастырған дұрыс.

Президент ұсынысы:

Терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажет.

Президент сыны:

Еліміздегі агроөнеркәсіп кешені көбіне шикізат шығарумен шектеліп отыр. Мұны ашық айтқан жөн. Ауыл шаруашылығын жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту – маңызды міндет. 2023 жылы агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесі небәрі 35 пайыз еді. Ал биыл 50 пайыз болды. Келесі жылы 70 пайызға толық жетуі керек. Қазір бұл салаға шетел инвесторларын тарту жұмысын тездету қажет. Тиісті жобалар аз емес, олардың бірнешеуімен жиын алдында таныстым, бірақ бір жерде тоқтап қалуға болмайды.

Президент тапсырмасы:

Агроөнеркәсіп кешенінің басты бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Аса маңызды міндеттің бірі – жеке инвестиция тарту жұмысы. Әсіресе, озық технологиясы бар шетел инвесторларын елге әкеліп, оларға қолайлы жағдай жасау қажет. Жолдауда «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай болуы керек деп айттым. Үкімет агроөнеркәсіп кешеніне қатысты 200-ден астам инвестициялық жобаның тізімін жасады. Жалпы құны шамамен 4 триллион теңге (үш жылда) болатын бұл жобалар 12 бағыт бойынша жасалған. Енді осы жобаларға барлық деңгейде қолдау көрсетілуі керек, яғни орталық та, аймақтар да осы жұмысқа белсенді түрде қатысуы керек. Жобалардың қашан және қалай жүзеге асырылатынын мұқият ойластырған жөн. Әкімдіктер және министрліктер жедел әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет.

Президент ұсынысы:

Өнімдерімізді халықаралық нарыққа көптеп шығаруымыз керек. Еліміз астық экспорты бойынша әлемдегі жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Сонымен қатар ұн экспорттау ісінде көш бастап тұр. Қазақстан астығы Орталық Азия, Иран, Ауғанстан елдері секілді дәстүрлі нарықтармен қатар Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Солтүстік Африкаға, атап айтқанда, Бельгия, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Марокко, Алжир мемлекеттеріне де жеткізіле бастады. Бұл біздің астық экспорты географиясының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Еліміз майлы дақылдар мен өсімдік майын да көптеп сыртқа шығара бастады. Өткен жылы біз халықаралық нарыққа 18 мың тоннаға жуық қой етін шығарып, осы сала бойынша 10 озық мемлекеттің қатарына ендік. Дегенмен әлеуетіміз бұдан да мол.

Жалпы, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 5 миллиард доллардан асады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрі 70 мемлекетке экспортталады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетіміз бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Оның үстіне әлемде экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып келеді. Сондықтан стратегия дұрыс түзілсе, «Qazaq Organicfood» бренді халықаралық нарықта лайықты орнын алады. Елімізде органикалық өнімдер шығару стандарттары бекітілді. Осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыру қажет. Брендтерімізді кеңінен насихаттауға барынша қолдау көрсету – салалық құрылымдар мен елшіліктердің міндеті. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 10 жылда әлемде мал етіне сұраныс 233 миллион тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін. Қазақстан еттің осы түрін экспорттаушы ірі елдердің бірі бола алады. Алғашқы кезекте Азия елдерін қамтамасыз етуіміз керек. Қой етін экспорттауда еліміз Моңғолия, Нидерланд, Испания және Франция сияқты мемлекеттерден кейінгі орында тұр. Бірақ бізде жайылымдық жер жеткілікті. Қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін толық таныту үшін жағдай жасау қажет.

Президент тапсырмасы:

Жолдауда аграрлық экспортты дамытудың жоспарын әзірлеу жөнінде міндет жүктедім. Бұл құжат логистиканы, ветеринариялық және фитосанитариялық стандарттарды, сондай-ақ сауатты маркетингтік стратегияны ескере отырып дайындалуы керек.

Президент сыны:

Мәселен, Парсы шығанағы ел­дері біздің ет өнімдерін жыл бойы тасымалдауға ниетті. Бірақ бізде ауыл шаруашылығы өнімдерін әуе көлігімен тасымалдау ісі дұрыс үйлестірілмеген әрі тиісті деңгейде реттелмеген. Көп жағдайда кәсіпкерлер жүкті жеткізу мәселесін өздері шешуге мәжбүр. Бүгін маған тұрақты рейстермен Әмірліктерге ет жеткізіле бастағаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл тәжіри­бені аса дұрыс деп айта алмаймыз.

Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау әуежайлары логистикасы дамыған әрі халықаралық әуе бағыттарымен интеграцияланған өңірлік хабқа айнала алады. Оларға арнайы экономикалық аймақтар аясында артықшылықтар берілген. Әуежайлардың толық қуатында жұмыс істеуі ауыл шаруашы­лығы өнімдерін сыртқы нарыққа үздік­сіз жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл мәселені Үкімет жан-жақты пысықтауы керек.

Президент сыны:

Соңғы кездері ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерден жұмыс күші жетіспейтіні жөнінде көп өтініш түсіп жатыр. Бұл түйткіл, әсіресе, егін егу, жиын-терін науқанында, өндірісті кеңейту немесе жаңа нысандар құрылысы кезінде қатты сезіледі. Маман тапшылығы көршілес елдерден келетін еңбек мигранттары есебінен ішінара шешіледі. Шаруалар квотаны көбейтуді сұрайды. Олардың талабын ішінара орындауға болатын шығар. Бұл өзі қызық жағдай: бірі ауылда жұмыс жоқ десе, енді бірі жұмысшы жетіспейді деп шағымданады.  Әрине, жұмыс бар, бірақ онымен шұғылданатын адам аз. Мұны мойындау керек.

Президент ұсынысы:

Тағы да қайталап айтқым келеді: ауыл шаруашылығы дамы­са, ең алдымен ауылдың жағдайы жақсарады. Мемлекет ауыл-аймақ­тарды көркейту үшін көпте­ген жобалар­ды қолға алды. Инфрақұры­лым салу­дан бастап, ауылға білікті маман тарту мәселесіне дейін ауқымды жұмыс жүргізілуде. 2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүкіл ел бойынша 2,5 мыңнан аса елді мекенде нақты жұмыс атқарылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 600-ден астам бірлестік құрылды. Үкімет биыл аймақтарды дамыту туралы арнайы тұжырымдама қабылдады. Соған сәйкес аудан әкімдерінің құзыры кеңейді. Енді олар ауданды дамыту жоспарын өз деңгейінде, дербес әзірлеп, жүзеге асыра алады.

Президент тапсырмасы:

Әкімдер ірі компаниялармен келісім жасап, бірлескен шаруашылықтардың (кооперативтердің) өнімін өткізуге кө­мектесуі қажет. Жалпы, ауылға жеке инвестиция тарту өте маңызды. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене ат­салысуы керек. Табысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-аймағының өркен­деуіне үлес қосып, қаржы салса, еліміз­дегі көптеген елді мекен көркейе түсері анық.

(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінен)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған