Қазақ халқының рухани әлемінде Абай Құнанбайұлының орны ерекше. Ол – ұлттық әдебиеттің жаңа бағытын қалыптастырған, ойлау мәдениетін өзгерткен, халық санасын жаңғыртқан тұлға. Абайдың шығармашылығы тек поэзия немесе философия ғана емес, ол – қазақ қоғамын өркениетке жетелеген рухани қозғалыстың бастауы. Сол себепті Абайдың мұрасы кейінгі қазақ зиялыларының дүниетанымына, көзқарасына және қоғамдық қызметіне зор әсер етті.
Абай өмір сүрген дәуір – қазақ халқы үшін күрделі кезең еді. Ел ішіндегі ескі салт, рулық тартыс, әділетсіздік пен надандық халықтың рухани өсуіне кедергі болды. Осындай жағдайда Абай өзінің шығармалары арқылы қоғамды оятуға, халықты білімге, ғылымға, әділдік пен адамгершілікке шақырды. Ол өз заманының ғана емес, кейінгі ұрпақтың да рухани ұстазы болды.
XX ғасырдың басында қазақ халқының жаңа бір буыны – қазақ зиялылары қалыптасты. Бұл буынның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты ұлттың ұлы тұлғалары бар. Олардың барлығы да Абайды өздеріне рухани бағыт-бағдар беруші ұстаз ретінде таныды.
Ахмет Байтұрсынұлы Абайды қазақ әдебиетінің биік шыңы деп танып, оның шығармашылығын зерттеп, халыққа танытуға күш салды. 1913 жылы «Қазақ» газетінде жазған мақаласында Ахмет: «Абай – қазақтың бас ақыны» деп атап өтті. Бұл баға Абайдың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесін айқын көрсетті. Байтұрсынұлы Абай арқылы қазақ тілінің көркемдік қуатын танып, әдеби тілдің негізін қалыптастыруға үлгі алды.
Міржақып Дулатов болса, Абайдың ағартушылық идеяларын өз шығармаларында жалғастырды. Ол да халықты оятуға, надандық пен жалқаулықтан арылуға шақырды. Міржақыптың «Оян, қазақ!» атты ұраны – Абайдың рухани мұраттарының жалғасы.
Мағжан Жұмабаев Абайдың поэзиядағы терең ой мен сезім үйлесімін ерекше бағалады. Ол өз өлеңдерінде Абай дәстүрін жалғастырып, ұлттық сезім мен адам жанының иірімдерін терең суреттеді. Мағжанның поэзиясындағы философиялық тереңдік пен эстетикалық әсемдік Абай мектебінің ықпалыныңайқын көрінісі.
Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов те Абай тұлғасын зерттеп, оның рухани әлемін халыққа кеңінен танытқан тұлғалар. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ әдебиетіндегі ұлы мұра ғана емес, Абайдың өмірі мен идеясын мәңгілікке ұлықтаған көркем ескерткіш. Әуезовтің еңбегі арқылы Абай бейнесі бүкіл әлемге танылады.
Абайдың шығармашылығы қазақ зиялыларына тек әдеби немесе эстетикалық тұрғыдан ғана емес, ұлттық сана мен саяси ой тұрғысынан да ықпал етті. Ол адамгершілік, әділдік, еркіндік, білім мен еңбек сынды ұғымдарды ұлттың дамуының негізі деп білді. Бұл идеялар Алаш қозғалысының идеологиясында да көрініс тапты. Яғни, Абайдың ойлары қазақ зиялыларының тәуелсіздік пен азаттық жолындағы күресінің рухани тірегіне айналды.
Абайдың «толық адам» тұжырымдамасы да зиялы қауымның өзіндік санасының қалыптасуына әсер етті. Бұл ұғым – елге қызмет етудің, адамдық парызды орындаудың философиялық мәні. Қазақ зиялылары осы идеяны өмірлік ұстаным етіп, халық мүддесі үшін күресті.
Қорыта айтқанда, Абай Құнанбайұлының шығармашылығы – қазақ руханиятының шамшырағы. Ол өзінен кейінгі буынға жол көрсетті, олардың ұлттық ойлау жүйесін, эстетикалық талғамын, қоғамдық көзқарасын қалыптастырды. Қазақ зиялылары Абайдың даналығынан нәр алып, оны ұлттың болашағын ойлаудың өлшеміне айналдырды.
Абай – өткеннің ғана емес, бүгіннің және болашақтың да ұлы ұстазы. Оның идеялары әрбір қазақтың жүрегінде өмір сүруі тиіс, өйткені Абайды оқу – өз ұлтыңның рухын түсіну, өз санаңды ояту деген сөз.
Нұрислам БАХТИЯР
Әл-Фараби атындағ Қазақ Ұлттық Факультетінің
Журналистика мамандығының студенті