Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарына Ашық хат немесе заңсыз рәсімделген несие құрбандарының жанайқайы

Сенаторлар мен Парламент мәжіліс депутаттарының қолдауымен ҚР АПК 434-бабы, 2-бөлігі, 3 тармағы 2015 жылғы 31 қазандағы №377-V ҚРЗ заңына өзгеріс енгізіліп (3), талап қою сомасы екі мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде жеке тұлғалардың және талап қою сомасы отыз мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғауға байланысты қабылданған болатын.

Осы қабылданған заңның тармағы екінші деңгейдегі Банктердің және азаматтардың келісімінсіз азаматтарға сырттай несие қаражатын рәсімдеу арқылы олардың құқықтарының бұзылуына жол беріп отыр. Азаматтың атына рәсімделген қаражаттың заңсыздығына қарсы сотқа арыз берген уақытта жоғарыдағы қабылданған заң екінші деңгейдегі Банктердің заңсыз әрекеттеріне және алаяқтардың әрекеттеріне заң жүзінде қолдау білдіріп отыр деп түсінеміз.

Республикалық адвокаттар алқасы жоғарыдағы көрсетілген заңның нақты айтқанда ҚР АПК 434-бабы, 2-бөлігі, 3 тармағы, БҰҰ-ның Халықаралық адам құқықтарын қорғау пактілеріне, ҚР Конституциялық құрылымына қарсылығын адам құқықтарының қорғалмайтынын алға қойып наразылығын білдірген.

Жоғарыдағы көрсетілген ҚР АПК 434-бабы, 2-бөлігі, 3 тармағы заңына сеніп, алаяқтық құрбаны сотқа барғанымен халықтың құқығы қорғалмайтынын ескеріп, Банк заңсыздықтарға жол беріп отыр.

Атап айтқанда – несие рәсімдеу бойынша банктік қызметтерді көрсету қағидаларының талаптары орындалмайды.

– Банктік қарыз шартын жасау тәртібі, оның ішінде құжаттардың түпнұсқаларын рәсімдеу және сақтау талаптары бұзылуда;

– Шот иесінің нұсқауынсыз оның шоты бойынша бірнеше мәрте кіріс операциялары жүргізілуде;

– Қарызды өтеу есебіне алынбаған қаражаттың құжаттарынсыз ақша ұстап қалынуда;

– Жасалған банктік қарыз шарты шеңберінде бір жақты тәртіппен жаңа комиссия ендірілуде;

– Жеке есепшот иесінің келісімінсіз салынған тыйым салу сомасынан асатын мөлшердегі ақша бұғатталуда;

– Ішкі ережелерді, рәсімдеу процестері сақталмауда;

– Шот иесінің сұрауынсыз, несиені алғаны жөнінде ешқандай құжатсыз, нұсқауынсыз шотына несие рәсімделуде;

– Борышкердің берешегінің туындау сипатына қатысты жаңылыстыратын жосықсыз іс-әрекеттер жасалуда;

Жеке азаматтардың есепшотын Банк өз мақсатында ақша айналымына айналдырып, заңсыз несие рәсімдеп, пайдаланып отырғаны заңсыздық емес пе?

Нәтижесінде Банктер арқылы заңсыз несие рәсімдеп, оны талап етіп, сотқа дейін апарып, сот жүйесі заңсыз несиелердің жәбірленушісіне ҚР АПК 434-бабы, 2-бөлігі, 3 тармағын алға тартып, яғни берешек көлемі 2000 АЕК жетпейтінін алға тартып, істі қараусыз қалдыру арқылы миллиондаған халық зәбір шегіп отыр.

Қорытындысында заңсыз, айлакерлікпен ешқандай құжатсыз рәсімделген несиені Банк сот орындаушылар арқылы өндіріп алу кесірінен қаншама отбасы зардап шегіп отыр.

Сондықтан осы заңның күшін жоюға мүмкіндік бар ма деген сұрақ әркімді де ойландырады.

P.S. 2000 АЕ көрсеткіш бүгінгі күні 7 млн. 864 мың теңге. Шағын бір кәсіп бастағысы келетін, күнкөріс үшін көлік алғысы келетін, немесе өмірінің қуанышты сәтінің бірі баласын үйлендіргісі, қыз ұзатқысы келетін қарапайым қара шаруа қазақтың алатын несиесінің көлемі осы 7 млн.-ға дейінгі мөлшер. Егер де сотта қаралуы үшін 2000 айлық есептік көрсет­кіштен асатын несие ғана қара­ла­тын болса, алданған, алаяқ­тық құрбаны болған қара халықтың құқығын кім қорғайды?

Хатқа бірнеше Үкіметтік емес ұйым жетекшілері қол қойған

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған