НЕМЕСЕ ЖIГIТТIҢ СҰЛТАНЫ

«Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткiп жатады…

Бұл өлкеде темiр жолдың қос қапталынан бақылап, сахара сар даланың кiндiк тұсы – Сарыөзектiң ұланғайыр жазығы көсiлiп жатады.

Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгендей, темiр жолдың алыс-жақын шақырымдарына қарай өлшенедi.

Ал пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйiткiп жатады…».

Бұл – адамзаттың айтулы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романының басталар беттерiнен үзiндi. Әлемдiк деңгейдегi әйдiк қаламгердiң әспеттi туындысына өзек болған сол өлкеде әлгiнде айтылған шойын жолмен өткен ғасырдың басында жарыса пайда болған «Диiрментөбе» деп аталатын шағын ғана бекет бар. Бiрақ аумағы қанша шағын болғанымен, оның жерi мейлiнше киелі. Киелi болатыны, ол күллi түркi әлемiнiң таудай тұлғасы саналатын Қорқыт атаның мәңгiлiкке дамыл тауып жатқан қорымына табанын төсеп тұрған алақандай айбарлы ауыл едi. Кешегi қылышынан қан тамған кеңес дәуiрiнiң өзiнде бұл маңайдың жұрты байырғы баба әруағын қастерлей жүруден жаңылмапты.

 Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданы­ның орталығы – Жосалы кентi мен Байқоңыр қаласының тура орта тұсына орналасқан, сол замандарда да, қазiргi күндерi де шағын қалпында қалып қойған сол елдi мекенде бұдан сексен жыл уақыт бұрын, тiптi айтылған шығармадағы оқиғалардың өрiс алар шағынан да ертеректе, бiздiң бүгiнгi кейiпкерiмiз шыр етiп дүниеге келген. «Тандыры кепкен өзектер мен тақыр жыралардан қу құлқынға талғау табу үшiн зор шыдамды керек» ететiн сол өлкеде оның балдай тәттi балалық шағы өткен.

Әлбетте, «жерге жел ықтырған ащы кермек түтiнiн будақтатып, дүр сiлкiндiрiп, иә шығысқа, иә батысқа қарай пойыздары зулап жататын» сол атырапта өткен балалық шақ, бәлкiм, тым балдай тәттi бола да қоймаған шығар, бiрақ өзiн өбектеп өсiрген өсиетi мол әке мен қасиетi көп ананың, жанындай жақсы көретiн iнi-қарындастарының ортасында жаздай жайраңдап жетiлген кейiпкерiмiз үшiн шынында осыдан артық шаттықты шаңырақ, осыдан артық тәттi шақ жоқ та шығар. Сондығынан да болар, «пойыздар өтiп кетiп, келесi пойыз жеткенше құлаққа ұрған танадай тына қалатын» сол даңғайыр даланың қапталдан желi, төбеден күнi ұрып тұратын тандырдай тайпақ төсiнде келешек белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi, ғұлама ғалым және айтулы азамат болып құралып қалыптасатын бiр арманшыл бала өсiп келе жатты. Сол арманшылдығына сай өзi де зерек едi, алғыр едi, пысық едi. Етi тiрiлiгiнiң арқасында аудан орталығына барып оқығанда да, үйiн аңсап үрлiккен жоқ, қатарынан қашып дүрлiккен жоқ, қайта сол ортаға тез бейiмделiп, етене сiңiсiп кеттi. Зеректiгiнiң арқасында бiрден сондағы қатарының алды болуға ұмтылды. Сол алғырлығы арқасында қазақ мектебiн бiтiре жүрiп, Кеңес Одағы астанасының төрiндегi өте беделдi жоғары оқу орындарының бiрi – Мәскеу инженерлiк экономикалық институтына оқуға түсiп, оны үздiк дипломмен бiтiрiп шықты. Соңынан осы оқу орны басқару институтына айнала бастаған шағында оның аспирантурасын тәмамдап, ғылымның қия жолына бiржола бет бұрды. Айналып келгенде, осының бәрi жаратқанның жарғысына жазылған жазудай бұлжытпай орындалатын өзiнше бiр заңдылық едi.

Жалпы, өмiрде жөн-жосықсыз, ереже-заңды­лықсыз ештеңе болмайды. Қазақтың пешенесiне жазылған деген ұғымға сыйдырып айтатын осы заңдылығы бiздiң кейiпкерiмiздi де аттап өткен жоқ. Сондықтан елiмiз егемендiк алып, республикадағы әрбiр облыс пен олардың орталықтары өзiнше өсу мен өркендеудiң өткелегiне ендеп енiп жатқан кезде әуелден әңгiмемiзге әуезе болып отырған Бақберген Досманбетов те Сыр бойындағы бас қалада жүзеге асырылған жаңартулар мен жаңғырулар жаңғырығының басында тұрған болатын. Егемендiктiң әдепкi елең-алаң шақта­рын­дағы қиындықтары мен күрмеуi қатты түйiндерiн шешуге бел шеше кiрiскен санаулы шенеунiктердiң сапында ол да атойлап, аттан салып жүрдi. Сол кезеңдегi суықтан сыны, ыстықтан ыпыны қашқан елдiң еңсесiн көтеруге еңбек сiңiрушiлер көшiнiң басынан табылды. Ақырында елiмен бiрге күлден көктеп көтерiлген Феникстей жаңаша түлеп ұшты.

Қазiр қарап тұрсақ, содан берi де отыз жылға жуық уақыт аттай арқырап өте шығыпты. Бүгiнгi күннiң өлшемiмен алып қарағанда, бұл – есепсiз көп мерзiм. Осы пәйт пәрменiнде талай нәрсе өзгерiске түсiп, талай дүние алмасып үлгердi. Сөйткенмен, басында iргесi дұрыс қаланған, атымы түзу түзiлген тiрлiктiң таңбасы мен табаны қаншама жылдардың парақтарымен жабылып қалды дегенмен, бәрiбiр ақшағылға көмiлген алтындай болып, әр жерден бiр жарқ етiп көрiнiп қала бередi екен. Мен мұны Қызылордаға әр барған сайын сезiнiп қайтамын. Қаланың әр қиырынан, әр түкпiрiнен ол басқарған кезден қалған айшықты қолтаңбаларды анық байқаймын. Байқаймын да, сол замандарда қала басшылығының тiзгiнi тап Досманбетовке берiлгенiне қатты разы боламын. Қандай жұмысты атқарса да, он ойланып, тоғыз толғанбай бастай салмайтыны өз алдына, әрбiр iргелi iске шығармашылық тұрғыдан қарамай тұра алмайтын пайымды азаматтың қиын қыстау күндердiң өзiнде келешек үшiн келiмдi тiрлiк iстегенiне көзiм жетiп, ерекше тәнтi тұрамын.

Бiз бiлетiнде, сонау тоқсаныншы жылдардың басында Қызылорданың көшелерiнiң бәрi дерлiк көлiктер сапырылысын көтере алмайтындай өте тар болатын. Бiр кездерi нобайы ат арба жүруге лайықталып жасалған үлкен төрт көшеден құралған ежелгi Ақмешiттiң содан кейiнгi жылдары қатарға қосылған сондай орамдары аз емес едi. Осы күнгi Ахмет Байтұрсынов атындағы көшенiң бас жағына, мәселен, мотоциклден үлкен көлiк ендеп кiре алмайтын. Ал Әйтеке би көшесi болып Орталық базарға қарай алып баратын жылуан жолдың бiр кездерi бұдан кемiнде үш есе енсiз болғанын бүгiнде көзге елестетудiң өзi мүмкiн емес сияқты. Қазiр Абай даңғылы болып тұрған көшенiң де бұдан әлдеқайда ширақ болғанын қала тұрғындары жақсы бiледi. Мұның арғы жағынан жалғасып кететiн Тасбөгет кентiне апа­ратын трассаның табанына тастан басқа ештеңе жалатылмағанын былай қойғанда, оның екi жағына көк жиденiң ну тоғайы самсап өсiп тұратын. Дәл бүгiн қаланың орталық көшелерiнiң бiрiне айналып, оның күретамыры секiлденiп көрi­нетiн  Желтоқсан  бұрынғы  Восстание кезiнде қандай едi.

Осылардың барлығы да облыстың әкiмi Бердiбек Сапарбаев, қаланың басшысы Бақберген Досманбетов болып тұрған шақтарда қолға алынып, жөнге келтiрiлдi. Iргесi қаланып, негiзi салынып кеткен сол жобалар кейiн облыс әкiмi Серiкбай Нұрғисаев, қаланың мэрi Қожахмет Баймаханов болып тұрған уақыттары шегiне жеткiзiле атқарылды. Елiмiз егемендiк алып, тәуелсiздiкке қол жеткiзген жылдардағы жаңарған, жасарған Қызылорданың бүгiнгi бетбейнесi осылай қайтадан қашалып шықты. Демек, қазiргi күндерi көне шаһардың заман талабына сай жыл санап жаңғырып жатуының iлкi басында аталған тұлғалардың тұрғандығы ешқандай күмән-күдiк туғызбаса керек. Мен осы күндерi бүкiл саналы ғұмырын елiмiздiң бiлiм жүйесiне, ғылым саласына бағыттаған, әлi де арнап келе жатқан Бақберген Досманбетовтiң өзiн өзгеше бiр қырынан жарқыратып көрсеткен, басқаша бейiмнен танытқан толайым тұстарының бiрi Қызылорда қаласының әкiмi болған жылдары-ау деп ойлаймын. Бұдан кейiн Бақберген Сәрсенұлының Парламент Сенатының қатарынан үш мәрте депутаты болып сайлануына да осы жылдарда елi мен халқына сiңiрген елеулi еңбектерi тiкелей әсер еттi. Бiрақ басында бәрi басқаша едi. Бiр кездерi Н.В.Гогольдiң есiмiмен аталған, қазiр Қорқыт ата атындағы мемлекеттiк университет болып отырған Қызылорда педагогикалық институтына 1971 жылы оқытушы болып қызметке кiрген Бақберген Досманбетовтiң бар көздегенi ғалым ретiнде ғылыммен айналысу, ұстаз ретiнде шәкiрт тәрбиелеу болғаны айна-қатесiз ақиқат. Сол себептi де ол арада екi жыл өткенде, мана айтылған Мәскеу басқару институтының аспирантурасына аттанды. Оны 1976 жылы аяқтағасын, ғылым кандидаты дәрежесiмен институтқа қайта оралды. Бұдан кейiнгi жиырма жылға жуық уақыт мұғдарында алдымен аға оқытушы, сосын кафедра меңгерушiсi, проректор болып сатылай өсiп келген ол соңынан институт басшылығы тiзгiнiне де қол жеткiздi. Алайда, «Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел» деген рас екен, 1996 жылдың желтоқсан айында мезгiлдiң ұйтқи соққан самалы Бақберген Сәрсенұлын өзi үшiн мүлде басқа болып саналатын ортаға – қала әкiмдiгiне басшы етiп жетелеп әкелдi. Мiне, осы кезде оған iргесiн 1885 жылы Мәскеу биржа қоғамына қарасты Александр коммерциялық училищесi деген кәсiптiк мектептен алып, 1919 жылы өнеркәсiп-экономикалық техникумы болып қайта құрылатын, сосын оның институтына айналатын, 1930 жылы инженерлiк-экономикалық институт болып аталатын өте байырғы бiлiм мекенiнiң қала құрылысы мен шаруашылығы факультетiн, ал 1975 жылы С.Орджонокидзе атындағы басқару институты болып өзгерген оқу орнының аспирантурасын инженер-экономист мамандығы бойынша бекерден-бекер бiтiрмегенiн көрсететiн күреске толы күндер туып едi. Облыстың сол кездегi әкiмi Бердiбек Сапарбаевты, шамасы, Досманбетовтің қала шаруашылығы үшiн таптырмас сирек мамандықтың иесi болғаны өз алдына, сонымен бiрге оның қашанда жаңалыққа жаны құштар, iздену мен үйренуден тынбайтын, зерттеу мен зерделеуден танбайтын қасиеттерi қызықтырса керек. Мұнда тағы сол кез «құланның қасуына – мылтықтың басуы» дегендей, Қызылорда арнайы экономикалық аймағының құрылуы шешушi роль атқарып кеттi деп ойлаймын. Олай дейтiнiм, тек Сыр өңiрi ғана емес, бүкiл елiмiз үшiн жұмбағы мол жүйе болып келiп жатқан әкiмшiлiк құрылымды басқаруға қоғамның өткенiнен де, бүгiнiнен де мол хабары бар, ұйымдастыру қабiлетi жоғары, көпшiлiкпен етене жұмыс жасаса алатын, ең бастысы, нарықтық қатынастардың жай-жапсарын жақсы бiлетiн, демек, экономика мен қала шаруашылығын бiрдей меңгерген маман қажет болды. Сол қажеттiлiк таңдауды профессор болып, ғылыммен шұғылданып отырған Бақберген Досманбетовке түсiрдi.

Қазiр бiз бүгiнгi күн биiгiнен қарай отырып, бұл тандемнiң қала үшiн көп позитивтi жақтары болғанын батыл айта аламыз. Бұған жоғарыда айтылған Қызылорда арнайы экономикалық аймағының құрылуы да, оның басында Бақберген Досманбетов сынды ғылым мен өндiрiстi, бiлiм мен қала шаруашылығын ұштастыра бiлген бiлiктi маманның отыруы да айтарлықтай оң серпiн бердi деп есептеймiз. Ал облыс орталығында мұндай құрылымның бой көтерiп, iрге қалауында сол кездегі облыс әкімі Бердiбек Сапарбаевтың еңбегi ерекше болды. Мұнда облысқа осындай басқару жүйесiнiң керек екенiн дәлелдеу үшiн ең алдымен аймақтың экологиялық жағынан дағдарысқа ұшырағаны алға тартылды.

Осылайша 1996 жылдың 8 қазанында Президенттiң «Қызылорда арнайы экономикалық аймағын құру туралы» №3123 Жарлығы шықты. Оған басшылық жасау үшiн бәрiне тәуекел етiп, Бақберген Досманбетов жұмыс басына келдi. Аймақтың барша жұмысы Жарлықта атап көрсеткен әлеуметтiк-экономикалық дамудың негiзгi мiндеттерiн жүзеге асыруға бағытталды. Олардың алдыңғы легiнде облысқа инвестиция тарту арқылы экономиканы көтеру, кәсiпкерлiк саланы жандандыру, аймақта өндiрiлетiн өнiмдердiң жаңа түрлерiн көбейту, сыртқы экономикалық байланыстар өрiсiн кеңейту сияқты қадау-қадау шаруалар болды. Мұның арғы жағында табиғи ресурстарды кешендi әрi тиiмдi игеру, аймақтың экспорттық мүмкiндiктерiн арттыру межелерi тұрды. Осы бағдарламалық жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында сол жылдары Ресей, АҚШ, Германия, Үндiстан, Канада, Оңтүстiк Корея, Түркия, Болгария, Чехия, Израиль, Дания, Иран және Қырғызстан тәрiздi көптеген елдердiң кәсiпкерлерiмен және компанияларымен инвестициялық жобалар бойынша қарым-қатынастар жасалды. Облыс аумағында мұнай өндiру жаңаша қарқын алды. Соның сыңайында қаншама жаңа өндiрiс орындары құрылды.

Бiздiң жоғарыда айтып өткен қала шаруашы­лығына байланысты алғашқы атап өтерлiк iргелi жұмыстар осы арнайы экономикалық аймақ дүрiлдеп тұрған жылдары жүргiзiлiп қалды. Және ол тек шаруашылық-құрылыс тiршiлiктерiмен ғана шектелiп қала салған жоқ. Осы жылдарда аймақтың әлеуметтiк мәселелерiн шешу бағытында пәр­мендi жұмыстар қолға алынды. Жергiлiктi мұнай компанияларымен меморандум жасасып, олардың қаржыларын облыстың әлеуметтiк саладағы проблемаларын шешiп алу бағытында да көптеген iстер атқарылды. Бiз мақаламызда бәрiн тiзiп шығуды мақсат тұтпағандықтан, бұл жөнiндегi тұжырымымызды осымен тиянақтап, сол кезде тiкелей Бақберген Сәрсенұлының инициативасы арқасында жүзеге асқан бiрер жобаны ғана атап өтейiк. Соның бiрi қала басшысының қалалық газет пен қалалық телевидение ашуы болды. Бұлардың екеуi де сол жылдары алдымен экономикалық аймаққа, сосын жалпы қалаға қызмет еттi. Ал осы жұмыстарды үйлестiрiп отыру үшiн жанына әкiмнiң орынбасары етiп белгiлi журналист қана емес, сол тұстары жас ғалым, ғылым кандидаты атанып үлгерген Бауыржан Омаровты алды. Мұның өзi де Бақберген Сәрсенұлының жақсыға үйiр, жаңалыққа жаны құштар қасиетiн танытатын тiрлiк-тiн. Оның расында да университетте ректор болып жүрген кезiнде оқу орнына жаңаша леп әкелетiн жастарды iздеп Алматыға барып, өзi бұрын жақсы тани қоймаған, бiрақ белгiлi кiсiлерден олар жөнiнде жақсы пiкiрлер мен баға алған, сол кезде ендi ғана ғылым кандидаты атанып жатқан осы Бауыржан мен Амантай Шәрiп­тi жанына проректорлық қызметке шақыруы да осы сөзiмiздi тiрiлте түседi. Обалы не керек, екi iнiсi де ағасы артқан сенiмдi молынан ақтады. Сол жылдары Бауыржан ұдайы жанында болса, Амантай кейiн облыстық телерадиокомпанияны басқарды. Ал жоғарыда айтылған телеарнаға жетекшi етiп, сонау Байқоңырда жүрген талантты ақын,  журналист Шәкизада  Әбдiкәрiмовтi қала­лық газетке қарымды журналист Сәрсенкүл Биқожае­ваны әкелдi. Бүгiнде «Қоғам ТВ» деген атпен қалың жұртшылыққа жақсы танылып отырған теле­арна мен «Ақмешіт ақшамы» газетінің негiзiн әу басында осылай Бақберген Досманбетов қалап берген едi.

Бақберген Сәрсенұлы кейiн Сенат депутаты болған жылда­рында да өзiнiң белсендi қоғамдық позициясын үнемi көрсетумен болды. Осы жылдарда сенатор­лық қызметiнен бөлек, ғалым-зерттеушi ретiнде де өте жемiстi жұмыстар жасады. Бiлiм беру жүйесiнде өзiндiк орны мен өрнегi бар «Болашақ» атты университеттi ашып, табанынан тiк тұрғызды. Осы оқу орнына сiңiрген еңбегi үшiн Англиядағы атақты Оксфорд университетiнiң «Ғылымдағы атағы үшiн» аталымы бойынша «Сократ» орденi­нiң иегерi атанды. Ол – кәрi құрлықтағы беделдi 27 университеттiң ректорларынан құралған «Еуропадағы ректорлар клубының» шешiмi бойын­ша берiлетiн мерейлi марапат. Бұдан қалды, өзiнiң сонау 1992 жылы докторлық диссертациясына тақырып болған демографиялық және еңбек әлеулетi статистикалық бағасы тәсiлдемесi бойын­ша қаншама жұмыстардың оябын кел­тiрдi. Бұлардың бiразы әр жылдары мерзiмдi басы­лым­дар беттерiнде жарық көрдi. Мұның бiр қадау бөлiгi сенаторлығы кезiнде «Ұстаным» деген атпен жеке жинақ болып басылып шықты. Онда ғалым депутаттың тәуелсiз елiмiз туралы толға­ныстары топтастырылды. Ал мұның алдында бiршама уақыт бұрын оның «Сүйем сенi, Сыр елi» деген естелiк iспеттес кiтабын оқып, бiр сүйсiнгенбiз. Бұл жинақтың ерекшелiгi де, құндылығы да сол, ондағы көлгiрсiген көп кәлиме, өршiп жүрген өтiрiк сөз жоқ, автор бәрiн болған болғанындай, өзi көрiп қабылдағандай, түй­сiнiп сезiнгендей қалыпта барынша жатық тiлмен жатырқамай баяндап бередi. Сондықтан да құдды көркем шығарма парақтарын қайырып отырғандай әрбiр бетiн құныға да, қызыға оқисың. Жақсы желiден арқау тарқатқан хикая iспеттес кiтап түкпiрiндегi шынайылығы мен тазалыққа сүйсiнесiң. Осы арқылы авторын да тереңiрек тани түскенiңдi сезiнесiң. Шыны керек, өз басым Бақберген Сәрсенұлын баяғыдан тәп-тәуiр бiлетiн­дей көрiп жүрушi едiм. Сөйтсем, бiлмейтiнiм тiптi де көп екен. Тек мына кiтаптан кейiн ғана оны бұрынғыдан бетер жақсы тани түскенiмдi байқадым.

Ойлап қарап тұрсам, бүгiнгi кейiпкерiмдi алғаш рет көрiп, та­нысқаныма биыл тура отыз бес жыл толыпты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары мен Алматы жоғары партия мектебiн бiтiрiп келiп, Қызылорда облыстық партия комитетiне қызметке алындым. Бұл – бұрынғы үгiт және насихатқа бiлiм және ғылымның қосылып, «идеология бөлiмi» атанған кезi. Мен осы бөлiмге тап келдiм. Күндердiң күнiнде бөлiм меңгерушiсi Жәлел Бәкiровтiң алдында осы Досманбетовпен танысып қалудың орайы келдi. Сонда-ақ бiрден байқалғаны, жұрттың бәрiмен тез тiл табысып кететiн, ешкiмдi жатырқай қоймайтын, үлкендi үлкендей, кiшiнi кiшiдей сыйлай бiлетiн, барынша ашық-жарқын, қалжың сөзден қағажуы жоқ, сонымен бiрге өте жiгерлi адам екенi болды. Кейiнiрек бiз облыстық газетке ауыстық. Осыдан кейiнгi жылдары кейде аудандарға бiрге iссапарға шығып тұратын кездерiмiз де кезiгiп тұрды. Ал берiректе бiз республикалық «Егемен Қазақстан» газетiнiң облыстағы тiлшiсi, ол кiсi сенатор болып жүрген кездерде мұндай сапарлар бұрынғыдан да жиi болып қалушы едi. Соның бәрiнде де оның сонау алғаш көрген кезiмдегi жайдары да жаймашуақ қалпынан ешқандай өзгермегенiн, бойынан қашанда оңды қуат тарап тұратынын аңғаратынмын. Бұл, бәлкiм, хәкiм Абай айтатын «асыл адам айнымастың» нақты дәлелi ме екен?!

Абай демекшi, оның сүйiп оқитын қалам­герлерiнiң алдыңғы сапында осы ұлы ақынның тұрғанын да жақсы бiлемiз. Дала данышпанының көптеген өлеңдерiн жатқа оқумен қатар, қара сөздерiнен бал тамыза отырып, қаймақ айыра бiлетiн оның өмiрлiк кредосы да сонда айтылатын тұжырымдармен үндесiп жатады. Әдетте адам өзi сырттай да болса сүйсiнiп жүретiн кiсiсi жөнiнде көбiрек бiлгiсi келедi. Бiз үшiн сондай тұлғаның бiрi осы Бақберген Сәрсенұлы едi. Сондықтан оның баяғыда Қызылорда педагогикалық институтына оқытушы болып алғаш қызметке тұрған кезiнен бастап, қазiрге дейiнгi бiраз тыныс-тiршiлiгiнен хабарымыз бар сияқты. Оқу орнына келген күнiнен оның комсомол комитетiн басқарғаны, спорттың талай түрiмен айналысқанын да, талай концертке көрiк бергенiн де естiгенбiз. Арасында өлең жазып жiберетiнiн де бiлемiз. Талай сапарға бiрге шығып жүргенде, аңшылықты кәсiби жоғары деңгейге дейiн жеткiзiп қойғанына да көз жеткiздiк. Былайынша айтқанда, онда азаматтардың сойына жарасатын жақсы үрдiс-дәстүрдiң бәрi де бар. Сондықтан да мақаламыздың бастақырыбын осылай деп қойдық. Өйткенi, еңiстен салсаң, төске озатын, етектен салсаң, кешке озатын оның тiршiлiкте қолынан келмейтiн нәр­сесi аз. Егер қылшылдаған жас кезiнде тап қазiргiдей жiгiт-желең жоғарыдағыдай атақ үшiн жарысқа түсетiн болса, оның да бәйгесiнiң басын бермейтiнiне бәс тiгуге болады. Сол Досманбетов әлi де тұғырынан түсiп тұрған жоқ. Уақыттың қандай да бiр жаңалығының көшi алдында жүредi. Әлi есiмде, ертеректе жұрттың көбi не екенiн бiле қоймайтын кездерi цифрлы фотоаппарат дегендi де өз басым бiрiншi рет осы кiсiнiң қолынан көрiп едiм. Ал қазiр компьютердiң құлағында ойнап отырғанына куә болып жүрмiз.

Осыдан бiрнеше жыл бұрын Қызылордада өзi салып жатқан үйiн апарып көрсеттi. Оның жобасы, архитектуралық шешiмдерi түгел өзiнiкi болып шықты. Салынып жатқан жайдың барлық жайжапсары қатты ұнады. Сонда дайын тұрған архитектордың өз орнын таппай қалғанын байқағандай болдым. Бiрақ тап солай дейiн десем, бұл кiсi жалғыз бұл сала емес, өзiнiң бiлiктi экономист-ғалым екендiгiн айтпағанның өзiнде, өмiрге қажеттi басқа да көптеген тетiктердiң тұтқасы бола алатын бесаспап тұлға екен. Таланттың сан қырлы болатыны осылай танылатын шығар.

Шыны керек, мен бұған дейiн Бақберген Сәр­сенұлы туралы екi рет жазбақшы болып едiм. Оның бiрiншiсi – жаңа ғана сөз етiлген тұрғын үйiн көргеннен кейiн болса, екiншiсi жоғарыда аталып өткен кiтабын оқып шыққан кезде ойға оралып едi. Бiрақ екеуi де кезiнде әртүрлi себептермен орындалмай қалды. Әйткенмен, «Ештен кеш жақсы» деген, сол екi рет лап етiп көтерiлген ойлар­ды қағазға түсiрiп шығудың ыңғайы ендi келдi.

***

«Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығыс­қа қарай жүйткiп жатады…».

Серік ПІРНАЗАР,

журналистика және мәдениет қайраткері

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған