Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов Арал ауданына жұмыс сапарымен барды.

Сапар кезінде облыс әкімі бастаған топ Арал қаласындағы Бақтыбай батыр көшесінің автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Аталған жобаның сметалық құжаттамасы 2023 жылы әзірленген. Құны 1 млрд. 604,9 млн. теңге, мердігері – «Арал құрылысы» серіктестігі. Қазір Байқоңыр көшесінен І.Жүсіпов көшесіне дейінгі аралықта ескі асфальт жабындысы қырылып, жол тегістеліп, қиыршық тас, асфальттың бірінші қабатына қара қиыршық тас жайылуда.

Жоба аясында 2,3 шақырымдық көшеге ені 12 метр асфальт төселеді. Сонымен қатар жолдың екі жағынан ені 1,5 метр жаяу жүргіншілер жолы салынып, түнгі жарықшамдар мен аялдамалар орнатылады. Әбілқайыр хан көшесінен №260 орта мектепке дейінгі аралықта ені 5,5 метр асфальт төселіп, 4 бағдаршам жаңартылып, 1 жаңа бағдаршам қойылады.

Аймақ басшысы мердігер мекемеге негізгі талап сапа мен жұмыстың уақытылы аяқталуы екенін ескертті. Құрылыстың әр кезеңін бақылауда ұстап, белгіленген мерзімнен кешіктірмеуді қатаң тапсырды.

Сапар барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сексеуіл кентіндегі 300 орындық «Келешек мектебінің» ашылу рәсіміне қатысты. Конституция мерекесі қарсаңындағы салтанатты басқосуға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева мен зиялы қауым өкілдері арнайы келді.

Облыс әкімі тұрғындарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, білім саласындағы жетіс­тіктерге тоқталды.

– «Сіздерді жаңа бастамалар мен үмітке толы мереке 1 қыркүйекБілім күнімен шын жүректен құттықтаймын! «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған бұл білім ордасы оқу мен ізденіс арқылы әр баланың болашағын айқындайды.

Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қол­дауы­мен Сыр өңірінде байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар жүзеге асуда. Облысымыздың бюджеті 823 млрд. теңгеден асып, 2022 жылдан бері 226 пайызға өсті.

2023 жылдан бері облыстық бюджет есебінен 5 млрд. 700 млн. теңгеге 9 мектеп жанынан 2 900 орындық қосымша ғимарат салынды. Нәтижесінде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

«Білімді қолдау қоры» арқылы 8 млрд. 400 млн. теңгеге Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физикаматематика бағы­тындағы, жатақханасы бар 400 орындық мектепинтернат ел игілігіне табысталды. Мұн­да оқу үшін еліміздің 17 аймағынан 1 445 оқушы өтініш білдіріп, білім бәйгесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 200 бала қабылданды.

Аталған қор есебінен 2 млрд. 333 млн. теңгеге Арал ауданы Мергенсай елді мекенінен 150 орындық заманауи мектептің құрылысы жүруде. Нысан қараша айында пайдалануға беріледі.

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда өңіріміздегі 51 мектеп күрделі жөнделеді. Биыл облыстық бюджеттен 2 млрд. 400 млн. теңге бөлініп, 9 мектеп қайта жаңғыртудан өтті. Соңғы үш жылда 5 млрд. 300 млн. теңгеге 15 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен үш жылда апатты жағдайдағы 7 мектептің мәселесі толық шешімін тапты.

Өңіріміздегі апатты деп танылған 3 білім ордасын республикалық бюджет есебінен жаңадан салу жоспарлануда. Министрлікпен келісім бар. Қайтарылған активтер есебінен 8 млрд. 200 млн. теңгеге 5 мектептің құрылысы қаржылан­дырылады. Жаңа мектеп баршаңызға тағы да құтты болсын! Еліміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа биіктерге жетелейтін білім жолы әрдайым жарқын болсын!», – деді Н. Нәлібаев.

Жиында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры­ның басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева сөз сөйлеп, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Аймағымыздың білім беру саласына соңғы үш жылда 812 млрд. 245 млн. теңге, биыл 346 млрд. 800 млн. теңге қаралды. Қаржыландырудың барлық көзінен өткен жылы 31 млрд. 800 млн. теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд. 400 млн. теңгеге 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Бүгінде 3 мың орындық 6 мектеп ел игілігіне табысталды. Қалған 4 мектептің біреуі бүгін салтанатты түрде ашылды, екеуі жаңа оқу жылына дайын.

Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауда­нының Тоқабай ауылындағы 100 орындық мектеп пайдалануға берілді.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын игі бастаманың іске асуымен құттықтады.

– «Жаңа оқу жылы қарсаңында Сыр өңірінің шежірелі мекені, топырағына құт дарыған, берекесі мен бірлігі жарасқан айдынды Арал ауданында Өздеріңізбен жүздескенімізге қуаныштымыз.

Бүгін Тоқабай елді мекенінде №248 орта мек­тептің жаңа ғимаратының ашылуына жиналдық. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейінгі салынған мектеп ғимаратының сапасы сын көтермей, апатты жағдайда деп танылды. Ауыл балалары уақытша әкімдік ғимаратында білім алып келді. Осы жағдайды ескеріп, өткен жылы демеушілік есебінен мектеп ғимаратын қайта салуды қолға алған болатынбыз. Алдымен негізгі оқу корпусының құрылысын аяқтап, балалардың жайлы жерде білім алуына жағдай жасадық. Бүгін құрылыс толық аяқталып, пайдалануға берудеміз.

Аймағымызда әрбір баланың шығармашы­лықпен, спортпен айналысуына мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалуда. 2022 жылдан бері өңірімізде жаңадан 15 мәдениет нысаны бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Барлық 7 ауданда «Руханият орталықтары» салынды. Қызылордада «Отбасы орталығы», «Анаға тағзым», «Өнер орта­лығы», облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды.

Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатом­өнеркәсіп» ұлттық атом компания­сының» қол­дауымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты бой көтеруде. Нысан алдағы қараша айында пайда­лануға беріледі.

Соңғы үш жылда 20 спорт кешені іске қосылды. Биыл  тағы 6 спорт кешені келушілерге қызметін бастайды. Президентіміздің қол­дауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион құры­лысы қарқынды жүруде. Алдағы қыркүйек айында ашылады. Облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі – «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы. Өткен жылдың қазан айында «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірлесіп, «Теннис орталығы» ашылды. Биыл «Қазақстан халқына» қорының қол­дауы­мен Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері табысталды. Қордың демеу­шілігімен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен орнатылған 80 спорт-ойын алаңы ел игілігіне қызмет етуде.

Ізденіс әлемінде білімге деген құлшыныста­рыңыз өшпесін, талпыныстарың тоқтамасын! Жаңа оқу жылында шәкірттерге табыс, ұстаздарға шығармашылық шабыт, ата-аналарға қуаныш тілеймін!», – деді Н. Нәлібаев.

Жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Арал ауданына сапары барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал қаласындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының салтанатты ашылу рәсімі де өтті.

Аймақ басшысы әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарға тоқталып, аудан тұрғындарына құттықтауын жеткізді.

– «Биыл ел тәуелсіздігінің берік тұғыры, демократиялық құндылықтарымыздың негізі саналатын Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толды. Бүгін міне, мереке қарсаңында Өздеріңізбен бірге жерлес­теріміздің, балаларымыздың игілігіне қызмет ететін жаңа нысанды ашамыз.

Қазіргі таңда ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен тұрғындар денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда облыстың денсаулық сақтау саласына 441 млрд. теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді.

Медициналық құрал-жабдықтармен жыл сайын қамтамасыз етудің арқасында жабдық­талу деңгейі 2022 жылы 83,2 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 87,4 пайызға артты.

Жергілікті бюджеттен 5 млрд. 400 млн. теңгеге 225 жаңа санитарлық автокөлік бір мезетте алынып, елді мекендердегі денсаулық сақтау мекемелеріне табысталды.

Арал ауданына 25 автокөлік бөлініп, олар шалғайдағы Жіңішкеқұм, Құланды, Жаңа­­құрылыс, Ақбасты, Қарашалаң ауылдары тұрғындарының игілігіне айналды. Халық сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Осылайша, елді мекендерді санитарлық авто­көлікпен қамту мәселесі толық шешімін тапты.

Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандар біліктілігін арттыру мәселесі ұдайы назарымызда.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыстамыз. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бағыттады. Бұл қаржыға сирек кездесетін дертке шалдыққан жерлестерімізге қажетті дәрі-дәрмек сатып алынды.

Облыстық онкология орталығына құны

1 млрд. 100 млн. теңге тұратын, республика бойынша 3 облыста ғана бар скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен табыстады.

Өздеріңізге белгілі, бүгінге дейін Аралда типтік ғимараттағы аудандық емхана мәселесі шешімін таппай келген. Әр келген сайын осындағы ағайын бұл мәселені қайта-қайта көтеретін. Сіздердің өтініштеріңізбен жаңа емхана салу жөнінде шешім қабылдадық. Облыстық бюджеттен 22 млн. теңге бөлініп, ауысымына 250 келушіге арналған емхана салу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Құны 6 млрд. 600 млн. теңге, жалпы көлемі 8 600 шаршы метр болады.

Емхана құрылысын Арнаулы мемлекеттік қор­дан қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгін ел игілігіне табысталатын жаңа орталық, ондағы дәрігерлер елге адал қызмет етіп, науқастың дертіне дауа, көңіліне рауан беріп, халық алғысына бөленеді деп сенеміз», – деді Н.Нәлібаев.

Президент бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық ауданында 28 медициналық нысан салынды. Арал ауданында Тоқабай, Бөген, Қызылжар дәрігерлік амбулаториялары және Көктем ауылында медициналық пункт пайдалануға берілді.

Ұлттық жоба аясында Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған көпбейінді аудандық ауруханалары жанынан қосымша құрылыстар, Арал, Шиелі аудандық ауруханалары жанынан жұқпалы аурулар бөлімшелері салынуда.

Шиелі ауданындағы жұқпалы аурулар бөлімшесі мен аудандық аурухананың қосымша құрылысы да тұрғындарға қызмет ете бастады. Қалған 4 нысан жыл соңына дейін табысталады.

Жыл басында Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 тө­сек­тік ауылдық аурухана, Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсек-орынға арналған аурухана ашылды.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының Баймұрат батыр елді мекенінде дәрігерлік амбулатория, Досан елді мекенінде медициналық бекет іске қосылды.

Осылайша ауылдардағы медициналық- сани­тариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарының ғимараттарын нормативке сәйкестендіру мәселесі толығымен шешілді. Қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейген жаңа «Қан орталығы» жұмыс атқаруда.

Қызылорда қаласында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы жүргізілуде.

Ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көп­бейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Өткен жылдан бері 17 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, 44 ғимараттың жылу жүйесі газға ауыстырылды. Биыл 7 млрд. 600 млн теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда.

Арал ауданына сапары барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сексеуіл кентінің теміржол вокзалындағы күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан Темір Жолы» АҚ. Вокзал 1904 жылы салынған, бүгінде 13 жұп пойызына қызмет көрсетеді. Күрделі жөндеу 2012 жылы жүргізілген. Мердігер мекеме «Техноснастка Ремсервис» ЖШС.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған