Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы «Тағзым” алаңында күрделі вегетациялық кезеңде өңірлерден көмекке келген төтенше жағдайлар саласының қызметкерлерімен кездесті. Оған Парламент Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, ел ағасы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Нұрлыбай Ұлықбанұлы арнайы қатысты.

Кездесуде аймақ басшысы өңірлерден арнайы келіп, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуге қолдау көрсеткен төтеншеліктерге алғысын білдірді.

– “Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Барлық өңірден арнайы келіп егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстарына көмек еткендеріңіз Сыр елі диқандарын қуантты.

Диқандар үшін ең маңыздысы – судың толық және мерзімінде жеткізілуі. Сол қажеттілікті дер кезінде қамтамасыз етіп, елдің ырысы мен берекесіне үлес қосқандарыңыз – үлкен еңбектің, елге деген адалдық пен шынайы жанашырлықтың айқын көрінісі деп білеміз.

Мемлекет басшысымыз Қасым-Жомарт Кемел­ұлы «Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз бір. Біз біртұтас ұлт ретін­де әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қарашаңырағымыз – Қазақстанның жар­қын болашағын бірге жасаймыз» деген болатын.

Біздің мақсатымыз – Әділетті Қазақстанның адал азаматы болу. Тәуелсіз Қазақстанымыздың болашағын бірге жасау.

Еліміздің айбынын асырар ер-азаматтарымыз, сарбаздарымыз аман болсын!Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!”,- деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Басқосуда Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Сейтқалиұлы сөз сөйледі. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Нұрлыбай Ұлықбанұлы батасын берді.

Өңірлерден келген төтенше жағдайлар қызметкерлері Су ресурстары және ирригация министрінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар осы жиында төтенше жағдайлар қызметінің арнайы техникасы мен құрал-жабдықтары таныстырылды. Мамандар олардың мүмкіндіктерін, төтенше жағдай кезінде қолдану тәсілдерін көрсетті. Құтқару жұмыстарында пайдаланылатын заманауи жабдықтардың артықшылықтары мен тиімділігі түсіндірілді.

Қызылорда – еліміздің күрішке сұранысының 90%-ын қамтамасыз ететін бірден-бір өңір. Биыл 189 600 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, оның 80 900 гектарына күріш себілді.

Сырдария өзенінің суын тиімді пайдалануда кешенді шаралар атқарылуда. Күріш мелиоративтік дақыл болғандықтан, су шығынын азайтудың тиімді жолы – лазерлік тегістеу. Биыл лазерлік тегістелген егіс көлемі 60 мың гектарға жетті. Бұл суармалы суды 20% үнемдеуге мүмкіндік береді. Магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы егіс алқап­тары бекітілген кестеге сәйкес кезекпен суарылуда.

Су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егілетін егіс көлемі былтырғыдан 3700 гектарға артып, 8100 гектарға жеткізілді. Бұл жұмыстарға шаруашылық құрылымда­рының, «Қазсушар» облыстық филиалының, елді мекендердің меншігіндегі 299 су насосы жұмыл­дырылды. Президент тапсырмасына сәйкес су тапшылығы жағдайында Үкімет резервінен 53 жыл­жымалы дизельді насос алуға 1 млрд. теңге бөлініп, алғашқы легі облысқа жеткізіліп, шаруалар игілігіне пайдалануда.

Қосымша насостарға қажеттілік туындағанда, Төтенше жағдайлар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің үйлестіруімен еліміз­дің барлық өңірінен 139 қызметкер, 25 насос қондырғысымен көмекке келді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған