Үкімет биылғы жылдың 6 айын қорытындылады. Үкімет басшысы О.Бектенов айтқандай “Негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика бар”.
6 айдың қорытындысын айшықтап, бірқатар Министрлер, әкімдер баяндама жасаған. Үкімет отырысынан соң Үкімет басшысы О.Бектенов өз орынбасарларымен бірге баспасөз конференциясына қатысып, журналистер сұрақтарына жауап берді. Алты ай қорытындысы бойынша Үкіметке абырой болған негізгі көрсеткіштерді баяндаудан бөлек қоғамдағы қордаланған, әралуан пікірлер тудырған күрделі мәселелер бойынша қойылған журналистердің өткір сұрақтарына жауап берді.
Қазақстандықтардың жеке деректерінің тарағанына кім кінәлі?
Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, тиісті органдар тергеу жүргізіп жатыр. Бүгінгі қолда бар ақпаратқа сүйенсек, деректер 2022 жылға тиесілі. Бұл — өте өкінішті жағдай. Мұндай фактілердің болуы Үкіметке де абырой әкелмейді. Бірақ тексеруші органдардың алдын-ала тұжырымдары бойынша деректер медициналық ұйымдардан тараған болуы мүмкін. Өйткені олар мемлекеттік дерекқорларға қолжеткізе алады. Бірақ оларды ұрлықтан сақтай алмайды. Тиісті жауапкершілік бар.
Үш үлкен жобаны көтере аламыз ба?
– Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларында салынуға тиіс үш жылу-электр орталығы құрылысыбойынша бастапқыда ресейлік серіктестермен бірге іске асыру мүмкіндігі қарастырылды. Әзірге біз Ресей Федерациясынан кепілдендірілген, арзандатылған қаржыландыру ұсыныстары туралы нақты ақпарат алған жоқпыз. Сондықтан біз Көкшетауды өз күшімізбен сала бастадық. «Самұрық-Энерго» да айналысып жатыр. Семей мен Өскеменді айтсақ, Ресей тарабынан жауап күтіп отырмыз. Егер жауап жақын арада болмаса, жобаны өз бетімізбен іске асырудың нұсқаларын да қарастырамыз. Біз күте алмаймыз.
Қайырымдылық қорларына талаптар өзгереді ме?
– Иә, қайырымдылыққа жиналған ақшаны жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат ісінен хабарым бар. Өкінішке қарай, өмір көрсетіп отырғандай, тек бюджет қаражаты ғана емес, азаматтардан қайырымдылық ретінде жиналған қаражат та мақсатсыз жұмсалып жатыр. Бұл кейс – соның айқын мысалы. Бұл – жалғыз оқиға емес, басқа да мысалдар бар. Бірақ, бұл істі ең резонансты деуге болады. Қаражаттың жұмсалуы туралы есеп бақылауда әрі ашық болуы керек. Сондықтан бұл жерде, меніңше, Үкімет тарапынан да, құқық қорғау органдарының негізінде де, ұрлықтың нақты қалай жүзеге асқанын анықтау керек. Бұл – тиісті заңнамалық түзетулерді қабылдауға мүмкіндік. Болашақта осы секілді құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталады.
Қосылған құн салығын 16%-ға дейін көтерудің әсері қандай болады?
– Кез келген салықты өсіру ауыр тиеді. Бірақ бұл мәжбүрлі қадам. Осы салық реформасының арқылы біз даму бюджетін едәуір арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін экономикалық өсім туралы айтылған еді. Экономикалық өсім тек мемлекет инфрақұрылымды жедел, алда жүретін қарқынмен дамытқанда ғана мүмкін болады. Себебі кез-келген бизнестің дамуы үшін инфрақұрылым қажет. Ал инфрақұрылымды дамыту үшін даму бюджеті қажет.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта біздегі даму бюджетінің деңгейі сын көтермейді. Ол мемлекетке экономиканың даму қарқынына ілесіп, инфрақұрылымды жылдам дамытуға толық мүмкіндік бермейді. Сол себепті 2026 жылдан бастап Салық кодексін қабылдау арқылы қосымша бюджет кірісін және даму бюджетін шамамен 8 пайызға ұлғайтуды көздеп отырмыз, сөйтіп оны 18%-ға дейін жеткіземіз. Бұл бізге тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Баспана бағасы өзгереді ме?
– 2026 жылдан бастап құрылыс компаниялары үшін салықтық жеңілдіктер алынып тасталады. Оған қоса, 16 проценттік қосылған құн салығы енгізіледі. Осыған байланысты баспана бағасы күрт көтеріледі деген болжам бар.
Бүгінде құрылыс компанияларына салықтық жеңілдіктер берілсе де, баспана бағасының өсуі баяулайтын емес. Себебі барлығы «тым жоғары табыс» табуға тырысып жатады.
Біздіңше, келесі жылы Салық кодексі нормаларының енгізілуіне байланысты баспана бағасы күрт өспейді. Ал алыпсатарлық немесе өзара келісіп бағаны көтеру әрекеттеріне жол бермейміз. Оған қажетті заңды шаралар бар.
Бизнес салығы әділ ме?
– Бизнес салық жүктемесін азайту үшін заңды түрде рұқсат етілген түрлі схемаларды қолдануда. Біздің мақсатымыз – бизнесті әділ салық төлеуге үйрету. Келер жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі де осыған бағытталған. Біз жеңілдетілген салық режимдерін қысқартып жатырмыз: шекті мөлшерді төмендеттік және кейбір қызмет түрлерін бұл режимдерден алып тастаймыз. Мысалы, бөлшек сауда салығына жатпайтын қызмет түрлері бар. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары бөлшек сауда салығына енгізілген, бірақ бұл екі компания арасындағы мәміле болғандықтан, бөлшек сауда түсінігіне сай келмейді. Бұл егжей-тегжейлі үйлестіруді қажет етеді. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз.
Тарифтердің өсуі тоқтайды ма?
– Тарифтердің өсуі жалғасады. Бұл күрделі мәселе. Бірақ Үкімет бұл туралы ашық айтып отыр және тарифтерді нарықтық деңгейге келтіру саясатын жүргізуде. Тарифтердің ұзақ уақыт бойы қатаң реттелуі және ТКШ-ға инвестиция салуға мүлде мүмкіндік болмағаны 2022 және 2023 жылдары Екібастұздағы, Риддердегі апаттарға әкелді. Егер біз қыста үйімізде тұрақты түрде жылу, жарық, су болып, инженерлік желілер дұрыс жұмыс істесін десек, тарифтердің өсу жолымен жүруге тура келеді. Нәтижесінде тарифтердің өсу қарқыны 35%-дан 20%-ға дейін төмендейді. Егер биыл өсім тіркелсе, жыл соңына дейін қайтадан қымбаттау болмайды.
Цифрлық теңге бюджет қаражатын бақылайды?
– Жақын арада бюджет пен Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын кемінде 100 ірі жобаны анықтап, оларды «цифрлық теңге» жобасына енгізу қажет, сол кезде біз әрбір теңгенің қайда кеткенін ашық көретін боламыз. Менің жеке өзім бюджет қаражатын игеру процесін цифрландыруға үлкен үмітім бар. Бұл бізге ақшаны тиімді жұмсауға мүмкіндік береді».
Бізде Ұлттық қор есебінен көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, биыл «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Осы жобаны «цифрлық теңге« арқылы қаржыландыруға қосуды ойлап отымыз. Содан кейін «Орталық-Батыс» автомобиль жолын саламыз, бұл жобаны да қосамыз. Осындай маңызды жобалардан бастау керек, өйткені ол жерлерде қыруар қаражат игеріліп жатыр. Сол себеп біз олардың ашық және тек мақсатты түрде жұмсалуына мүдделіміз.
Көпбалалылардың бәрі бірдей ме?
– Республикалық бюджеттің 50%-дан астамы жыл сайын әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталады. Қаражат зейнетақыға, бюджет қызметкерлерінің жалақысына, көп балалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақыларға, сондай-ақ мектеп, аурухана салуға және инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Бұл бағытта Үкімет кешенді, жүйелі жұмыс жүргізуде.
Бүгінде көпбалалы отбасылардың барлығы ай сайынғы табысына қарамастан мемлекеттен бірдей жәрдемақы алады.
Бірақ көпбалалы отбасылар да әртүрлі болады ғой. Мысалы, кейбір көпбалалы отбасылар үлкен бизнес ұстайды, жоғары табысы, үйі, бірнеше көлігі бар. Ал кейбір көпбалалы отбасылар шынымен де қиын өмірлік жағдайға тап болып, қарапайым заттарды да ала алмай жатады. Енді, ауқатты көпбалалы отбасы мен көмекке мұқтаж көпбалалы отбасының мемлекеттен бірдей жәрдемақы алғаны дұрыс па? Меніңше, әділ емес.
Біз қазір еліміздің барлық халқын алты санатқа бөлген жолмен жүріп жатырмыз. Отбасының цифрлық картасы жұмыс істейді, деректер цифрланған, барлығы әл-ауқат деңгейі бойынша бөлінеді. Алтыншы санат – табыс деңгейі жеткілікті жоғары отбасылар мен адамдар. Алтыншы санатты біз әлеуметтік көмек алушылар қатарынан алып тастаймыз, өзін қамтамасыз ете алмайтындарға, жұмыс істей алмайтындарға көбірек көңіл бөлеміз. Мысалы, балалармен айналысатындықтан көп балалы аналар, денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс істей алмайды. Біз оларға көп көңіл бөлетін боламыз..
“Әлеуметтік көмек тек өз-өзін асырай алмайтын адамдарға көрсетілуі керек. Болды. Ал адам жұмыс істей алса, жұмыс істеуі керек. Біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз. Осыны халыққа ашық айтуымыз қажет.
Өкінішке орай, бізде әлеуметтік тәуелділік пен әлеуметтік алаяқтық фактілері бар. Біз қазір әр істі жеке-жеке шешіп, барлық басқа схемалардың жолын кесеміз. Әлеуметтік көмек өзін қамтамасыз ете алмайтын адамдарға көрсетілуі тиіс.
Газ бағасы тұрақтап қалады ма?
Газ саласын одан әрі дамыту теңдестірілген және экономикалық негізделген тарифтік саясатты қалыптастырып алмай мүмкін емес.
Біздің ішкі нарықтағы газ бағасы әлемдік нарықтан әлдеқайда арзан, сондықтан біз бірқалыпты, бұрмаланбаған жағдай туғызу мақсатында бағаны біртіндеп көтерілуін қадағалайтын боламыз. Сонда газ саласы инвестициялық тартымды болып, дамитын болады.
Девальвация болмай ма?
Базалық сценарий бойынша мұнайдың бір баррелі 60 доллар тұрса, доллардың бағамы 540 теңге болады. Пессимистік сценарий де бар. Мұнайдың бағасы 50 долларға дейін төмендесе, басқа механизмдер іске қосылады. Дегенмен базалық сценарий сақталады деп ойлаймыз.
Девальвацияны күтіп отырған жоқпыз. Теңге бағамы күрт әлсіремейді.
Бектенов «Жақсыбековтың күйеу баласы деген рас па?
– Енді бұл толығымен шындыққа сай келмейтін ақпарат. Бұрынғы және қазіргі бірде-бір шенеунікпен туыстық қарым-қатынасым жоқ. Кімнің күйеу баласы десеңіз, өзіміздің қарапайым азаматтардың, қарапайым жұмысшылардың күйеу баласымын. Фамилиясын айта алмаймын. Бұл – жеке мәлімет. Оны жариялағым келмейді.