Жыл сайын қала, ауыл әкімдерінің халық алдында есеп беріп, елдің мұң-мұқтажын, талап-тілектерін тыңдап, түйткілді мәселелерді шешудің тиімді тетіктерін қарастыруы көптің қолдауына ие болып келеді. Бұл, әсіресе ауылдағы ағайын үшін бірінші кезекте әкімдермен жүзбе-жүз кездесудің оңтайлы сәті болып саналса, екіншіден көкейкесті сұрақтарын көлденеңінен қойып, түйткілді мәселелерді ауызба ауыз жеткізуге мүмкіндіктерін арттырып тұр.
Белкөлдің жастары жарап тұр
Жаз жайлау, қыс қыстауда қоңырқай тірлік кешіп жатқан ауыл халқының шешімін таппай жүрген мәселелері де аз емес. Соның ішінде ауылдағы жол, жарық, тұрғын үймен қамту жайы, халықтың әлеуметтік жағдайы рет-ретімен шешіліп жатыр деп айтқанымызбен, әлі де шешімін күткен түйіткілдер тізбектеулі. Бұл төңірегінде Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатовтың ауылдағы ағайынмен болған ақжарқын кездесуінде анық аңғардық. Қала әкімінің биылғы халықпен есепті кездесуіне Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Ибадулла Құттықожаев, депутаттар және қалалық бөлім басшылары қатысты.
Әкімнің қалаға қарасты Белкөл кентінде болған халықпен кездесуінде басы ашық мәселелер пен байыпты бастамалар әңгіме өзегіне айналды. Шаһар басшысын жылы шыраймен қарсы алған дүйім жұрттың жүзінен ел ертеңіне деген үміт пен сенім ұшқыны сезіледі. Қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесіне деген ықыласы да ерекше.

– «Президентіміз Қасым–Жомарт Кемелұлының, Үкіметтің ерекше қолдауы, аймақ басшысының үйлестіруінің арқасында байыпты бастамалар мен жарқын жобалар сәтті жүзеге асып келеді. Оның нақты дәлелі – осыдан үш жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд. теңгені құраса, бірлескен жұмыстың нәтижесінде өсім 206 пайызға жетті. Яғни, бюджет көлемі 750 млрд. теңгеден асты. Мұның ішінде қала бюджеті де үш жыл бұрын 73 млрд. теңге болса, бүгінде оның көлемі 139,4 млрд. теңгеге жетті. Өсім 190,9 пайызды құрады. Бұл ауқымды қаражаттар ең өзекті деген мәселелерді шешуге және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда. Жыл санап өңірімізде сәулеті мен сәні келіскен жаңа ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне табысталып жатыр. Атап айтқанда, әлемдік стандарттарға сай келетін Орталық стадионның, ең іргелі және өңірімізге аса қажетті Қызылорда жылу электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. «Достық үйінің», «Қызылорда арена» спорт кешенінің іргесі қаланып, жұмыс қыза түсті. Президентіміздің идеясы – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қаламызда заманауи екі мектеп ашылды. Үш мектептің құрылысы биыл аяқталып, оқушыларды қабылдайтын болады. Мұнымен қоса кенттер мен ауылдық округтерде амбулаториялар мен дәрігерлік пункттер бой көтеруде. Салынуы жоспарға енгізілген медицина нысандары әлі де бар. Сондықтан бұл салаға қолдау жалғаса береді. Сол сияқты елдімекендерді газдандыру бойынша өткен жылы қалаға қарасты Ақжарма ауылдық округі көгілдір отынға қосылды. Қазір Сабалақ саяжайына газ желісі тартылуда. Биыл бұл саяжай толық газбен қамтылатын болады. Одан бөлек Бірқазан елдімекені, Қызылөзек ауылдық округіне газ желісін жүргізуді бастаймыз. Қала аумағында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – деді қала әкімі.
Қазіргі таңда аталмыш ауылдық округте тұратын халық саны 4786 адамға тең. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 2107 адам болса, 393 адам өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар санатына кіреді. Сонымен қатар жұмыссыздар саны 8 адам болса, 1712 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жалпы 2024 жылы Белкөл кентіне 256,2 млн. теңге қаржы қаралған. Оның ішінде кенттің инфрақұрылымын дамыту бағытында 205,5 млн. теңге бөлініпті.
Кентте кәсіпкерлік саласында да ілгерілеушілік байқалады. Бұл тұрғыда 2024 жылдың 12 айында 126 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп,141 тұрақты жұмыс орны ашылған. Бүгінде жалпы саны 464 шағын кәсіпкерлік субъектілері нақты жұмыс жасайды. Оның ішінде заңды тұлға 44 болса, 399 жеке кәсіпкерлер мен 21 шаруа қожалықтары бар. Сол сияқты 2024 жылы «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында 18 тұрғын оқу курсын аяқтап, қайтарымсыз грантқа өтініш берсе, 8 тұрғын 11 млн. 800 мың теңгенің грант иегері атанған.
Бұдан өзге 2024 жылы жалпы құны 2 521,0 млн. теңгені құрайтын 25 жоба қаржыландырылған. Атап айтқанда «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» АҚ арқылы 6 пайызбен «Іскер» бағдарламасы аясында жалпы құны 16 млн. теңгені құрайтын 4 жоба, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Іскер» бағдарламасы аясында 6 % несиеге жалпы құны 5 млн. теңгені құрайтын 1 жоба, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы құны 2 452,0 млн. теңгені құрайтын 7 жоба қаржыландырылған. Сол сияқты «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы құны 45,8 млн. теңгені құрайтын 6 жоба, Инновациялық грант аясында 4,9 млн. теңгеге 1 жоба қаржыландырылды.
Кентте ақылы қоғамдық жұмыс, жастар тәжірибесі және әлеуметтік жұмыс орындарына тарту бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізілген. Өткен жыл шеңберінде аз қамтылған 79 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, кент тұрғындарын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық амбулатория алғашқы көмек беру, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.
Ауылшаруашылығы бағытында да өсім бар. Нақты айтқанда, мүйізді ірі қара – 885 бас, жылқы – 539 бас, қой – 217 бас болса, ешкі тұқымы 363 басты құрайды.
Кенттің инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Атап өтсек, бұған дейін республикалық бюджеттен қаралған 72,1 млн. теңгеге кенттегі Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелеріне (4370 м) электр желісі тартылса, қалалық бюджеттен бөлңнген 62,4 млн. теңгеге Әбдіқадыров көшесіне (1930м) жаяу жүргіншілер жолы салынған. Бұған қоса, 27,9 млн теңгеге Бірлік және Путейцев көшелеріне, 16,8 млн. теңгеге К.Әбдіқадыров 4 және К.Әбдіқадыров 6 көшелеріне 600 м жерге, 11,2 млн. теңгеге Бірқазан елді-мекеніне түнгі жарық бағаналары орнатылып, 11 млн. теңгеге Бірлік көшесіне, 2 млн. теңгеге Бірқазан елдімекеніне балалар ойын алаңы салыныпты.

Осы орайда кентті абаттандыру жұмыстарына бөлінген 2 млн. теңгеге Орталық, Бірлік көшелеріне түнгі жарық шамдары және К.Әбдіқадыров көшесіне 3 жерге аялдама, кіру қақпасы (арка) орнатылғанын айта кету керек. Қазіргі уақытта 6,5 млн. теңгеге кенттегі 12 көшеде электр желілерін қайта жаңғырту үшін қалалық құрылыс бөлімі арқылы жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылыпты.
– «Жалпы ауылда мәселе көп екенін білеміз. Алдағы уақытта атқарылар жұмыстар ауқымы да кең. Өздеріңіздің талаптарыңызға байланысты кенттегі мектеп пен бірқатар тұрғынүйлердің төбесіне шатыр жабылды. Қандай да бір мәселелер туындаса ауыл әкімі баяндап отыр. Елдің мәселесі бір сәтке де ескерусіз қалмайды», – деді шаһар басшысы.
Жалпы мемлекеттен қолдау күтіп отырмай, туған ауылын көркейтуге белкөлдіктердің өздері де атсалысып жүр. Соның айғағындай, ауыл жастарының ықпалымен кенттен орталық ойын алаңы салынып, ел игілігіне пайдалануда. Бұл бастамаға қала әкімі қолдау танытып, зор ризашылығын білдіріп жатты.
– «Ауылымызды көркейту, дамыту бағытында әкімдік тарапынан атқарылып жатқан толайым тірліктерге ризашылығымыз шексіз. Соның ішінде көшелерімізді көгалдандыру, ғимараттар мен жолдарды жөндеу жұмыстарына көңіліміз тоқ. Дейтұрғанмен, кезек күттірмейтін атқарылуы тиіс жұмыстар әлі де бар. Осы орайда ауыл халқының атынан ауылымыздың электр бағаналарына қатысты мәселе әлі де бар. Сондай-ақ, екі-үш көшеміз әлі күнге дейін жарықтандырусыз тұр. Ең бастысы, тұрғынүй алу кезегіне қатысты мәселе ушығып барады. Нақты айтқанда, ауылдың кейбір тұрғындары 2005 жылдан бері тұрғын үй салуға жер кезегінде тұрмыз. Мәліметке сәйкес, жер кезегінде 1200 адам бар. Бұған дейін белгіленген аумаққа 1200 тұрғын үй салу үшін белгіленген аумақтың инфрақұрылымы да сызылған екен. Бірақ тиісті жұмыстар әлі нақты басталар емес. Осы мәселе шешімін тапса деген тілегіміз бар. Сонымен қатар осы қазір жиналып тұрған жеріміз 2006 жылдан бері жекенің меншігінде болып келді. Соңғы кездері мемлекет меншігіне қайтарылғанынан хабардармыз. Соның нәтижесінде ауыл жастары ойын алаңын салып, игілігімізге пайдаланып жүрміз. Осы орайда бұл жердің аумағын кеңейтіп, ауыл халқы бас қосып, мерекелік шаралар өткізетін орталық алаң салынса екен. Бір сөзбен айтқанда, ауыл халқына ойын алаңын салып берген жастарымыздың бастамасы жарасымды жалғасын тапса деген ұсынысымызды айтқымыз келеді», – дейді кент тұрғыны Дариха Бегалиева.
Бұдан өзге ауыл тұрғындары тарапынан жол, жарық, әлеуметтік мәселелер төңірегінде сұрақтар қойылып, тиісті сала басшыларының жауабы берілді. Қала әкімі белкөлдіктердіғ талабы тасада қалмайтынын жеткізді.
Тасбөгеттіктер талабы – емхана ғимараты
Бір жылдары қалаға қарасты Тасбөгет кентінің тар көше, тарпаң жолдары жергілікті жұртшылықты толғандыратын еді. Жыл сайын есепті кездесуде тұрғылықты халық бір түйеге жүк болатындай талаптарын ортаға салып жататын. Уақыт өте келе кенттің қазіргі жағдайы көш ілгерілегенін кезекті есепті жиында анық аңғарылды. Шындығында да қала әкімімен кездескен сәтте халықты толғандырған мәселелер байқалмады. Бұл облыс орталығымен іргелес жатқан кентте басы ашық мәселе жоқтың қасы дегенді аңғартса керек. Оның ішінде кентішілік жолдар, көркейту-көгалдандыру, жарықтандыру жұмыстарына көптің көңілі тоқ.
Кезекті халықпен кездесуде Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов тасбөгеттік жамағатқа өткен жыл шеңберінде атқарылған өрелі істерді жан-жақты баяндап өтті.
Жалпы өткен жылы Тасбөгет кентінің бюджеті 541,9 млн. теңге болып бекітілсе, биыл 456 млн. теңге болып қалыптасты.
Кентті көркейту, дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Жол мәселесіне келсек, өткен жылы 98,3 млн. теңгеге кенттегі Ә. Оразбаев көшесінің 1,8 шақырым жеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, әлеуметтік нысандар орналасқан 6 көшеге 115 млн. теңгеге жаяу жүргіншілер жолы салыныпты. Бүгінде 20,8 млн. теңгеге ағымдағы жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 79 млн. теңге абаттандыру жұмыстарына қаралып, жұмыстар жалғасуда.
– «Нақты кезеңде Сабалақ елді мекенінде орамішілік газ желісінің құрылысы бастау алды. Бұл жұмыстардың 1-ші, 2-ші кезеңіне және жеткізуші газ құбырын салуға 2024 жылы барлығы 319,4 млн. теңге бөлінген. Ал, биыл 106,4 млн. теңгеге бұл жұмыстар өз жалғасын табуда. Сондай-ақ, биыл 33,8 млн. теңгеге кенттегі Өткелбаев, Жангельдин, Жанкин, Әбілқасымов, Сейфуллин, Мамбетов көшелері жарықтандырылады. Сол сияқты кенттегі жаңа бейіт құрылысын аяқтауға 42,3 млн. теңге, тұрғын үйлердің шатырын жөндеуге 80,9 млн. теңге, Сабалақ елді мекенінде ауыз су ұңғымасының құрылысының ЖСҚ әзірлеуге 10,0 млн. теңге, кентте орналасқан бас су тарту құрылымын жаңғырту жұмыс жобасының сараптамасының оң қорытындысын алуға 5,6 млн. теңге және жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге 9,9 млн. теңге бөлінді. Бұған қоса кенттегі №8 бағыттағы қоғамдық көліктер жеке кәсіп иелеріне тиесілі болған. Қазіргі уақытта «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС тарапынан сыйымдылығы жоғары көліктер беріліп, белгіленген уақыт аралығында қатынауда. Кенттің өзекті мәселерімен таныспын, ол жұмыстар да, кезең-кезеңімен өз шешімін табатын болады», – деді қала әкімі.
Тасбөгеттіктерді толғандырған түйіткілдер рет-ретімен шешіліп келеді. Дегенмен, арагідік болса да шешімін күткен мәселелер қылтиып көрініп қалып жатады. Соның ішінде кенттегі жаңа бейіттің аумағын қоршалау жұмыстарын жүргізу өз кезегін күтіп тұр. Бұл тұрғыда ағымдағы жылы жаңа бейіттің аумағын қоршау үшін 42,3 млн. теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесімен «SM ORDA GRUPP» ЖШС жеңімпаз танылған. Бүгінде мердігер мекемемен тиісті жұмыстар жүргізіліп, алдағы күндері аяқтау күтіліп отыр. Сонымен қатар Сабалақ саяжайын ауыз сумен толыққанды қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен – 188,7 млн теңге, қалалық бюджеттен – 200,3 млн теңге қаржы бөлінген. Жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы 2025 жылғы 9 маусымда жарияланып, нәтижесінде «Авангард ПГС» ЖШС жеңімпаз болып танылған. Алдағы уақытта белгіленген жұмыс жоспарға сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Ең бастысы, тасбөгеттіктерді №4 қалалық емханаға жаңа ғимарат салу ісі толғандырады. Қала әкімі халықтың талабына сәйкес емхана құрылысын салу үшін белгіленген 1 гектарға жуық жер учаскесіне 350 орындық типтік жобадағы емхана құрылысын жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда, белгіленген жер учаскесінің бір бөлігі жеке тұлғаға тиесілі болғандықтан, мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сол сияқты Наурыз, Тасарық және кенттегі жалғыз баспанасы апатты деп танылған 27 тұрғын үй иелерін реттілік бойынша жаңа пәтерлерге көшуін қамтамасыз ету жайы сөз болды. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға тұрғын үй өтiнiш берiлген кезден бастап тізімде белгіленген кезек ретімен беріледі. Аталған үйлер «КZ Құрылыс сараптама», «TechPower Build», «МунайГазИнжиниринг» ЖШС-не жүгініп, эксперттік сараптама қорытындысы бойынша апаттық деп танылған.
Өз кезегінде қоғамдық көліктер қатынайтын көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі де көтерілді. Негізінен 2024 жылы қоғамдық көлік қатынайтын Ә. Оразбаев көшесіне қалалық бюджеттен 87,0 млн. тенге бөлініп, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, кенттегі қоғамдық көлік қатынайтын М. Шоқай, А.Құнанбайұлы, Қ. Әбенов және С. Олжабайұлы көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары үшін 2023 жылы ЖСҚ әзірленген болатын. Бұл жобаның құны 328,0 млн. теңгені құрайды. Алайда, бүгінде сараптама қорытындысының мерзімі өтіп кетуіне байланысты, жобаға түзету енгізуге қаржы қарау жөнінде бюджеттік өтінім берілгені мәлім болды.
Мұнымен қоса кенттегі Тасарық шағын ауданындағы №8, Ә. Молдағұлова №39А, Ж. Маханбетов №31 үйлерінің шатырларын ауыстыру жұмыстары назардан тыс емес. Аталған жұмыстар үшін қалалық бюджеттен 23,6 млн. теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстарды жүргізу көзделуде.
Кездесуде халық тарапынан қойылған барлық сұрақтар жауапсыз қалмады. Қала әкімі елдің мәселесін електен өткізіп, барлық түйіткілдер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Ақсуаттық ағайынды жарық мәселесі толғандырады
Қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінде жыл он екі ай шеңберінде атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Ауыл халқы да нәтижелі жұмыстардың игілігін көріп отырғанын жасырмайды. Әкім аялдаған кезекті ауылдан халықтың шынайы ризашылығы байқалды.
Негізінен Ақсуат ауылдық округінің өткен жыл басындағы бюджеті 322 млн. 706 мың теңге болып бекітіліп, 1 млрд. 225,7 млн. теңгеге дейін ұлғайыпты. Ал, биыл 788 млн. теңге қаралып отыр. Қала басшысының тұрғындар алдындағы есебі осы қарқында бастау алды
– «Өткен жылдың өзінде кенттің инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Атап айтар болсақ, ауылдық округтегі 7 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты тағы 4 көшеге қалалық бюджеттен 17,0 млн. теңгеге түнгі жарық бағаналары орнатылды. Ал А.Найзағараев пен Е.Адыранова көшелерінің бойына қалалық бюджеттен 5,6 млн. теңгеге спорт-жаттығу алаңы салынса, 5,1 млн. теңгеге балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде елді мекен тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 2,2 млн. теңгеге трансформатор жиынтығы сатып алынды. Ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен ауыл орталығында орналасқан Тағзым алаңының кіре берісіне арка салынды. Н.Төребаев көшесінің бойына екі қатар 500 дана ағаш көшеті егіліп, қоршау жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округ инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар биыл да өз жалғасын табады. Өздеріңізге белгілі, өткен кездесулерде тұрғындар көтеріп келген мәселелер өз шешімін табуда», – деді халық алдында шаһар басшысы.
Келелі кезлесуде «елдің мәселесі қалай шешіліп жатыр?» деген сауал жиылған жамағатты елең-алаң күйде қалдырғаны белгілі. Қала әкімі бұл мәселеде де тиісті жауабын көлденең тартты.

Бұған дейін ауыл халқын алаңдатқан Бәйтен және Стамбек көшелеріне жол жөндеуге бюджеттен 100,6 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар толығымен аяқталыпты. Бұған қоса өткен жылы 32 көшені электр желілерімен қамту мақсатында республикалық қазынадан 74 млн. теңгеге құрылыс жұмыстары бастау алған. Бұл жұмыстарды биыл жалғастыруға қосымша 573 млн. 051 мың теңге бөлініп отыр екен. Осы орайда құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін электр желілерімен қамтылмай қалған 22,5 шақырым болатын жаңадан қоныстанушы тұрғындардың мәселесі де шешімін табады деп күтілуде.
Елді мекенде жол құрылысына қатысты келеңсіздіктер де кезең-кезеңімен шешімін таба түскен. Былтыр осы мақсатта ауылдың қоғамдық көліктер қатынайтын басты көшелері – П.Тлепбаев, А.Найзағараев, Б.Жүсіпбеков, Канал-2 көшелеріне республикалық қазынадан 100 млн. теңгеге жол құрылысы басталса, биыл қалған 616 млн. 756 мың теңгеге жол жөндеу жұмыстарын жалғастыру көзделуде.
Сонымен қатар ауыл көшелерін жарықтандыру ісінде де қарқын бар. Бұл тұрғыда қалалық бюддеттен қаралған 11 млн. 232 мың теңгеге 1,22 км болатын А.Арысбаев, Орманбаевтар, О.Жакенов көшелеріне түнгі жарық бағаналары орнатылып жатыр. Бұл жұмыстарды жүргізу жеке кәсіпкер «Е. Құттыбекұлы» және «Tritonn» ЖШС-нің еншісіне берілген. Сондай-ақ, биыл 1 млрд. 346 млн. теңгеге (ҚБ) 18 көшеге жол құрылысы жүргізіліп, 315,62 млн. теңгеге (ҚБ) 4 көше қайта жаңғыртудан өткізу жоспарланып отыр.
Есепті жиында халықтың есебі де ескерусіз қалмады. Тұрғындардың талап-тілегі тыңдалып, әрбір сұраққа тұщымды жауаптар берілді.
Ақжармада тозған желілер жаңара ма?
Қала әкімі Нұржан Ахатовтың кезекті халықпен кездесуі Ақжарма ауылдық округінде жалғасын тапты. Қай кезде де ақжарқын мінезді ақжармалықтар шаһар басшысын жылы шыраймен қарсы алды.
Ауыл қақпасына кіргеннен нөсер құйды. Табиғаттың тосын сыйын ауыл халқы жақсылықтың нышанына балап жатты.
Ауылдың орталық алаңына жиналған дүйім жұрт әкімнің жыл бедерінде атқарылған жұмыс жайында берген есебін ұйып тыңдады.
Қалаға қарасты ауылдар ішінде бұл округтегі елді мекенде атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз.
Ерекше атап өтетін жәйт, өткен жылы ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы – 1,3 млрд. теңгеге (РБ) ауылды табиғи газға қосу жұмыстары қарқын алған. Нәтижесінде мердігер «СМП Кызылорда» ЖШС-гі табиғи газбен жабдықтау жұмыстарын сәтті жүзеге асырды.
– «Жалпы ауылда атқарылған жұмыстар ауқымды. Соған тоқталып өтсем, бұған дейін Баймұрат батыр ауылында республикалық бюджеттен бөлінген 422,5 млн. теңгеге дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген. Бұған қоса «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Талдыарал елді мекенінің 1-көшесіне – 2,9 млн. теңгеге (ҚБ) және «Ауыл-ел бесігі» жобасы бойынша Баймұрат батыр ауылының Тоғай-1 көшесіне – 4,2 млн. теңгеге (ОБ) түнгі көше жарығы орнатылды. Сондай-ақ, Талдыарал елді мекенінде 1,9 млн. теңгеге (ҚБ) балалар ойын алаңы салынды.
Баймұрат батыр ауылының жаңадан қалыптасқан көшелеріне тас жол салуға қажетті қаржының 31,1 млн. теңгесі (РБ) бөлініп, 2 көшеде қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілген болатын. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында бұл жұмыстардың жалғасы 17 көшеге қиыршық тас төсеу үшін 292 млн. 245 мың теңге (ҰБ) бөлініп, жұмыстар 90% орындалды. Жобаның жалпы құны – 372,4 млн.теңгені құрайды. Сондай-ақ, биыл Талдыарал елді мекенінің 1-көшесіне көше жарығын орнату жұмыстарын жалғастыруға – 3,1 млн.теңге (ҚБ) бөлінді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – делі қала әкімі.
Есепті кездесу барысында алдағы уақытта Талдыарал елді мекенінде су тарату насос станциясының құрылысы басталатыны мәлім болды. Бұл жұмыстарды жүргізу «Бақ-Береке» ЖШС еншісіне жүктеліп отыр. Қазіргі таңда аталмыш жұмысты жүргізуге қажетті алғашқы 64 млн.теңге облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Жобаның жалпы құны – 656,9 млн.теңге.
Сонымен қатар ауылдан демеушілік негізінде жабық спорт кешенін салуға “МКЗ Проект” ЖШС-мен ЖСҚ әзірленіп жатқаны айтылды. Сол сияқты «AST Group 2030» ЖШС-нің демеушілігімен Баймұрат батыр ауылының шет аймағында жаңадан қалыптасқан 10 көшеге ауыз су құбырын тартуға ЖСҚ дайындалуда екен.
Елді мекендегі елеулі жұмыстар мұнымен шектелмейді. Атап айтқанда, Баймұрат батыр ауылына құны 182,0 млн. теңге (РБ) болатын аяқ су жүйесіне науа (лоток) салу жұмыстарына және 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын жүргізу үшін 73,9 млн. теңгеге (РБ) ЖСҚ дайындалып, сараптама қорытындысы алыныпты. Соның негізінде қазіргі таңда республикалық бюджетке өтінім ұсынылғанын жеткізді.
Есепті жиында ауылдың өщекті мәселелері де әңгіме өзегіне айналды. Оның ішінде Талдыарал елдімекеніндегі Құбас көшесіне электр желілерін жүргізу ерекше атап өтілді. Бұл тұрғыда Құбас көшесінің электр бағаналары мен сымдарын жаңалау жұмыстары Тасбөгет РЭС-тің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына енгізіліпті. Соған орай күрделі жөндеу жұмыстары алдағы уақытта басталатыны мәлім болды.
Сол сияқты Ақжарма ауылдық округіндегі көпқабатты тұрғын үйлерге көгілдір отын жүргізу ісі назарда тұр. Осы мақсатта мердігер “СМП Қызылорда” ЖШС-гі мен “ҚазГазАймақ” АҚ мекемелері тарапынан заңдылыққа сәйкес көгілдір отынмен қамтамасыз ету жолдары қарастырылуда. Бұған қоса ауылдық округке ұялы байланыс және интернет желісін тарту мәсеоесі ерекше назар аудартады. Оның ішінде Теле-2 ұялы байланысына қосымша Билайн сынды өзге байланыс түрлерін орнату мақсатында «Телекомуникациялар комитетінің Шымкент қаласы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясына тиісті хаттар жолданған. Соның негізінде жеке кәсіпкер тарапынан биіктігі 25 метрлік байланыс бағанасы орнатылып, құрылғыларын қосуға дайындық жұмыстары қарқын алған.
Халықты толғандырған мәселенің тағы бірі – Талдыарал елді мекеніне электр желілерін жүргізу мәселесі болып табылады. Бұл тұрғыда Талдыарал елді мекеніндегі жаңадан қалыптасқан жерлерге электр желісін жүргізуге жоба жасалып, оны іске асыру үшін конкурс ұйымдастырылыпты. Соның негізінде 29.03.2022 жылы №7048563-ОК1 ашық конкурс тәсілімен «Құрылыс компания «Ер-Қанат Сервис» ЖШС-і жеңімпаз болып танылдған.
Алайда аталған жоба бойыншп Қюқұрылыс-монтаж жұмыстары келісім-шарт бойынша жүргізілмеуіне байланысты қалалық құрылыс бөлімі 11.07.2022 жылғы №01-1/622 талап қою арызбен Қызылорда облысының мамандандырылған экономикалық сотына жүгінгені мәлім болды. Соған орай Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 14 қазандағы №4360-22-00-2/1296 шешімімен мердігер «Құрылыс компания «Ер-Қанат»» ЖШС-і мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылып, құрылыс жұмыстарын аяқтау міндеттелген.
Қазіргі таңда «Ер-Қанат»» ЖШС құрылыс компаниясы тиісті жұмыстарды аяқтауды міндетіне алып, ағымдағы жылы толық бітіруді жоспарлап отырғаны мәлім болды.
Жалпы есепті кездесуде елдің мәселесі жан-жақты талқыланып, халықтың сұранысынан туындайтын әрбір мәселелер оңтайлы шешімін табатын болып келісілді.
Қызылжармаға ұңғыма қажет
Қызылжарма ауылдық округінде де қызу тірліктің табы сезіледі. Әкімнің ауылдағы ағвйынмен жүзлесуінде көптеген жәйттерге қанық болдық.
Жалпы өткен жылдың өзінде ауылдың инфрақұрылымын дамыту бағытында 798,4 млн, теңге бөлініп, бірқатар жұмыстар атқарылыпты.
«Атап айтқанда ауылдық округте «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 737,9 млн. теңге қаржы қаралып округтегі 6 көшеге күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, жергілікті бюджеттен бөлінген 5,0 млн теңгеге Дүйсенбиев, Мұратбаев, Новая көшелеріне түнгі жарық бағаналары орнатылды. Сол сияқты жергілікті бюджеттен қаралған 2,5 млн. теңгеге ауылдағы балалар ойын алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынса, жергілікті бюджеттен қаралған 2,4 млн. теңгеге ауылдық округтегі көшелерге ағымдағы (ямочный) жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса өткен жылға ауылдағы санитарлық тазалық жұмыстарына 2,2 млн. теңге және округтегі түнгі жарықтандыруды күтіп ұстауға 40,2 млн. теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүйелі жүргізілді. Сол сияқты «Өңірлерді дамыту» аясында 8,2 млн. теңгеге Сералиев, Сексенбаев тұйықтарына тас төсеу жұмыстары атқарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын табады», – деді халықпен кездесуде қала басшысы.
Әкім өз кезегінде биылғы жылы Қызылжарма ауылдық округіндегі түнгі жарық бағаналарын күтіп ұстауға қалалық бюджеттен 43,3 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар ауылдың бірқатар көшелеріне түнгі жарық бағаналарын орнатуға қала бюджетінен 9,8 млн. теңге бөлінсе, ауылдық округтегі «Тағзым алаңын» абаттандыруға 25,2 млн. теңге қаржы қаралып, толығымен абаттандыру, жарвқтандыру жұмыстары толық жүргізілгенін жеткізді. Бұдан бөлек биыл ауылдық санитарлық-тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған 20,2 млн. теңгеге жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізілген.

Ең бастысы, биылғы жылы ауылдық округтің электр желісі құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 363,9 млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толығымен аяқталуға жақын. Сонымен қатар Қызылжарма ауылында 67 көшеге электр желілерінің құрылысына 350,0 млн. теңге қаралған. Қазіргі таңда «Сәт Сервис» ЖШС тиісті жұмыстарды бастап кеткен.
Ауылдық округте алдағы уақыт еншісінде атқарылатын жұмыстарлың да ауқымы кең. Оның ішінде халықтың талап-тілегінен туындайтын мақсатты жұмыстар да бар.
Атап айтқанда, ауылдан ауыз су ұңғымаларын (скважина) салуды қамтамасыз ету басты мәселенің біріне айналып тұр.
Соған орай ауылдық округтен 3 дана ауыз су ұңғымаларын (скважина) салуға қалалық құрылыс бөлімі арқылы ЖСҚ әзірленген. Соның негізінде құны 244,8 млн теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыру үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім берілген.
Қазіргі таңда, «Бақ-Береке» ЖШС мердігер мекеме ретінде танылып, бұрғылау жұмыстары бастау алыпты.
Бұдан өзге ауылдағы Р. Батырбаев көшесі №2А көпқабатты тұрғын үйді кәріз су желісіне қосу мәселесі де жоғары маңызға ие.
Бұл мәселені шешу мақсатында құрылыс бөлімі арқылы жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылғаны мәлім болды.
Қазіргі уақытта құны 411 881,0 мың теңгені құрайтын жобаға байланысты мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңімпаз мекеме ретінде “Фирма МТО-Центр” ЖШС анықталған. Бұл жұмыс 2025 жылға құрылыс басқармасы арқылы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады деп жоспарлануда.
Кездесуде тұрғылықты халық жыл бедеріндегі жүйелі жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Қарауылтөбе қараңғыда қалмайды
Қала әкімінің іргедегі Қарауылтөбе ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі көптеген мәселелердің оңтайлы шешілуіне негіз қалайды деп айтуға болады.
Жалпы аталмыш елді мекеннің бюджеті жыл санап еселеп артып келе жатқаны байқалады. Атап айтқанда, Қарауылтөбе ауылдық округінің жыл басындағы бюджеті 144,1 млн. теңге болып бекітілсе, бүгінгі күнге 220,8 млн. теңгеге артқаны мәлім болды. Шаһар басшысы өз кезегінде ауылда ел игілігі үшін атқарылған осы сынлы жұмыстарға егдей-тегжейлі тоқталып өтті.
– «Өздеріңізге белгілі, өткен жылы ауылда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қала бюджетінен қаралған 2,4 млн. теңгеге А. Құнанбаев көшесі (көшенің бас жағы) жарықтандырылса, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджет есебінен 30 млн. теңгеге округтің жаңа қоныс аумағындағы 7 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Биыл ауылда қосымша 4 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның бірі – өздеріңіз көтеріп келген ауылдың өзекті мәселесі саналатын амбулатория құрылысын салу. Ал, келесі жүзеге асырылатын жоба ауылдың электр желілерін реконструкциялауға бағытталса, округтің жаңадан қоныстанушы аумақтың 5 көшесіне (2,4,6,7,8,9) түнгі жарық бағаналары орнату назарда тұр. Сондай-ақ, С. Байсейітов көшесіне балалар ойын алаңын орнату үшін жоба сметалық құжаттары әзірленіп жатыр», – деді қала әкімі.
Келесі кездесуде ауылдың өзекті мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл тұрғыда қоғам тыныштығын сақтауға ықпал болатын ауылдық округтегі бос тұрған учаскелік полиция инспекторы қызметіне жақын арада адам тағайындау және сол ауылда тұруын қамтамасыз ету назарға алынды. Соған орай бұл лауазымға учаскелік полиция инспекторының көмекшісі аға лейтенант Н.Төлебаев тағайындалды. Сонымен қатар Иманов, Абай, Әбдіқалықов көшелеріне электр желілері мен бағаналарын орнату, тоқ көзін тарататын жаңа КТПН орнату жоспарда тұр.
Қазіргі таңда аталмыш жоба бойынша қалалық құрылыс бөлімі арқылы жалпы құны 348,2 млн. теңгені құрайтын ЖСҚ әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Оған облыстық энергетика басқармасы тарапынан облыстық және республикалық бюджеттік өтінімдер ұсынылған. Нақты кезеңде мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланғаны мәлім болды.
Сол сияқты ауылдағы №179 орта мектептің жылу қазандығын газ желісіне ауыстыру мәселесі кезек күттірмейді. Соған орай қалалық білім бөлімі 9 мектеп және 9 балабақшаның бу қазандықтарын сұйық отыннан (дизель) сұйытылған отынға (газ) алмастыру мақсатында ЖСҚ құжаттарын әзірлеу үстінде екен. Соның негізінде жобалық іздестіру жұмысы (ПИР) құжаттарын және ғимараттарды уақытша мекеме теңгеріміне алу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне арнайы хат жолданған. Бұл тізімде аталмыш мектеп ғимараты да бар. Алдағы уақытта білім басқармасы облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөліп, жоспарлы жұмыстар жүргізіледі деп күтілуде.
Ауылдағы ағайынның тағы бір тілегі – Дәрігерлік амбулаторияның құрылысын салу. Бұл тұрғыда амбулатория құрылысы үшін Қарауылтөбе ауылдық округінен 3000 ш.м. жер учаскесі табысталып, құжаттары рәсімделген. Соған сәйкес аталған жоба бойынша «Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» арқылы жоба құны 357,9 млн. тенгені құрайтын ЖСҚ әзірленіп, сараптама қорытындысы алыныпты. Биыл қүрылысқа қажетті қаржы толық бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланады деп жоспарланып отыр екен.
Тағы бір айта кететін жәйт, ауылдық округтегі ауыз су қысымы кқп жылдан бері көпті толғандырып жүр. Әсіресе, жаз мезгілдерінде ауылдық округтегі ауыз су қысымына байланысты шағымдар жиілейді. Соған сәйкес қысымды жоғарылату мақсатында қосымша құбыр жүргізу назарда тұр.
Осы мәселені шешу мақсатында ауылдық округтегі жаңадан қоныстанған аумақтарда орналасқан қыспақты мұнарасынан С. Байсейітов көшесі арқылы Ж. Әбдіхалықов көшесіне қосымша құбыр жүргізу қажеттілігі туындап тұрғаны нақтыланып, бүгінгі күні, аталған мәселе бойынша «Қазсушар» ШЖҚ РМК-нің «Сыр суы» филиалына хат жолданған.
Қала әкімі елді мекендегі осы секілді түйіткілдер түйіні рет-ретімен шешімін табатынына сендірді
Қосшыңырауда қандай мәселе бар?
Келесі кезекте әкім Қосшыңырау ауылдық округінің халқымен кезлесті. Есепті жүздесу қосшыңыраулық ағайынның жарқын болашағына негіз қалайтын өміршең жобалардың жүзеге асырылу барысы мен алдағы міндеттер төңірегінде өрбіді.
Негізінен Қосшыңырау ауылдық округінің жыл басындағы бюджеті 149,9 млн. теңге болып бекітілгенімен, бүгінгі мөлшер 201,7 млн. теңгеден асып жығылады.
Қазіргі уақытта ауылдық округте 3627 адам тұрады. Оның ішінде, кономикалық белсенді халық саны 1608 адамды қүрайды. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар саны – 586 адам болса, жұмыссыздар саны – 30 адам болып табылады. Ал 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылғандар қатарына кіреді.
Сонымен қатар 2024 жылы ауылдық округ тұрғындарына «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары ұйымдастырылған. Сол арқылы 3 адам жастар практикасымен, 37 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 7 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіліпті.
«Жалпы ауылдық округте өткен жыл бедерінде жол, жарық, көркейту-көгалдандыру бағытында толағай тірлік атқарылды. Соның ішінле Досан елді мекеніндегі жаңа қоныс аумағының электр желісі құрылысына былтыр республикалық қазынадан 50,0 млн. теңге бөлінсе, биыл қосымша 307,1 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Сол сияқты Абай ауылының көшелерін (Телемұнара, Гагарин көшелері) түнгі жарық шамдарын орнатуға қалалық бюджеттен 3,7 млн. теңге бөлінсе, 10 млн. теңгеге (2024 ж. 5 млн. тг,
2025 ж. 5 млн. тг.) балалар ойын алаңы мен жаттықтыру алаңдары жөнделіп, жаңасы салынатын болады.
Ауылдық округте жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр», – деді әкім.
Қала әкімі өз кезегінде ауылдық округтің өзекті мәселелерімен таныс екенінтайтып, өзекті мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін табатынын мәлімдеді.
Соның ішінде Абай ауылындағы №138 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі кезек күттірмейді. Алайда бұған дейін аталмыш мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін әзірленген жоба-сметалық құжаттарының жарамдылық мерзімі өтіп кетіпті. Осыған байланысты қалалық білім бөлімі тарапынан ЖСҚ-ға қайта түзету мақсатында қаржы бөлу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сол сияқты Абай ауылынан жабық спорт кешенін салу жоспарда тұр. Бүгінде жабық спорт кешенінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қалалық экономика және қаржы бөліміне 8,7 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Тиісті құжаттар әзірлеп, сараптамадан өткесін облыстық бюджетке бюджеттік өтінім ұсынылу көзделіп отыр..
Мұнымен қоса Досан елді мекені мен Абай ауылындағы 4 көшеге қиыршық тас жолын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Аталмыш жоба құны 70,6 млн. теңгеге бағаланып отыр. Оған қалалық бюджеттен қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім тапсырылыпты. Сол сияқты Абай ауылындағы сиыр фермасы жолына да қиыршық тас жол құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Жалпы қүны 55,5 млн теңгені құрап, бұл бастаманың жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Оны қалалық бюджеттен қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім де берілген.
Келесі кезекте фельдшерлік-акушерлік пункт, әкімдік және клуб ғимараттарын газға қосу мәселесі қозғалды.
Кездесуде тұрғылықты халықтың талап-тілегі тыңдалып, шешу жолдары талқыланды.
Талсуат халқының талабы көп
Талсуат ауыллық округінде жалғасқан есепті жиын өзгеше өрнекте өрбіді. Тұрғылықты халық қала әкімінің әрбір сөзін қолдап, қуаттап, талап-тілектерін еш бүкпесіз ортаға салды.
Бұл ауылдық округтің де бюджетінде өсім бар. Нақты айтқанда, өткен жылы Талсуат ауылдық округтің бюджеті 138 млн. 162 мың теңге болып қалыптасса, биылға 160 млн.539 мың теңге болып бекітіліпті. Ең бастысы, елді мекенде ауылдың дамуына серпін беретін бірқатар жобалар қолға алына бастаған.
– «Сіздердің сұраныстарыңыз бойынша бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Атап айтсам, 1-ші тұйық көшесіне түнгі жарық бағаналарын орнату бойынша жоба жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны-2 млн. 341 мың теңгені құрады. Тиісті жұмыстарды «МК-Сервис LTD» ЖШС қолға алды. Сол сияқты №3 тұйық көшеге тас төсеу құрылысын жүргізу бойынша 13 млн. 279 мың теңгеге жұмыстар жасалды. Осы орайда Сығанақ көшесіне тас төсеу құрылысын жүргізуге бюджеттен 22 млн. 44 мың теңге көлемінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы облыстық бюджетке өтінім ұсынылды. Дегенмен оған қарамастан біз қалалық бюджеттен ақша қарастырып, мемлекеттік сатып алу конкурсын жүргізудеміз», – деді Нұржан Сәбитұлы.
Сонымен қатар қала әкімі Тағзым алаңында абаттандыру және көркейту мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауылдық округ аумағында орналасқан әлеуметтік қызмет көрсететін 3 мекемеге жаяу жүргіншілер жолын салу және көше жарығын жүргізу, ауылдық округтегі ескі ауылдық клуб ғимаратының жарамдылығына құрылған арнайы жұмысшы тобының жұмысын кеңінен баяндады. Сондай-ақ, ауылдық округтегі электр желілеріне кедергі келтіріп тұрған талдарды қырқу жұмыстары қарқын алғанын жеткізді.
– «Өздеріңізге белгілі, бұған дейінгі кездесулерде айтылған ұсыныстарыңыз бойынша жаңадан салынған ауыз су ұңғымасын мердігер мекемеге қайта қаздырдық. Бүгінде тиісті жұмыстар «Қалалық құрылыс бөлімі» арқылы толықтай жүзеге асырылды. Су ұңғымасы қазылып, сараптама қорытындысы дайындалуда. Бұдан өзге, №178 орта мектеп және Заңғар бөбекжай балабақшасын газдандыру бойынша ПИР (жобаны есептеу), техникалық шарттар, жобалауға арналған сәулет-жоспарлау (АПЗ) құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім облыстық білім басқармасына ұсынылды. Соған орай демеушілік есебінен ЖСҚ әзірленуде. Алдағы жылу маусымына дейін мүмкіндігінше газға қосуға жұмыс жасайтын боламыз», – деді өз кезегінде қала әкімі.
Келесі кезекте Талсуат ауылдық округіндегі мектепке қосымша ғимарат салу бойынша, №178 орта мектепке қосымша құрылыс салу, Ақмешіт, Астана, Алматы, Отырар, Сауытбаев көшелеріне көше жарығын жүргізу, Құмкөл, Атырау, Ақмешіт, Нұрмағанбетов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салуды қамтамасыз ету сынды халықтың сұранысынан туындайтын өзекті мәселелердің жүзеге асырылу барысы баяндалды.
Есепті кездесу барысында халық тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, олар көкейдегі сұрақтарына тұщымды жауап алды.
Қызылөзекке көпір керек
Қызылөзек халқы қала әкімін жылы шыраймен қарсы алды. Кездесуде жыл шеңберінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге зор қолдау білдірді.
Халықтың пікіріне сәйкес, ауылдың әлеуметтік ахуалы артып келеді. Жыл шеңберінде атқарылған жұмыстар ауқымы соның айқын дәлелі болса керек. Алайда, шешім күткен мәселе де жоқ емес. Алайда тұрғылықты халық барлық түйткілдер түбегейлі шешімін табатынына нық сенім білдіреді.
Алдымен жыл бедерінде атқарылған жарқын жетістіктерге көз жүгіртсек, Қызылөзек ауылдық округінің жыл басындағы бюджеті 619,7 млн. теңге болып бекітілгенімен қазіргі уақытта қазына қаржысы 723,4 млн. теңгеден асып отыр.
– «Өздеріңізге белгілі, өткен жылы ауылдық округтегі инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2025 жылға өтпелі кезеңмен (переходящий) 1 млрд. 645 млн. теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырыла бастаған болатын. Соның бірі – ауыл тұрғындарының ең өзекті болып келген мәселесінің бірі – ауылдық округке қарасты 3 елді мекендегі электр желілерін қайта жаңғырту жұмысы еді. Бүгінде жалпы құны 1 млрд. 192 млн. теңгені құрайтын бұл жоба сәтті жүргізіліп жатыр. Одан бөлек жалпы құны 452,1 млн. теңге болатын ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын 3 көшеге жол құрылысы басталды. Бұл жұмыстарға 2024 жылы бастапқы 134,0 млн теңге қаралса, 2025 жылға М.Жабағыұлы тұйығының жол құрылысын аяқтауға 91,5 млн теңге қаралып, қалған 18,4 млн. теңге қаражаты жуырда қалалық бюджеттен бөлініп отыр. Сол сияқты биылға, яғни 2025 жылға осы жұмыстармен қатар, облыстық бюджеттен қаралған 326,0 млн. теңге қаражатқа жалпы ұзындығы 3 шақырымды құрайтын Сариев және Жабаев көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды», – деп мәлімдеді бұл жайында әкім.
Кездесуде ауылда атқарылған жүйелі жұмыстармен қатар шешімін күткен күрмеулі мәселелер де талқыға түсті.
Ауылдағы сондай өзекті мәселенің бірі – Қараөзек ауылына кіре берістегі «Қожақ» автомобиль көпірі. Бұл өткелге күрделі жөндеу жұмысына биыл облыстық бюджеттен 292,297 млн. теңге қаражат бөлініп, көпір құрылысы қарқынды жүргізіле бастаған. Тиісті жұмыстарды «N Строй Сервис» ЖШС мердігер мекемесі қооға алыпты.
Ал Айнакөл ауылы тұрғындарының өзекті мәселесі – «Айнакөл-1» көшесіне жол құрылысын салу екен. Жуырда бұл жұмыстарға қалалық бюджеттен 85 млн. теңге қаралғаны айтылды.
Сонымен қатар қалалық бюджеттен қаралған 26,269 млн. теңге қаражатқа ауылдық округке қарасты 3 елді мекенді ілеспе газбен қамту көзделіп отыр. Бүгінде оның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, жоба мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатса керек. Сараптаманың қорытындысы шықса, жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсыныс беру жоспарланып отыр екен.
Қала әкімі өз кезегінде бұдан бөлек тағы 2 мәселені жеке бақылауына алып отырғанын айтты. Оның бірі; – Айнакөл ауылы, Айнакөл көшесі №4 үйде тұратын (отбасы мүшесі – 12 адам) отбасын үймен қамтамасыз ету болса, екіншісі – Қараөзек және Айнакөл елді мекендерінен балабақша мәселесі екенін жеткізді. Нақты уақытта бұл мәселелер бойынша тиісті бөлімдерге тапсырма берілген.
Кездесуде халық тарапынан ұсыныс-пікірлерімен қатар, әрбір атқарылған жұмыстарға ризашылығын жеткізген жұртшылықтың қарасы қалың болды.
Е. ЖАЛҒАСБАЕВ