Мемлекет басшысы айтып жүрген “Әділетті Қазақстанның” негізгі тірегі – заң мен тәртіп. Тәртіп болмайынша, заң сақталмайынша әділеттілік салта­нат құра алмайтыны анық. Кешегі аптада атап өтілген “Полиция күні” мерекесінде Президент Қ.Тоқаевтың қатысуымен құқық қорғау жүйесінің бүкіл қызметкерлері мен ардагерлерінің басы қосылған “Заң мен тәртіп” деп аталатын үлкен алқа мәжілісі өтті.

Нәтижесінде қазір құқық қорғау саласының жұмысын зерделеп жатқан, әрі Президент алқаға жиналғандарға міндет еткен 4 міндеттің біріншісі заң және тәртіп қағидатын жаппай дәріп­теуге бағытталған “Заң мен тәртіп” апталығы өтуде. Жалпы заңсыз жүрген, тәртіпке бағынбаған кезіміз жоқ. “Тәртіп­ке бағынбаған құл болмайды” деген баяғыдан бар. Сондай-ақ Қасым хан­ның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің жеті жарғысы есте бар.

Мемлекет басшысы айтады: “Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Сондай-ақ, тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс”.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: Жалпы, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге жан-жақты қараған жөн. Бүгін мен «Заң және тәртіп» апталығын жариялауды ұйғардым. Осы апта қоғамда заң мен тәртіпті насихаттау аптасы болмақ. Алдағы жеті күн құқықтық мәдениетті нығай туға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға арналуы керек. Алайда, бұл бір реттік акция емес. «Заң және тәртіп» апталығына азаматтардың құқықтық сана сезімін көтеретін маңызды, жүйелі шара ретінде қараған жөн.

Өкінішке орай, өмірде бәрі бұлай емес. Заңсыздық, тәртіпсіздік жөнінде ел ішінде әңгіме көп. Әрі сол алуан әңгімелердің ұшы заң мен тәртіп қызметкерлеріне  барып тіреледі.

Бірінші міндетті орындауда екінші міндеттің маңызы ерекше сияқты.

Құқық қорғау саласындағы тәртіп­сіздікті, жауапсыздықты, жемқор­лықты азайту үшін “бірдей қылмыстық әрекет мүлде әртүрлі бағаланатын және азаматтарды қылмыстық процесс­­ке негізсіз тартатын жағдайды бол­дырмау үшін” жасанды интеллект технологияларын енгізу қажет. Жыл басынан бері Президент әкімшілігіне сотқа дейінгі іс жүргізу мәселесі бойынша 3000 шағым келіп түскен. Адам қараса бұл шағымдарды қабыл­дап алудың өзіне көп уақыт кетеді. Цифрлық технология болмаса алыс ауылдан жазылған шағымыңыздың өзі Ақордаға алты айда жетері сөзсіз.

Күні кеше Қызылорда облысы әкімі Н.Нәлібаев Қызылорданың құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге Қызылорда қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығы­ның ғимаратына жүргізілген күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыс­тарымен танысты.

Қазіргі уақытта жедел басқару орталығының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, толықтай жаңар­тылған. Орталықтың басқару залына бейнеқабырға, операторларға арналған 15 автоматтандырылған жұмыс орны мен жаңа жиһаздар қойылған. Мұнан бөлек заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылып, бейнеконференц бай­ланыс жүйесі іске қосылған.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу үшін аймақта жергілікті бюджет есебінен бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, 1400 бейнебақылау камерасы, 20 «Зияткерлік қиылыс» және 58 стационарлық жылдамдық өлшегіш, жасанды интеллектке негізделген бейне­аналитикалық жүйе орнатылады.

Демек, Қызылордада елдегідей жасанды интеллектінің көмегімен қаладағы ахуалға тәулік бойы бейне­бақылау жүргізіледі. Қай кездегідей қай істе де, еліміздегі өңірлер арасында бірінші болып жүретін әдетімізбен бұл істе де республикада алғашқы болып, тіпті аудандық полиция бөлімдерінде жедел басқару орталықтарын ашып тастадық.

Кешегі полиция күні мерекесінде “Өнер орталығында” осы мерекеге арналған салтанатты жиын өтті. Осы жиынға қатысқан аймақ басшысы Н.Нәлібаев өз құттықтау сөзінде құқық қорғау саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдау­ында: «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғам­ның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деп нақты міндеттерді белгілеген болатын.

Сіздерге жүктелген міндет ас­қан жауапкершілікті қажет етеді. Аймағымызда құқықтық тәртіпті орнату, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамта­масыз етудегі қызметтеріңізді тиімді ұйымдастыруға бағытталған кешенді қолдау шаралары қабылдануда. Соңғы үш жылда полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсар­туға облыстық бюджеттен 8 млрд.теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл бұл мақсатқа 2 млрд. 800 млн. теңге қаралып, материалдық-техникалық база заманға сай жаңғыртылуда.

Әр тәртіп сақшысы заң мен әділ­діктің айнасы болып, әділетсіздік пен немқұрайлылыққа жол бермеуі керек. Бір қызметкердің салғырттығы бүкіл жүйенің беделіне нұқсан келтіреді. Алдағы уақытта да полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, тұрғындардың тыныш өмір сүруін қамтамасыз етіп, қылмысқа қарсы күресті қарқынды жалғастырып, жұмыс сапасын арттыра түседі деп сенемін – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.

Расында да 2023 жылдан бері полиция департаментінің аттес­тациядан өткен қызметкерлеріне облыс бюджетінен 2 млрд. теңгеге жуық үстемақы төленіпті. Қауіпсіздікті күшейту және жедел әрекет ету үшін бейнебақылау камераларының саны артқан. Аудандарға 539 бейнебақылау және 49 жылдамдық өлшейтін камера орнатылған. Соңғы жылдары полицияға заманауи құрал-жабдықтармен жабдық­талған 128 жаңа автокөлік берілген. Биыл тағы 31 қызметтік көлік пен арнайы құрал-жабдықтар тағы алынады.

Демек, полиция жағдайы жаман емес. Тек, Мемлекет басшысы айтқан­дай “олар бүгінгі уақыт үдерісіне бейімделе білуі керек”.

Аймағымызда тағы бір игілікті іс-шара өтті. “Өнер орталығында” өткен “ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері” форумы Мемлекет басшысы алқада арнайы тоқталған “интернет және телефон алаяқтығының алдын алу­мен” үйлесім тапты. Форумда сөз сөйлеген аймақ басшысы қоғамдағы күрделі мәселелерді талқылап, алдағы бірлескен маңызды міндеттерді айқындау мақсатында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

– «Цифрлық шешімдер жылдам дамыған уақытта азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың, қаржылық сауаттылығын, құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы артты.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдау­ында: «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деп нақты міндеттерді белгілеген болатын.

Биыл 1 сәуірде Үкімет қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жыл­дарға арналған тұжырымдама» бекітіліп, нақты міндеттер белгіленді. Өңірімізде Мемлекет басшымыздың «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыру­да Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру де­пар­таментімен бірлесіп, кешенді шараларды қолға алдық. Жаңа баста­маларға әрдайым қолдау көрсетіп келеміз.

Заманауи мүмкіндіктерді өз пайдасына асырған алаяқтар жасаған қылмыстар азаматтардың лайықты өмір сүруіне теріс әсер етуде. Түрлі гаджет мен смартфондағы бағдарламалардың көмегімен жасалатын алаяқтық, кибершабуылдар схемасы сәт сайын өзгеріп, қадамдары жаңарып барады. Халықтың қаржылық қауіпсіздігі үшін қаржылық пирамидалар, құмар ойындарға тәуелділік, интернет-алаяқтық, дропперлік қылмыстардың алдын алуда уақытылы, тиісті шешімдер қабылдаудың маңыздылығы артты. Бір қарағанда жеке адамның мәселесі секілді көрінуі мүмкін. Бұл – тұтас қоғамға, әрбір отбасыға, ұрпағымыздың болашағына әсер ететін қауіп-қатер.

…Көптеген құқық бұзушылық ұқсас жағдайда, бірдей факторлардың әсерінен орын алады. Тиісті деңгейде талдау жасалса, оны дер кезінде ауыздықтауға болады. Басқаша айтқанда, қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек. Ол үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Аталған ведомство жай ғана есеп сақтайтын орын емес, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді анықтайтын және ескертумен айналысатын орталық болуға тиіс.

…Мысалы, қазір елімізде іске қосылған «Заң мен тәртіп» платформасын Электронды үкімет пен танымал банк қосымшалары арқылы қолдануға болады. Осы цифрлық платформаның арқасында азаматтарымыз полицияға тікелей және жедел түрде хабарлама жолдай алады. Осылайша, кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді.

…Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады деген сөз. Мұндай озық технологиялар түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, сол арқылы қоғамдық тәртіпті нығайта түседі.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІНЕН

Біз ашықтық қағидатына сәйкес, қала, аудандарда халықтың өзекті мәселелері бойынша құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге қоғамдық қабылдауларды тұрақты өткізіп келеміз. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, әділетті қоғам құруға оң ықпал етті. Елімізде заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі заң қабылданып, кешенді шараларға жол ашылды. Бұл кеселмен халық, әлеумет болып күресуіміз керек. Лудомания дертіне шалдыққан адаммен психологтар, дін мамандары жұмыс істеп, жеңіл жолмен келген ақша пайда әкелмейтінін, тек адал еңбекпен тапқан табыстың ғана берекесі болатынын ұғындыруымыз қажет», – деді Н.Нәлібаев.

Бұл басқосуда Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орын­басары Руслан Сатыбалдиев, дінтанушы Нұрлан Асанов, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшы­сы Аслан Кеңес баяндама жасап, қаржылық сауаттылықтың маңыз­дылы­ғына тоқталды. Қоғам дертіне айналған құмар ойынға әуестіктің қауіпті екені айтылды.

Іс-шарада облыс тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржы пирамидалары мен лудоманияға қарсы күрестің алдын алу бағытында белсенді әрі нәтижелі еңбек еткен азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Демек, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде олардың алаяқтарға алданып қалуын болдырмау үшін билік те, құқық қорғау органдары да қарап қалып жатқан жоқ.

Осы бағытта аймағымыздағыҚаржы мониторингі агеттігінің Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде «Ашық есік күні» өтті. Оған  ардагерлер, журналистер, белсенді жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шараның басты мақсаты – қоғаммен ашық әрі сенімді байланыс орнатып, департаменттің қызметі, міндеттері және заманауи тәсілдерімен таныстыру. Қатысу­шылар интернет-алаяқтық, қаржы пирамидалары, «дропперлік» қыл­мыс­­тар сынды жаңа сипаттағы қаржылық құқықбұзушылықтармен күрес­те қолданылатын заманауи әдіс-тәсілдер туралы тың ақпарат алды.

Бас қосуда облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру де­пар­таментінің басшысы Аслан Кеңесұлы сөз сөйлеп, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай БАҚ өкілдеріне алғыс айтып, марапаттады. Сондай-ақ аналитикалық талдау бөлімінің басшысы Қайрат Ахметов презентация жасап, бейнематериал көрсетті. Онан бөлек сала ардагерлеріне сөз беріліп, олардың пікірлері тыңдалды.

Шара барысында қатысушыларға арналған шағын интерактивті ойын ұйымдастырылып, қаржылық сауат­тылық тақырыбына арналған анали­тикалық, практикалық және моти­ва­циялық сұрақтар қойылып, қатысу­шылар пікірталасты.

Кеш соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс айтып, қоғамның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі бұқаралық ақпарат құралдарымен және жастармен бірлес­кен жұмысты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған