Елдің оңтүстігі мен батысында қар қарқынды еріп жатыр.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында ел аумағының 71 пайызында қар жатқанын хабарлады. Бұл өткен аптаға қарағанда 15%-ға аз.
Оның айтуынша, республиканың оңтүстігінде Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, батысында Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр.
«Наурыз айында температура көтеріліп, жауын-шашын көп болса еріген қар суынан тау өзендерінде тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар қалың, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түседі деп күтіліп отыр. Мысалы, Астанада бірінші онкүндіктің өзінде айлық жауын-шашын мөлшері түсті», – деді Ерлан Нысанбаев.
Министр наурыз, сәуір айлары әдеттегіден жылы болатынын алға тартып, республиканың басым бөлігінде жауын-шашын көп түсетінін айтты. Бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді.
- Су тасқыны қаупі жоғары өңірлер: Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау және Абай облыстары.
- Қауіптілігі орташа өңірлер: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.
- Тасқын қаупі төмен өңірлер: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
«Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Сондай-ақ өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгеретін болса «Қазгидромет» ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды», – деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.