Нью-Мексико университетінің 20 ғалымынан тұратын топ қайтыс болған адамдардың миын зерттеген. 2016-шы жылы қайтыс болған 28, 2024-ші жылы қайтыс болған 24 адамның миын зерттегенде олардың барлығында дерлік кішкентай болса да пластик болған. Тек 2016-шы жылы қайтыс болғандарға қарағанда 2024-ші жылы қайтыс болғандардың миында пластик талшықтары 40%-ға көп болған.
Сондай-ақ тірі кезінде деменциямен ауырған, яғни жадынан айрылып, ақыл-есі кеміген 12 адамның миын зерттегенде деменция емес адамдарға қарағанда оларда микропластиктер 3-5 есе көп болып шыққан. Сондай ақ, пластик талшықтары, микропластиктер бауырдан да, бүйректен де, қаннан да, емшек сүтінен де, сүйек кемігінен, тіпті іштегі баланың жолдасынан да табылған.
Қан тамырлары жүйесін зерттегенде микропластиктердің қан тамырларын бітеп, қан айналымына кедергі келтіретіні белгілі болған. Тағы бір ғылыми жұмыс нәтижесінде микропластиктер ми тамырларын да бітеп тастайтыны айқындалған.
Жалпы микропластиктердің миға кіріп, адам денсаулығын нашарлататыны 2018-ші жылғы Вена медицина университетінің зерттеуі арқасында белгілі болған. Халықаралық ғалымдар тобы полистиролдың кішкентай бөлшегінің өзі тамақ ішкеннен кейін айналдырған бірнеше сағатта миға жетіп баратынын анықтаған. Негізі бұған дейін гемотоэн цефаликалық бөгет зиянды заттардың миға түсуіне жол бермейді деген түсінік бар болатын.
Миды зерттегенге дейін микробиологтар микропластик ішектен кедергісіз өтеді деп дәлелдеген екен. Бір қиыны асқазан-ішек жолында пластмасса бөлшектері қабыну процесін тудырып, онкология ауруларына жол ашатын көрінеді.
Енді ағзаға микропластик қайдан түседі дейтін болсақ, тамақтан, судан, ауадан бәрінен де қауіп бар дейді, ғалымдар. Әсіресе, микропластик қаптаманың бұзылуының өнімі екен. Әлемде жылына өндірілетін 300 млн. тоннадан астам пластик тағамдар мен сусындардағы қаптама жасауға жұмсалатын болса, күн сәулесінен, қызудан, қысқа толқынды пештерде ысытудан, пакеттердің, бөтелке мен контейнерлердің үйкелісінен, соқтығысынан пластиктер ұсақ, майда бөлшектерге бөлініп, ол бөлшектер тағамға, сусынға түседі.
2022-ші жылы Exposure and Health жариялаған зерттеуінде адам аптасына кем дегенде 5 грамм пластик жұтады деп жазған.
Климаттық өзгерістерге орай өзгеріп отыратын ауа райы да, мәселен аптап ыстық, сондай-ақ климаттық апаттар да инсульт, бас ауру, қояншық сияқты ауруларды қоздырады екен. Депрессия мен шизофренияға да әсері мол дейді.
Лондонның университет сипатындағы колледж ғалымдарының қорытындысы бойынша әсіресе миы ауыратындарға ауа райы өзгерістері кері әсер етеді.
Ғалымдар 1968-ші жылдан 2023-ші жылдар аралығында жарық көрген 332 ғылыми мақалаға сараптама жасаған. Ондағы ойлары климат өзгерісінен болатын аптап ыстық пен стихиялы апаттардың жүйке мен неврологиялық ауруларға әсерін білу. Инсульт, бас сақинасы, Альцгеймер, менингит, эпилепция, ұмытшақтық және де үрейлену, түңілу, шизофрения бас-аяғы 19 науқасты зерттегенде қоршаған орта ауруларды таратып қана қоймай, оны асқындыратыны, мүгедектікке дейін әкелетіні, тіпті өлімге жеткізетіні белгілі болған.
Мәселен, деменциямен ауыратындардың науқасы ауа температурасы көтерілгенде, күн бұлттанғанда, тағы да басқа ауа райы өзгерістері болғанда күшейетіні байқалған.
Ауа температурасы қатты көтерілгенде жүйкесі ауыратындар да “көтеріледі” екен. Осы кезде олардың арасындағы өлім-жітім де күшейеді.
Дауыл тұрғанда, немесе орман өрті орын алғанда адамдар арасында үрей басым болып, дағдарыс күшейіп, өмірден түңілу, өзіне-өзі қол жұмсау туралы ойлар да жиілей түседі.
Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының 2019-шы жылғы статистикасы бойынша әлемде 1 млрд-қа тарта адам жүйке ауруларымен ауыратын болса, оның 14%-ы жеткіншектер екен. Әлемдегі барлық өлімнің 1%-дан астамы жүйке ауруының асқынуынан өзіне-өзі қол жұмсаудан болады екен. Өзіне-өзі қол жұмсағандардың 60%-ы жасы 50 ден асқандар дейді.
Ресми статистика бойынша еліміз тұрғындарының 1%-ы, яғни 195 779 адам жүйке ауруларымен ауыратындықтан, есепте тұрады екен. Бұлардың 40%-ы ақылы-есі кем деген диагнозы бар. Ал ми тіндеріне зақым келген науқастар саны 58 мың адам екен. Ал, үшінші орында шизофрения тұр. Мұнымен 44 321 отандасымыз ауырады. 2022-ші жылы еліміздің 11,5 мың адамы жүйке аурулары диагнозымен бірінші рет тіркелген.
Зерттеушілер ойынша климаттың дағдарыс кесірінен болатын ауа райының улы заттармен ластануынан, жұқпалы аурулардың жұққыштығынан, аномальді ыстықтан, құрғақшылықтан, су тасқынынан миллиондаған адамдардың денсаулығы сыр береді.
Қазіргі уақытта қайсыбір ғалым болмасын климат өзгерістерін жеңілдететін амал ойлап тауып отырған жоқ. Бірақ, жүйкені тоздырмай, сақтауға, дұрыс тамақтануға, мезгілімен ұйықтауға, темекіден, спиртті ішімдіктерден бас тартуға кеңес береді. Сондай-ақ жағымсыз ақпараттардан бойды аулақ ұстап, “жақсы сөз – жарым ырыс” дегендей жақсыға үйір болған жөн дейді.
2012-ші жылы Америка университеттерінің бірінің маманы тышқанның миына лас ауаның әсерін зерттеп көрген.
Негізі улы газға, қатты бөлшектерге толы лас ауа астма, өкпе обыры, тыныс алу органдарының басқа да ауруларына себеп екені белгілі. Тіпті жүрек ауруына да әсері бары талай жүректерді ауыртқаны сөзсіз. Бірақ, бұдан 13 жыл уақыт бұрын лас ауаның миға әсерін ғалым мамандар зерттей қоймапты. Содан да 2012-ші жылы маманның тышқандар миына жасаған зерттеуі көпшілік қызығушылығын туғыза қоймаған.
Алайда, қазіргі кезде ми мәселесі бүкіл әлем “миларын” ойландырып тұр. Өйткені ми, жүйке ауруы көбейіп тұр. Мұның себебін зерттегенде ауаның ластануының жоғары деңгейі ақыл-есті азайтып, адам бойында қозушылықтың, үрейдің, күйреудің көбейгенінен бөлек, осының салдарынан өз өміріне өздері қол салатындар қатарын көбейтіп отырғаны белгілі болған. Әсіресе, жастар менен еңбекке белсенді топтар арасындағы аурушаңдық алаңдатпай қоймайды.
Балалар арасында жиілеп кеткен аутизм мен ақыл-естің кем дамуы балалардағы жүйке талшықтарының дамуының жеткіліксіздігі деп қорытындыға келген зерттеуші ғалымдар оның да түп негізі лас ауада деп дабыл қағуда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2021-ші жыл қорытындысы бойынша әлем тұрғындарының 99%-ы лас ауадан қорғалмаған дейді. Халық, өндіріс орындары көп шоғырланған ірі қалалардан бөлек шағын елді мекендердің өздерінде де ауаның ластануы қазір төмен еместігі анық.
Негізі лас ауа дегеніміз – әралуан газдар мен зиянды бөлшектердің қосындысы. Мәселен көліктен шығатын газ, өндірістік қалдықтар, пеш түтіні, шаң – мұның бәрінде де азот оксиді, күкірт, көміртегі тотығы, озон бары рас.
Лас ауа әсер еткенде алғашқыда ми қабынып, жүйке талшықтарын қорғайтын тіндердің өзі ағзаға қарсы жұмыс істеп, ауырсынуды көбейте беретін көрінеді. Әзірге лас ауаның қай компоненті миға өте зиянды екенін анықтау мүмкін болмай тұрса керек. Мәселенің қиындығы қалтасы жұқа жандардың аурушаңдығын білімнің, тамақтанудың төмендігінен, дәрігерлік қызметтердің қолжетімсіздігінен бөлек лас ауа әсері күшейте түседі.
АҚШ, Франция, Қытай сияқты дамыған елдер ауасын тазарту арқылы ми ауруын азайтып, ақыл-есті азайтпауға қол жеткізіп жатыр екен…
Бізде де қоршаған ортаны тазартамыз, таза ауа қалыптастырамыз деген ниетпен Тоқаев бастамасымен “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы қолға алынды. Әр кезең сайын бәлен сенбілік өтіп, бәлен жер, көл, өзен сулары қоқыстан тазартылды деп ақпар беріліп жатады. Мұның бәрі тек емес…
…“Таза Қазақстан” акциясының аясында әр сенбі сайын жарияланатын облыс әкімі Н.Нәлібаев сенбілігінің бойымызға дерт дарытпауға, миды кеселден сақтауға үлкен үлесі бар болып шықты…