Сырдария өзенінде мұз қозғалып, сең жүре бастады. Бұл жағдай аймақтағы су тасқыны қаупін арттырып отыр. Бүгінде өзен арнасы толық бақылауға алынып, тиісті азаматтық қорғау қызметтері сақадай сай дайындыққа келтірілді. Қауіптің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі мен төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің өкілдері Қызылорда облысына арнайы келіп, жағдайды бағамдады.
Қазіргі таңда өзен арнасының Қызылордаға дейінгі бөлігі мұздан толық тазаланған. Алайда қала тұсында мұз кептеліп, ақырындап жылжып келеді. Осыған байланысты аймақта 5 қауіпті учаске анықталып, тәулік бойы бақылау жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, сеңнің қозғалысы Қызылорда қаласының сол жағалауында байқалған. Әсіресе, көпірден төмен қарай мұздың жүруі көзге анық түсіп отыр.
Аймақтағы су тасқыны қаупі жоғары 29 елді мекен ерекше бақылауға алынған. Бұл ауылдарда шамамен 70 мыңға жуық адам тұрады. Қазіргі уақытта азаматтық қорғау қызметтері толығымен тасқынға тосқауыл болу үшін дайындықтарын пысықтауда. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Бейбітхан Спановтың айтуынша, Қызылорда қаласы маңындағы саяжайлар мен Бірқазан елді мекенінде сең қозғалғанымен, қорғаныс бөгеттері қалыпты жағдайда.
Аймаққа арнайы келген төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков барлық қызметтердің әрекет алгоритмін тағы бір рет пысықтап шықты. Халықты қауіпсіз жерге көшіру үшін 61 эвакуациялық жинақтау пункті, 71 қабылдау пункті, 22 уақытша орналастыру орны және 13 жылжыту бекеті дайындалды. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар қызметінен 128 қызметкер, 25 бірлік арнайы техника, 6 жүзу құралы және 33 мотопомпа толық әзірлікке келтірілді.
Мамандардың айтуынша, ақпан айының 22-28 аралығында сең Қызылорда қаласы маңынан өтеді деп күтілуде. Ал, наурыздың 7-13 аралығында ол Қазалы мен Арал аудандарынан өтеді деген болжам бар. Аймақтағы солтүстік аудандарда мұз әлі де толық ерімеген, оның қалыңдығы 20-40 см аралығында.
Жалпы, жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметі су тасқынының алдын алу үшін барлық шараларды қолға алып отыр. Елді мекендерде бақылау күшейтіліп, халықтың қауіпсіздігі басты назарға алынған. Алдағы күндері жағдайдың қалай өрбитіні ауа райына да байланысты болмақ.