Осы аптада Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды.
Үкімет баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша 2024 жылмен салыстырғанда 518 мың гектарға артық, яғни 23,8 млн. гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Дәнді және бұршақты дақылдардың егістік алқаптары шамамен 16,6 млн. гектарды құрайды (2024 жылы – 16,7 млн. га). Майлы дақылдардың ауданы 365 мың гектарға артып, 3,3 млн. гектарға жетеді, оның ішінде күнбағыс дақылдары 50,6 мың гектарға өсіп, 1,3 млн. гектарға дейін жетеді. Сондай-ақ картоп алқабын 14,9 мың гектарға ұлғайтып, аумақты 136,8 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда, ал қарақұмық дақылдары 41,5 мың гектарға артып, 147 мың гектарды құрайды. 2025 жылы қант қызылшасының ауданы 18,4 мың гектарды құрайды. Жемшөп дақылдарының ауданы 184 мың гектарға ұлғайып, 3,4 млн. гектарға жетеді. Мақта дақылдары 135,2 мың гектарды, ал күріш 90,2 мың гектарды құрайды.
Дихандарды жанар-жағар маймен қамтамасыз ету үшін 401 мың тонна дизель отыны бөлініп отыр. Дизель отынын тиеп жөнелту бойынша май өңдеу зауыттарына облыстарды бекіту кестесі бекітілді, сондай-ақ межелі стансаға дейін литріне 232 теңге мөлшерінде бағада белгіленді.
Операторлардың шығындарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының түпкілікті құны литріне 254 теңге. Демек жанармай құю стансаларында литріне 295-300 теңге екенін ескерсек егіннің майы нарықтық бағадан 13-15%-ға төмен.
Үкімет басшысы экспортқа шығатын және нарықта сұраныс жоғары, көбірек табыс әкелетін дақылдардың алқаптарын кеңейтуге басымдық беру қажет екеніне баса назар аударды.
Биыл егіншілік саласын қаржыландыру көлемі 700 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Лизингке жұмсалатын қаражат 200 млрд. теңгеге жеткізілді. Сондай-ақ жеңілдікпен 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді.
Олжас Бектенов бұл шаралардың барлығы егіс науқанын ойдағыдай өткізуге бағытталғанын баса айтты.
Үкімет басшысы:
– «Мемлекет егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады. Жұмыстарды нәтижелі әрі ұйымдасқан түрде жүзеге асыруымыз қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдетілген несиені тиімділігі әрі жауапкершілігі жоғары диқандарды қолдауға бағыттауы керек», — деп тапсырма беріп отыр.
Бұл ретте ол бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуы әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуға тиіс екенін ескертті.
Сонымен қатар оның айтуынша, егіншілерді сапалы және тексеруден өткен тұқым қорымен қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін бірінші кезекте, отандық өндірушілерді ынталандыру қажет. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарында агротехнологияларды қатаң сақтап, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын уақтылы қолдану керек.
Қазақстанда тыңайтқыштар енгізу жоспары ғылыми негізделген норманың тек 59%-ын, ал ауыл шаруашылығы техникасының техникалық дайындығы – 75%-ды құрайды. Олжас Бектенов жаппай егін егу жұмыстары басталғанға дейін бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізіу қажет екенін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, егіншілерді тиімді мемлекеттік қолдау мақсатында несие мен субсидия беру рәсімдерін оңтайландыру және жеңілдету шараларын қабылдасын.
Энергетика, ауыл шаруашылығы министрліктері мен өңір әкімдері арзандатылған отынның тиісті көлемін жеткізуді бақылауда ұстасын. Әкімдіктер бір апта мерзімде өңірлік операторлар бойынша толық деректерді берсін. Шаруаларға тиесілі отынның сатылып кетуіне жол беретін компаниялар мен жеке тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырамын.
Су ресурстары министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірге фермерлерді суармалы сумен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдасын. Әкімдіктер қар тоқтату және су қорын жинау жұмыстарын жүргізуі қажет – деп Үкімет басшысы мәжілісті қорытты. Сонымен Үкіметте көктемгі егіске дайындық басталды.
* * *
Үкіметтің бұл жиынына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Биыл облыста 190 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Үкіметтің Жол картасына сәйкес күріш егісі 80 900 гектар болып бекітілді. Қосымша 5 мың гектар күрішті қашыртқы сумен, жерді лазерлік тегістеу арқылы үнемделген сумен суару көзделуде. Ауыл шаруашылығы құрылымдары тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Қажетті 64 600 тонна тыңайтқыштың 11 300 тоннасы отандық өнім.
Шаруашылықтар есебіндегі 4046 техниканың 82,2 пайызы жөндеуден өтті. Қалғаны 1 наурызға дейін 100% дайын болады. Энергетика министрлігі 10 мың тонна дизель отынын бекітті. Бүгінде жеткізуші операторлар айқындалып, ақпан айына бөлінген дизель отынына төлем жүргізілуде. Жоспарланған егіс көлемі мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы отырысынан кейін қайта нақтыланады.
Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруда және салаға озық технологияларды енгізуде бірқатар шара атқарылуда. Егін, мал шаруашылығы саласындағы субсидиялау процестері «ГосАгро» порталы арқылы онлайн жүргізілуде. Жер учаскелерін сату, жалға беру веб-портал арқылы электронды түрде өтеді.
Саланы цифрландыру, жаңа жобаларды жүзеге асыруда шетелдік компаниялармен бірлескен жобалар іске асырылуда. «Ер-Әлі» шаруа қожалығы күріш алқаптарын суаруды цифрландыру, су шығынын азайту үшін аустралиялық «Рубикон Уотер» компаниясының автоматтандырылған су өлшеу жабдықтарын орнатты. Бұл арқылы суармалы су көлемін 20 пайызға дейін үнемдеуге, өнімділікті арттыруға қол жетті.
Аталған компаниямен бірлесіп, облыс аумағындағы егіс алқаптарының 60 пайызын сумен қамтамасыз ететін «Сол жаға магистралды каналына су бөлуді және есепке алуды цифрландыру» жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтуде. Егін шаруашылығын цифрландыру бағытында «Абзал и К» толық серіктестігі құны 1 млрд. теңге, қуаты сағатына 12 тонна цифрлық күріш өңдеу зауытын биыл іске қосады.