Қазақстанның болашағы – білімді, жан-жақты дамыған жас ұрпақтың қолында. Ел мақтанышына айналған дарынды балалардың жетістіктері ұлт рухын көтеріп, келешекке деген сенімді нығайтады. Солардың бірі – Кызылорда облысы «Мансап» мектебінің оқушысы Ақтоты Әділбекқызы. Білімге құштар жас дарын жетістіктерімен тек өз мектебінің ғана емес, бүкіл елдің абыройын асқақтатуда. Оның ғылым мен білім жолындағы еңбектері үлкен жетістіктерге жетелеп, болашақта әлемдік деңгейдегі ғалым немесе дәрігер болатынын көрсетеді.

Ақтоты Әділбекқызы 2009 жылы 30 қыркүйекте дүниеге келген. Ол бала кезінен-ақ білімге құштарлығымен ерекшеленді. Бүгінде ол биология және химия пәндерінен үздік нәтижелер көрсетіп жүрген жас дарын иесі. Оның білім жолындағы алғашқы ірі жетістіктерінің бірі – 2022 жылы Түркияның Анталья қаласында өткен халықаралық пәндер олимпиадасында химия пәні бойынша үшінші орын иеленуі болды. Бұл жеңіс Ақтотының ғылымға деген қызығушылығын арттырып, халықаралық деңгейде өз білімін дәлелдеуге мүмкіндік берді.

2023 жылы Астана қаласында өткен «Зерделі» ғылыми жобалар байқауында Ақтоты «Күріш қаузымен топырақты минералдандыру, суды үнемдеу және пайдаланылған суармалы судың көлемін азайту» тақырыбындағы зерттеу жобасымен бас жүлде және бірінші орынға ие болды. Оның бұл еңбегі тек ғылыми жаңалық ретінде емес, экология және ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты бастама ретінде бағаланды. Бұл жобаның басты идеясы – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы қоршаған ортаға пайда әкелу. Ақтотының бұл жетістігі оның болашаққа деген нық сенімін арттырды.

2024 жылы Түркияның Анталья қаласында өткен 16-шы халықаралық пәндер олимпиадасында Ақтотының биология пәні бойынша үшінші орынды иеленді. Бұл оның халықаралық деңгейдегі жетістіктерінің тағы бір айқын дәлелі. Осыған дейін ол Стамбул қаласында өткен «Alash» халықаралық ғылыми жобалар байқауында бас жүлде және екінші орын алған болатын. Сонымен қатар, Испанияда өтетін халықаралық ғылыми жобалар сайысының бірінші кезеңінен өтіп, финалға шақырту алғаны да оның табандылығы мен еңбексүйгіштігін көрсетеді. Ақтотының айтуынша, осындай жарыстар оның ғылымға деген қызығушылығын арттырып, жаңа білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Ол әрбір ғылыми жоба мен жарысты өзін-өзі дамытуға арналған маңызды қадам деп есептейді.

Ақтотының ғылыми жобалары ерекше практикалық мәнге ие. Ол табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық мәселелерді шешу сияқты өзекті тақырыптарға ден қоюда. Бұл оның ғылымды тек теориялық деңгейде зерттеп қана қоймай, нақты өмірде пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыруға талпынатынын көрсетеді. Оның жобалары болашақта ауыл шаруашылығы мен экология салаларына үлкен үлес қосатынына күмән жоқ.

Ақтотының жетістіктері – оның өз еңбегі мен білімге деген құштарлығының жемісі. Сонымен қатар, оны қолдаған ата-анасы мен «Мансап» мектебінің педагогтарының еңбегі де зор. Ақтотының ұстаздары оның табысқа жетуіне барынша қолдау көрсетіп, білім жолында жаңа шыңдарды бағындыруына мүмкіндік беруде. Мектеп басшысы Диляра Каримованың оқушыларды ғылымға баулу жолындағы еңбегі де атап өтуге тұрарлық. Ақтоты өз табыстары үшін ұстаздарына алғыс білдіре отырып, білімін одан әрі жетілдіруге ынталы екенін айтады.

Болашақта Ақтоты медицина саласында еңбек етуді армандайды. Ол дәрігер болу арқылы адамдарға көмек көрсетуді, олардың өмірін жақсартуды өзіне басты мақсат ретінде қояды. Ақботының айтуынша, ғылым мен білім адамзаттың дамуындағы ең маңызды құрал, ал оны дұрыс пайдалана білген адам әлемге пайдасын тигізе алады.

Ақтоты Әділбекқызының жетістіктері – тек жеке жеңісі емес, бүкіл елдің мақтанышы. Мұндай дарынды жастардың арқасында Қазақстанның білім мен ғылым саласындағы беделі артып, болашақ ұрпаққа үлкен үлгі қалыптасуда. Ақтотының еңбекқорлығы мен табандылығы бізді жаңа мүмкіндіктерге, үлкен жетістіктерге жетелейді. Ол болашақтың берік іргетасын қалап жатқан талантты ұрпақтың жарқын үлгісі.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған