Статискалық деректерді сөйлетер болсақ биылғы жылдың 1 қыркүйегіне Қызылордадағы адам саны 845,4 мыңға жетіпті.

Енді тағы бір дерек келтірер болсақ осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі бүгінгі бағамен 807 117 млн. теңге болған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өндіргеніміз былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 147521,5 млн. теңге болған. Бұл да салыстырмалы түрде алғанда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103,8%- ды құраған. Бізге де керегі өнеркәсіп өнімінің көлемінің, оның ішінде облыс тұрғындарының жарыдан астамы ауылда тұратындықтан ауыл шаруашылығы өнімінің көбейгені. Өйткені өңірдегі 845,4 мың адамның қолайлы тұрмысы, ол үшін табатын табысы, бар жағдайы осыған байланысты. Өнім шығаруды көбейтсек, елдің жағдайы жақсаратыны анық.

Жақсы көрсеткіш – өңір рейтингісі ғана емес, сырбойылықтардың өмір сүру сапа деңгейі де. Көп айтылатындай “Еңбек етпеген ішіп жемейді”. Халықтың жағдайын жақсарту үшін сол халықтың табысын арттыру керек деп, Мемлекет басшысы әр Жолдау, әр Құрылтай сайын Үкіметке, әкімдерге тапсырып келеді.

Тағы да деректерді сөйлетер болсақ, биылғы жылдың 1-ші жартыжылдығына жалпы өңірлік өнім көлемі бүгінгі бағамен 1300,4 млрд. теңге болған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалпы өңірлік өнім 5,5%-ға артқан. Осы өнімнің 39,9%-ы тауарлар болса, 53,1%-ы қызметтерге тиесілі екен. Демек, өнім көлемі артып тұрса, оны өндіретін жұмыс орындары мен жұмысшылардың да көбейгені анық. Бұл сөзімізге облыстық статистикалық департаментінің “тіркелген заңды тұлғалар саны 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 11 428 болды, немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,4%-ға көбейді. Облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкер саны 8768-ге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7% көбейді” деген мәліметі дәлел.

Сөз ретінде айта кетейік биылғы маусымның 25-інде тұрақты жұмыспен қамту шаралары қамтылған Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қызылорда облысы халықты тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша республикада үздік үштікке енгенін атап өтіп, «Жыл басынан бері елімізде 288 мыңнан аса азамат жұмыспен қамтылды. Оның 16 мыңға жуығы ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында ашылған жұмыс орындарына жолдануда. Бұл ретте, «Өңірлік жұмыспен қамту карталарында» жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізген Абай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарын атап өткен жөн» – деді.

Министрдің мақтағанындай Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша, ұлттық жобалар мен концепциялар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын ашу үшін аймағымызда “Өңірлік жұмыспен қамту картасы” қабылданған, сол маусымдағы ақпарат бойынша осы карта аясында 21 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылған. Бұған тоқмейілсіп, тоқтап қалған әкім жоқ. Сол жиыннан кейін аймақ басшысы Н.Нәлібаев іле-шала өз жиынын өткізіп, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына өңірлік картадағы жоспарды 100 пайыз орындауды, жұмыссыздық деңгейін тұрақты бақылауда ұстауды, субсидияланған жұмыс орындары мен өз кәсібін ашуға қайтарымсыз грант алғандарға мониторингті күшейтуді тапсырды.

Нәтижесін алдағы жыл басында көрерміз деп жүргенде күні кеше Астанадан тағы бір жақсы хабар келді. Өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы үлесін талдаған Үкімет жиынында белгілі болғанындай Қызылорда облысы шағын және орта кәсіпкерліктің өнімі бойынша алғашқы үштікке енген. Үкімет отырысынан кейін арнайы мәжіліс өткізген облыс әкімі Н.Нәлібаевтың өз сөзімен айтар болсақ, “Биыл жеке кәсіпкерлердің 3 мыңға жуық жобасына 42 млрд. 500 млн. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысымен жас кәсіпкерлердің бастамасына несие беру бойынша Қызылорда облысы елімізде екінші орынға шыққан”. Жастарға берілген несие арқасында 500- ге тарта жас өз кәсібін бастағаны әрине, өңір үшін аз көрсеткіш емес.

Ауылдықтары басым біздің өңір үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің орны бөлек. Бұл тарапта да Қызылорда өңірлік инвесторталығы арқылы ауыл өнімдерін өңдеуге 1 млрд. 500 млн. теңге қаржы бөлінген.

Әлгі айтылатындай елге жақсы атты көрініп, “балық үлестіргенше” мақтамаса мақтамай-ақ қойсын, “сол балықты аулайтын қармақ берген жақсы”. Ресми ақпарат бойынша биыл облыстық бюджеттен атаулы көмекке 5 млрд. 900 млн. теңге қаржы бөлінген. 9 айдың қорытындысымен 31869 адамға 2 млрд. 100 млн. теңге төленген.

Масылдыққа ақша бөлгеннен гөрі сол ақшаны кәсіп істеймін, өнім өндіремін дегенге бергеннің өзекті екені рас.

Өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік өнімінің 33,6%-ға ұлғайып, аймақтың еліміз бойынша үздік үштікте көрінуінің бір сыры осы бағыттағы осындай жүйелі жұмыстардың, қаржыны мақсатты нәтижеге жұмсаудың арқасы.

Ресми деректерді тағы да сөйлетер болсақ, алдын ала деректер бойынша биылғы жылдың қаңтар-тамызын қамтыған сегіз айында ЕАЭО елдерімен өзара сауда 172,1 млн. АҚШ доллары болыпты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе көп екен. Оның ішінде сыртқа шығарғанымыз ішке кіргізгенімізден көп. Нақтылап айтар болсақ 129,4 млн. АҚШ долларын құраған экспорт былтырғыдан 4,4 есе көп. Ал импортымыз 42,7 млн. АҚШ доллары болған.

Демек, өндірген өніміміз сыртқы саудаға да шығып жатыр. Ал, сыртқы сауда өнім өндіруді көбейтері сөзсіз. Өнім көлемі көбейгенімен қатар өнім бағасының жоғарылауы да елдегі ағайынның табысын арттырып, тұрмысын түзейтіні анық.

Табыстың артып, тұрмыстың түзелгенін ауыл-қаладағы салынып жатқан құрылыстар, жеткізіліп жатқан инженерлік жүйе, инфрақұрылым арқылы да байқауға болады. Тоқсан сайынды былай қойғанда қызылордалықтар ай сайын баспана тойын тойлайды. Ауыл, қаладағы үйлерге жарық, су, газ беруді таратып айтар болсақ:

Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облыс бюджеті 744 млрд. теңгеден асты. Екі жыл бұрын 364 млрд. теңге болатын.

Аймақта 43 млрд. теңгеге 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары мен көпір өткелдері жөнделуде. Соңғы үш жылда жөнделген жол 1271 шақырымға жетті. Осылайша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асады.

Электр энергиясымен қамту бағытында 2022 жылдан бері 18 млрд. теңгеге 70 жоба іске қосылды. Биылдың өзінде 11 млрд. теңгеге 38 жоба қолға алынды. Бұл тозған желілерді 72-ден 62 пайызға төмендетеді.

Облыста 30 млрд. теңгеге 11 елді мекен (Сексеуіл және Төретам кенті, Абай, Ақсу, Шәменов, Сейфуллин, Тоқмағанбетов, Алмалы, Досбол Датқа, Бестам, Төменарық ауылдары) газдандырылуда. Осы жұмыстар аяқталғанда өңірді газбен қамту көрсеткіші 75-тен 78 пайызға жетеді.

Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтуда 2022 жылдан бері 16 млрд. 800 млн. теңгенің 55 жобасы жүзеге асты. Жыл соңына дейін көрсеткіш 98,1-ден 98,6 пайызға артады. Келесі жылдың соңында облыстағы барлық елді мекенге орталықтандырылған ауыз су қосылады.

Мемлекеттік қолдау мен ұлттық жобалар шеңберінде қаржыландырудың барлық көзінен биыл 863900 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 2022-2023 жылдары 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді.

“Болат Өтемұратов қорының” демеушілігімен Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынды. Жерлестеріміз үшін бұл – өте маңызды жоба. Жақын арада ел игілігіне табысталады. Қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Нысан келесі жылы қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту жобасы оң шешімін тапты. Ол бойынша 623 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су қосылады.

Кешегі Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Н.Нәлібаев осылай деді…

С.БИХОЖА

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған