Мемлекет басшысының айтуынша, Моңғолия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Қос халықтың дәстүрі мен мәдени-тарихи тамыры ортақ
Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық көрсеткені үшін Ухнаагийн Хурэлсухке ризашылық білдіріп, өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі Моңғолияға алғашқы сапарына ерекше мән беретінін атап өтті, – деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысының айтуынша, Моңғолия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Қос халықтың дәстүрі мен мәдени-тарихи тамыры ортақ.
– Құрметті Президент, бүгін Сіздің шақыруыңыз бойынша Моңғолияға мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Маған және Қазақстан делегациясына, бұл – үлкен құрмет. Бүгін біз екіжақты маңызды құжаттарға, соның ішінде Қазақстан мен Моңғолия арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қоямыз. Бұл қадам елдеріміздің барлық деңгейдегі ықпалдастығын жандандыруға арқау болмақ. Сондай-ақ қос халықтың игілігі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
– Шын мәнінде, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары соңғы рет осыдан 16 жыл бұрын болған еді. Еліміз Сіздің бүгінгі сапарыңызды екіжақты ынтымақтастықтың таяу жылдардағы перспективті бағыттарын айқындайтын мезет ретінде қарастырады. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейге шығару тұрғысынан өте маңызды, – деді Моңғолия президенті.
Мазмұнды әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту перспективасына айрықша мән берді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, тау-кен және металлургия кешені, энергетика, көлік-логистика, қаржы салаларындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобалар мен қол қойылған құжаттарды сапалы жүзеге асырудың мәні зор екенін атап өтті.
Президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Моңғолия президенті Мемлекет басшысына 60 мыңнан астам сөз енген Қазақ-моңғол сөздігін сыйға тартты.