Тарих нақты айтады. 1990-шы жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің шешімімен “Қаз ССР-ның мемлекеттік егемендігі туралы” Декларация қабылданды. Уақытысында егемендіктің қадірін түсіндік, бәлкім түсінбедік, алайда өз еліміз, өз жеріміз – өз билігіміз, иелігіміз деген қуаныштың жүректі толқытқаны анық.

1992-ші жылдан бастап 25-ші қазанда «Республика күні» мерекесін – егемендікті тойлай бастадық. 2001- ші жылы мемлекеттік мерекелер қатарына қосып, мәртебесін асырдық. Алайда, араға жылдар салып, нақтылағанда 2009-шы жылы оны мемлекеттік мерекелер қатарынан шығарып тастадық.

Бір қызығы “Республика күні” қайда деп, іздемедік. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесін қанағат еттік. Тағы да араға жылдар салып 2022-ші жылдан бастап 25-қазан Республика күні мерекесін ұлттық мерекелер тізіміне қостық.

“Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан құрамын” деп әрекет етіп жүрген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2022-ші жылдың 16 маусымында өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында “Біз – тарихтан тағылым ала білген халықпыз. Бүгін қайта жалғасын тапқан Құрылтайды төл тарихымызға тағзым деуге болады. Осы Құрылтай да ертең ұлт шежіресінің бір белесіне айналатыны анық.

Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн.

Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек” деген болатын.

Үшінші рет тойланғалы отырған бұл мереке биыл да жақсылықтарға толы болды. Осы мерекені қайта өмірге әкелген сол бірінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев: «Саяси реформаны мерекелер күнтізбесімен ұштастыруымыз бекер емес. Бұл қадам қоғамды жаңғыртады және ел бірлігін нығайта түседі деп санаймын. Біз ауқымды реформа жүргізу арқылы билік пен қоғамның қарым[1]қатынасын түбегейлі өзгертеміз. Яғни, олардың арасында өзара серіктестік пайда болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыздың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырамыз. Әр адамның жетістігі тұтас еліміздің табысты болуына жол ашады.

Біздің қоғамның ынтымақ-бірлігі мүлде жаңа сипат[қа ие болды. Алдымызда ауқымды жұмыс бар. Жаңа Қазақстан идеясын іске асырамыз десек, аянбай еңбек етуіміз керек. Шын мәнінде, елді еңбекқорлық қана көркейтеді. Табысқа жетудің ең басты кілті – еңбек», дегеніндей биылғы жылы да Ұлттық мереке – Республика күнінде Президент Жарлығымен денсаулық сақтау, мәдениет пен ғылым, өнер майталмандары, білім мен ғылым қызметкерлері, кәсіпкерлік, өндіріс орындары озаттары, арасында депутаттар мен әкімдер де бар, мақтаулы ел азаматтары марапатталды.

Ресми ақпарат бойынша «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті А.Жұмаділдаевқа, елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Г.Нұрпейісоваға, Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Траисоваға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қарағанды облысы «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Г.Прокопқа берілді.

«Отан» орденімен Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры С.Жошыбаев пен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Оразалин марапатталды.

І дәрежелі «Барыс» ордені Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары А.Рауға, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Н.Өнербайға, еңбек ардагерлері Қ.Жақыповқа, Ө.Озғанбаевқа, В.Редкокашинге және С.Шәкіратқа, Алматы қаласы «Persona» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы В.Локшинге, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Н.Онжановқа және еңбек ардагері Ж.Шәріповке, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға, шахматтан әлем чемпионы Б.Асаубаеваға, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Сейдәзімовке табысталды.

Сонымен қатар бір топ белгілі ғалым, мәдениет, білім саласының қайраткерлері және өндіріс өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер «Парасат» орденінің иегері атанды. Олардың арасында Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Арғымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры О.Байділда бар.

Сондай-ақ, өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндіріс салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлері ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің көрнекті өкілдеріне табысталды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапарбай «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болды. «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Л.Кәденге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға, Г.Шынтемірге және Ә.Ыдырышеваға, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілді.

Сонымен қатар биылдан бастап құрметті атақтар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы қосылды. «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры А.Байгенжин, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гематология орталығының басшысы В.Кемайкин және Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Б.Цхай жаңа құрметті атақтың алғашқы иегерлері атанды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар екен.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған