19-ы қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылдан бері адам өмірін сақтау үшін өз жанын шүберекке түйетін ауыр әрі жауапты саланың мамандары өз кәсіби мерекесін қазан айында тойлайды. Биыл төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 29 жыл толды. Яғни, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған еді. Кәсіби мереке қарсаңында Қызылорда облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» РММ Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының бастығы Азаматтық қорғау подполковнигі Қиятов Нұрболатпен арнайы сұхбат құрдық.
– Нұрболат Асанұлы, ең алдымен кәсіби қызметтеріңіз туралы әңгімелессек. Әлеуметтік желіден құтқарушылар туралы бейнебаянды көргенде, шынын айтқанда, жан дүниеміз тітіркеніп кетеді. Ер азаматтарымыз лаулаған оттың арасында өз өмірін тәуекел етіп әрі ауыр өрт сөндіргіш құралдармен жанталасып қызмет етеді. Мысалы, өзіңіз кей кезде осы саланы таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?
– Әлемде 10 мыңнан аса мамандық түрі бар екен. Оған арнаулы және қосымша мамандық түрлерін қоссаңыз, 50 мыңнан асып түседі. Осынша мамандықтың ішінде ең қиын, әрі қауіпті қызметтің бірі құтқарушылардыкі деп білеміз. Себебі, қандай жағдай болмасын, қауіпке бас тігу, ең басты байлық адам өмірін сақтап қалу біздің негізгі міндетіміз. Құтқарушы мамандығының иесі атанғаныма ешқашан өкінген емеспін. Бізге үнемі физикалық дайындық қажет, сондықтан тұрақты түрде спортпен шұғылданып, жаттығу залында шыңдаламыз. Біздің мамандық қандай да бір қателікті кешірмейді. Салқынқандылық та, жедел шешім қабылдау секілді қасиет те керек. Жауапты қызметке адал болу азаматтық борышымыз. Кейде төтеннен келетін апаттың зардабы қайғылы жағдайға дейін әкеледі. Сондықтан құтқарушылар ең алдымен адамның өмірін сақтауға күш салып, ең алғашқы көмек көрсетеді. Мұндайда ержүректілік, қайсар мінез, білім және тәжірибе аса қажет. Дүниежүзіндегі жалпы біздің республикамыздағы болып жатқан төтенше-жағдайлардың барлығын көре отырып, аймағымызда төтенше жағдайды болдырмау мақсатында жұмыс жасау менің азаматтық парызым деп есептеймін.
– Қызмет барысында сіз үшін ең әсерлі және қиын оқиға қандай болды?
– Өз басымнан қызмет барысында екі әсерлі әрі қиын оқиға болды. 2010 жылы Шұғыла мөлтек ауданында бес қабатты тұрғын үйден өрт шықты. Өрт сөндіру қызметкерлері, құтқарушылар оқиға орнына барам дегенше төрт бүлдіршін көз жұмды. Қызметкерлер барып, бүлдіршіндерге алғашқы көмек көрсеткенімен еш нәтиже шыққан жоқ. Өкінішке орай балалардың өмірін сақтап қала алмадық. Екінші жағдай 2011 жылдың қаңтар айында болды. Арай мөлтек ауданында орналасқан балабақшалардың бірі өртке оранды. Дабыл сигналы қағылғаннан кейін жылдам әрекет жасап оқиға орнына бардық. Өртті сөндіру барысында жалын оттың ортасынан бір баланы алып шықтық. Барлығы 20 бала болды. Барлық балаларды қауіпсіз жерге көшіріп, өртті сөндірдік. Өрт тілсіз жау ғой, сондықтан қай жерде тиіп кетерін білмейсің. Сондай сәттерде бүкіл өмірің көз алдыңнан өтеді екен. Осы екі оқиға менің есімнен әлі күнге дейін кетпейді.
– Төтенше жағдайларды болдырмау үшін жергілікті халыққа қандай кеңестер берер едіңіз?
– Төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында халыққа айтарымыз өртті болдырмау керек. Бүгінгі таңда біздің қызметкерлеріміз әр сенбі күні тұрғын үй секторларын аралап, қауіпсіздікті тексеріп қарап жүр. Бұл жұмыстарымыз БАҚ беттеріне жарияланып жатыр. Өрт қауіпсіздігінің кепілі адамның өзі. Қарапайым ұқыптылық пен тұрғындардың тұрмыстық мәдениеті көптеген тосыннан болатын өрттерден аман сақтайды. Өрттің алдын алу үшін өрт қызметкерлері қарапайым халыққа мынадай пайдалы кеңестер береміз. Ешқашан төсекте жатып шылым шекпеңіз, балаларға отты қалай қолдануды үйретіңіз, егер сіз олардың отты қолдана алатынына әбден сенімді болмасаңыз, онда олардың қолына сіріңкенің түсуіне жол бермеңіз, қосылған электр құралдарын қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе, үтікті, жылытқыштарды, теледидарды баланың ашып-қосуына жол бермеңіз, қолдан жасалған электр құралдарын қолданбауға тырысыңыз, бір розеткаға үлкен қуатты бірнеше электр құралдарын қоспаңыз, электр сымдарының жағдайын байқап жүріңіз, электр есептеуішке «жучок» қолданбаңыз, газ плитаның үстіне лактарды және бояуларды қыздырмаңыз, плитаның үстіне киімдерді кептірмеңіз, шатырларға, жертөлелерге, балкондарға, эвакуация жолдарына бөтен заттар қоймаңыз, балкондарда жанатын заттарды сақтамаңыз. Осындай жағдайларға байланысты бір пәтерден бірнеше қабатқа көтерілген ірі өрттер белгілі. Тек өзіңіздің пәтеріңіздің қауіпсіздігіне ғана емес, үйдің, ауланың қауіпсіздігіне де көңіл аударғаны жөн. Шатырлар және жертөлелер бөтен адамдар мен кездейсоқ кездесетін жағдайлардан сақталынуы керек. Тұрғын үйде кез келген шаруашылық жұмыстарды жүргізу кезінде (жертөледегі шеберханалар, дәнекерлеу жұмыстары) өрт сөндіру инспекторынанкеңес алу қажет.
– Қазіргі таңда төтенше жағдайлар қызметінде қандай реформалар мен өзгерістер қажет деп ойлайсыз?
– Қазіргі заманда барлығымыз білеміз, заман бір орында тұрған жоқ.Жаңа инновциялық технологиялар еңгізіліп жатыр. Жаңадан тез жаңғыш материалдардан тұратын құрылыс заттары шығып жатыр.Сонымен қатар көп қабатты ғимараттар көбейіп келеді. Осының барлығын ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрлігінен жаңадан реформалар шығарылып еңгізіліп жатыр. Ол реформаларда осы жаңадан шыққан технологиялық процесстерді және кеш жаңғыш материалдарды сөндіру бойынша әдістер еңгізілген. Сондай-ақ шетелдік тәжірибені ескере отрып, жаңадан техникалар еңгізіліп келеді. Өрт сөндіруге арналған техникаларды пайдалану бойынша жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
– «Ақмешіт ақшамы» газеті түрлі жастағы оқырмандарды қамтиды. Яғни, біздің сұқбатымызды үлкен кісілерден бөлек, мектеп бітіруші түлектер немесе кейінгі буын өкілдері де оқиды. Осы ретте, құтқарушылық қызметті таңдағысы келетін жастарға ақыл-кеңесіңізді айтсаңыз? Ең алдымен, қандай қасиеттерді бойына сіңіруі қажет?
– Айтып өткеніміздей, құтқарушының негізгі мақсаты – адам өмірін сақтау, оқыс оқиғалардың алдын алу. Осы ретте, аталған салаға қызығушылық танытқан жастар ең алдымен спортқа жақын болуы керек. Ұдайы жаттығып, шымыр болу ең басты шарт. Содан кейін батылдық керек. Себебі, зардап шеккен адамды құтқару үшін отқа да, суға да түсуге тура келеді. Осындай кезде өзіңді ойлап жатпай, жылдам әрекет ету қажет. Сондай-ақ, тез шешім қабылдау, ептілік, біліктілік пен саламатты өмір салтын сақтау да құтқарушының негізгі қасиеті болуы міндетті.
– Қызметтегі ең үлкен жетістігіңіз немесе мақтанышқа айналған оқиғаңыз қандай?
– Менің үлкен мақтанышым әрі жетістігім 20 жыл қызметімдегі артымнан ерген жас мамандарды тәрбиелеп, үйретіп шығардым. Және де қазіргі таңда өзім үйреткен, тәрбиелеген жас мамандар жоғары лауазымдарда білікті қызметкерлер. Әрі басшылық құрамда. Менің ең үлкен жетістігім осы деп есептеймін.
– Қауырт жұмыс арасында уақыт тауып, арнайы сұқбат бергеніңізге рақмет. Бейбіт күнде адамның өмірі үшін күресетін құтқарушылар алдыңғы шептен көрініп, халықтың қауіпсіздігі үшін жан аямай еңбек етуде. Өз өміріне қауіп төнсе де, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге қызмет ететін құтқарушыларға мың алғыс! Кәсіби мереке құтты болсын! Мереке қарсаңында әріптестеріңізге жылы лебізіңіз болса.
– Өз ісінің нағыз шебер мамандарына сарқылмас күш-қуат, сан жылдық денсаулық, батылдық пен ептілік, мәрттік пен елгезектік, сезгіштік пен сақтық серіктеріңіз болсын деймін. Күнделікті тынбай еңбек ететіндеріңіз үшін, өз жандарыңызды аямастан өзгенің өмірін құтқаратындарыңыз үшін, адамдық, азаматтық болмыстарыңыз бен кең жүректеріңіз үшін барша сіздерге елдің алғысы шексіз. Сіздер барда халқымыз үшін найзағай да, көшкін де, от та, тасқын да еш қорқынышты емес. Адам өмірінің қымбаттылығын, қадірін сіздерден артық түсінетін жан жоқ. Басқаларға жасаған жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шығып, өздеріңізге мың есе боп оралсын. Әр ауысымнан келгенде сізге деген махаббатпен, мейіріммен, адалдықпен жанын шүберекке түйіп күтіп отыратын отбасыларыңыз аман болсын. Облысымыздағы төтенше жағдайға тосқауыл қойып, тұрғындар өмірін құтқаруда ерен еңбек сіңіріп жүрген әр қызметкердің жұмысы ерлікпен пара-пар. Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!
Сұхбаттасқан: Мұхаммедшах Каюп