Қызылордасын қызғыштай қорып, сырттағы өзгелер түгілі өзіміздің де жаман айтқанымызды жақтырмайды. Кең пейіл мен жақсы сөз игі істердің бастамашысы деп жақсылықты алға салып отырады.
Содан да болар Қызылорда көп істе бүгінде көпке үлгі. Құрылыс қарқынын күшейтуді Қызылордадан үйреніңдер деген Үкімет баспанамен қамтамасыз етуде де Қызылордаға қараңдар деп бар әкім қараларға тапсырма берді. Өңірді өркендету барысындағы әр істі өнеге тұтып, тәжірибе алмасып республикадан жиналып келетіндер жетерлік. Соның бір айғағындай күні кешегі Үкімет жиынында “Қызылорда облысы жоспарды асыра орындап отыр. Мұнда су қорын тиімді пайдалануға көңіл бөлінеді. Соның арқасында су көлемін барынша үнемдеуге қол жеткізуде мұндай тәжірибені басқа өңірлер де қолдануға тиіс» деп Үкімет тағы Қызылорда тәжірибесін басқаларға таратуға тапсырма берді.
Үкімет бізді үлгі етті, мақтады деп масаттанып, масайып отырған Қызылорда әкімі жоқ. Қайта Үкімет Бектенов жиынынан кейін облыс әкімдігі мәжілісінде:
– «2022 жылдың қазан айында Арал теңізіндегі су көлемі 18,5 млрд. текше метрге дейін азайған болса, биыл 22 млрд. текше метрге дейін жетті. Алдағы қыс мезгілінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне түсетін мол суды тиімді пайдаланып, теңізге көбірек жіберіп, көлдер жүйесін, шабындықтар мен жайылымдарды суландыру қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Арна» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Аталған мекеме елді мекендердегі су нысандарын тазалап, гидротехникалық құрылыстарды жөндейді. Алайда, әлі күнге дейін суға төлем төлеу баяу жүруде. Аудан әкімдері, мәселені тұрақты бақылауға алып, қарызды 1 қарашаға дейін толық өтеу шараларын қабылдаңыздар»- деген аймақ басшысы Н.Нәлібаев өзінен кейінгілерді мықтады.
Ауылшаруашылығы күрішке бейімделген, ауылдағылардың табысы осы күрішке тәуелді Сыр бойы үшін су тапшылығы үлкен проблема. Бұл проблеманы шешу үшін бір жылдары күріш алқаптарын мыңдаған гектарлап қысқарту ұсынылды. Облыс әкімі күрішті қысқартқанымыз – ауылдағылардың әл-ауқатын әлсіреткеніміз, қысқартпасақ болмайды, бірақ ақырындап” – дей отырып, су қашыртқылары мен каналдарды, көлдерді тазалау деген сияқты су үнемдеу технологияларын іске қосты.