Сырдария ауданы кейінгі жылдары облыстың экономикалық дамуына қарқынды үлес қосып келеді. Өңір тұрғындары тек ауыл шаруашылығымен шектелмей, жаңа бизнес бастамаларды қолға алған. Өндіріс орындары, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып, елді мекеннің жол сапасы мен газ мәселесі де оң шешімін тапты. Соңғы он жылдағы ғана аудан жетістігін шолып қарар болсақ, серпінді Сырдария үш рет «Үздік аудан», екі рет «Озат аудан» атанып, облыс бойынша абырой тұғырынан түскен жоқ. Бұл ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі ғана емес, аудан халқының бірлігінің, ынтымағының белгісі екені даусыз. Аудандағы байыпты бастамалар мен оң өзгерістерге өткен аптада сәрсенбінің сәтті күнінде Сырдарияда өткен баспасөз турында куә болдық.
Ауданға жасаған сапарымыз өңірдегі кәсіпкерлік нысандарымен танысудан басталды. Сырдариялық кәсіпкерлердің әлеуеті жылдан-жылға артып, жергілікті халықтың тұрмысын жақсартуға үлес қосып келеді. Ауданның экономикасын дамытуға атсалысып жатқан жандардың еңбегін көру, олардың тәжірибесімен бөлісу бұл сапардың негізгі мақсаты болды. Өз кәсібін жаңадан бастап, ірі жобаларды іске асырып жүрген кәсіпкерлердің жетістіктері ауданның келешегіне үлкен үміт ұялатады.
Өткен айда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданындағы Бесарық ауылына жұмыс сапарымен барып, жаңа өндіріс және сауда нысандарының ашылу салтанатына қатысты. «Бесарықта» «Абай-Дәулет» серіктестігінің бастамасымен фри зауыты, «Ауыл аманаты» жобасымен наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнім цехтары, жұмыс қолғабы, шұлық, пластик ыдыстар, сабын, ағаш бұйымдары өндірістері өз жұмысын бастады. «Қызылорда» супермаркеті мен дәмхана да тұрғындарға жоғары сапалы қызмет көрсетіп жатыр. Қызылорда қаласынан келген бір топ тілші бұған куә болдық.
Сырдария ауданына қарасты бұл елді мекен соңғы жылдары түрленіп, көрген жұртты таңдай қақтыратын кейіпке енді. «Абай-Дәулет» серіктестігі инвестор болған Бесарықта кәсіпкер де, жаңа өндіріс нысаны да көп.
– Биыл тамыздан бастап «Ауыл аманаты» арқылы 4 жоба қорғалды. Бүгінде олардың қаржы мәселесі шешіліп, кәсіпкерлер жұмысын бастап кетті. Оның біріншісі – наубайхана. Жеке кәсіпкер «Балауса» 2,5 пайызбен, демалысымен, кепілмен 7 млн. теңге алды. Одан кейін «Гүлнар» жеке кәсіп иесі 6 миллион теңгемен қаржыландырылды. Ол кондитерлік өнімдер шығарумен айналысады. Мұнан өзге фото-видео студиясын жасауға да мемлекеттен қаржы алған кәсіпкерлер бар. Мұндай бастамаларға 6 млн. теңге көлемінде беріледі. «Ауыл аманатына» қатысқан ауыл тұрғыны бөдене еті мен жұмыртқасын сатуды қолға алып жатыр. Мемлекет осы кәсіпке аз пайызбен 9,2 млн. теңге қаржы бөлді. Ал өңірлік инвестициялық орталық арқылы 3 жоба қолдау тапты. Оның алғашқысы – ою-өрнек басып шығару кәсібі. Бұл жобаға15 млн. теңге қаралған. Ал жұмыс қолғабын өндіру цехын іске қосқан кәсіпкер 6 млн. теңге алып, жұмысын бастады. Одан бөлек, пластикалық бөтелкені өңдеу өнеркәсібін бастаған ауыл тұрғыны 12 млн. теңге қаржылай қолдауға ие болды, – деді Бесарық ауылы әкімдігінің әдіскері Бибізада Бекенова.
Халқы 2367 адамды құрайтын ауылдық округтегі бизнес бастамалар, әлеуметтік жобалар мен кәсіпкерлік – ауданның экономикасын нығайту мен халықтың болашағын қамтамасыз етудегі маңызды тетік екені айқын. Мәселен, аумағы 70м2 құрайтын кәсіпкерлер орнында 5 жоба жұмыс жасауда. Солардың бірі – жұмысқа арналған қолғап шығару. Бесарық ауылындағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Самат Ақпанбетов жары Гүлзирамен бірге жұмысқа арналған қолғап шығаруда. Бұл кәсіпті бастауға Самат Ақпанбетовтың жеке қызығушылығы себеп болған.
– Қазір бір ғана табысқа қарап отыратын уақыт емес. Ешкімге қол жаймай балаларымызды аяққа тұрғызғымыз келеді. Сол үшін отбасылық кәсібіміз болғанын қалаймыз. Бұған дейін де кәсіппен айналысып көргенмін. Бұл сала бізге таңсық емес. Дегенмен осы жолы хоббиімді бизнеске айналдырып көргім келеді. Бизнеске қажет қаржыны Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығынан алдық. Мемлекеттік бағдарлама аясында аз пайызбен 6 млн. теңге несиеге осы ісімізді бастап отырмыз. Қазір нарықта жұмысқа қолдануға арналған қолғап жұбымен 120-150 теңгеден сатылып жатыр. Біз 80-85 теңгеден береміз. Істің басталғаны енді болса да, сұраныс жоғары, – дейді Самат Ақпанбетов.
Сырдариялықтар мұнымен тоқтап қалмай, пластикалық бөтелке өндіру жобасын іске қосты. Ерлі-зайыпты Жанат мен Мұхит Молдабаевтар қазір 0,5,1 және 1,5 литрлік құты шығарумен айналысады. Тұрғындардың сұранысы бойынша алдағы уақытта 5 литр болатын пластик ыдысты да қолға алу жоспарлануда.
«Нан бар жерде ән бар» демекші, ауылдағы кәсіпкер Гүлмира Смағұлованың наубайханасы бүгінде Сырдария ауданын[1]дағы табысты жобалардың біріне айналған. «Сыр өнімдері» кондитерлік цехында жуырда ғана іске қосылған наубайхана күніне 100-ден астам нан өндіреді.
– Алматы қаласынан 2 пеш пен қажетті құралдарды алып, жұмысты бастадық. Мұның барлығы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы алған 7 миллион теңге несиенің жемісі. Ауылдағы дүкендердің басым бөлігін біздің өнімдермен қамтамасыз етіп отырмыз. Наубайханада 2 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы, нан пісіру бұрыннан хоббиім еді. Солай ойым кәсіпке жалғасып, табыс жолына әкелді. Цех шағын болғанымен басқа да заттарға тапсырыс қабылдаймыз. Мысалы, той-томалақ пен ас беруге қажет өнімдерді пісіріп беруді сұрайтындар бар. Ол өнімдер нарықтан төмен бағада ұсынылады. Самса 120 теңгеден берілсе, жұқа күлшелерді келі арқылы есептейміз. Жұмыс орнымыз барлық санитарлық талаптарға сай және жұмыс істеуге ыңғайлы, – деді наубайхана басшысы Гүлмира Смағұлова.
Сапар барысында отбасылық кәсіпке бет бұрған Жарқын Сапарғалиұлымен тілдестік. Ол ою-өрнек басып шығару туралы идея алғаш келіншегінің айтуымен қолға алынғанын жеткізді.
– 2 жыл бұрын жұбайымның идеясын қолға алдық. Әуелде шағын құрылғымен бастап, онлайн тапсырыс арқылы жұмыс істедік. Ал биыл кәсіпкерлерді қолдайтын «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 15 млн. теңге көлемінде қолдауға ие болдық. Міне, тұтынушыларымызға арналған өнімдерді сапалы құрылғылармен жасаудамыз. Сонымен қатар бір маманды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Елдің барлық өңірінен сұраныс бар. Өз аудиториямызды қалыптастырып, тұрақты тұтынушыларымызды тауып үлгердік. Осы орайда ауылдан шыққан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ғимарат салған «Абай-Дәулет» ЖШС-ға алғысымды білдіремін, – деді «Айқын» ою-өрнек басып шығару кәсібінің иесі Жарқын Сапарғалиұлы.
Бесарықтағы кәсіпкерлік нысандардың тыныс тіршілігінен хабардар болып, әрі қарай Тереңөзек кентіне табан тіредік. Кенттің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Жастар» аллеясының құрылысы, көпқабатты тұрғын үйлердің аула аумақтарын жаңарту, «Тағзым» алаңын абаттандыру және орталық көшелерге жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Жобалар аудандық және республикалық бюджеттен бөлінген ірі көлемдегі қаражаттармен қамтамасыз етілген. Мердігер мекемелер әр жоба бойынша жоспарланған мерзімде жұмысты толық аяқтауға тырысып, кенттің сәулеттік және әлеуметтік келбетін жаңартуда. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйлердің аула аумақтарын қайта жаңғырту жұмысы бойынша мердігер мекеме «СП Бірлік Инжинмринг» ЖШС көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына жол жиегіне бордюр қою және балалар ойын алаңдарының қоршауларын жасап, ішіне тас төсеу, демалыс алаңдарының брючаткаларын төсеу және жаппаларын орнату жұмыстарын жүзеге асырған. Биыл республикалық бюджет қаражаты есебінен 60 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Қалған 107,1 млн. теңге қаржы шешілсе жыл соңына дейін игеріледі.
Сапар А.Тоқмағамбетов ауылымен қорытындыланды. Қазір бұл өңірде 356 тұрғын үй болса, оның 104-і газ қосуға дайын.
– Ауылдық округке «көгілдір отын» кіргізу жұмыстары өткен жылы басталды. Қазіргі таңда ауылда 356 тұрғын үй болса, соның 104-ін газға қосуға дайындап қойдық. Алдағы уақытта 100 пайыз қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, ауылдың қазіргі жағдайы өте жақсы. 2013 жылы ауызсу қосылса, келер жылы электр желісін жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Ал ауылдағы 16 көшенің 13-іне тас жол төселіп, қалған 3 көшенің жоба сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді А.Тоқмағамбетов ауылының әкімі Ғабдолла Алданазаров.
P.S. Сырдарияның серпіні болған жұмыстармен танысуда ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы расында қуантты. Кәсіп көбейген сайын, бәсекелестік артып, даму жолындағы жанталас күшейеді. Ал бұл тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосады. Шаруа шатқаяқтамау үшін шаршауға болмайды. Тынымсыз тірлік иелерінің көзінен байқаған отты екпін осы болды.
Мұхаммедшах Каюп