Биылғы жылдың қазан айының 15-інде Үкімет басшысы О.Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет жиынында 2024-ші жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ республикалық бюджетінің атқарылу қорытындылары қаралды.

Үкімет басшысы “Бүгінгі таңда неізгі параметрлер бойынша Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Астана және Шымкент қалаларында тұрақты өсімге қол жеткізді”, – деп атап өтті.

Өңдеу өнеркәсібінде біздің өңір көшбасшы. Құрылыс саласында да бізге теңесер ешкім жоқ, өзгелердің алдындамыз. Үкімет жиынынан кейін іле-шала өткен облыс әкімдігінің жиынынан белгілі болғаны “жыл аяғына дейін барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізу – аймақ басшысының алға қойған межесі”.

Қуанып қалдық. Қай кезде де көш соңында жүруді ұнатпайтын аймақ басшысы ғана емес, туған жердің төл перзенті ретінде де Сыр бойының әр алуан сындарлы сәттерден сүрінбей өтіп, жұрт алдында жүргенін қалайтын өңір басшысы Қызылорданың экономикасын, әлеуметтік жағынан болсын, ілгерілетіп келеді.

Қызылордасын қызғыштай қорып, сырттағы өзгелер түгілі өзіміздің де жаман айтқанымызды жақтырмайды. Кең пейіл мен жақсы сөз игі істердің бастамашысы деп жақсылықты алға салып отырады.

Содан да болар Қызылорда көп істе бүгінде көпке үлгі. Құрылыс қарқынын күшейтуді Қызылордадан үйреніңдер деген Үкімет баспанамен қамтамасыз етуде де Қызылордаға қараңдар деп бар әкім қараларға тапсырма берді. Өңірді өркендету барысындағы әр істі өнеге тұтып, тәжірибе алмасып республикадан жиналып келетіндер жетерлік. Соның бір айғағындай күні кешегі Үкімет жиынында “Қызылорда облысы жоспарды асыра орындап отыр. Мұнда су қорын тиімді пайдалануға көңіл бөлінеді. Соның арқасында су көлемін барынша үнемдеуге қол жеткізуде мұндай тәжірибені басқа өңірлер де қолдануға тиіс» деп Үкімет тағы Қызылорда тәжірибесін басқаларға таратуға тапсырма берді.

Үкімет бізді үлгі етті, мақтады деп масаттанып, масайып отырған Қызылорда әкімі жоқ. Қайта Үкімет Бектенов жиынынан кейін облыс әкімдігі мәжілісінде:

– «2022 жылдың қазан айында Арал теңізіндегі су көлемі 18,5 млрд. текше метрге дейін азайған болса, биыл 22 млрд. текше метрге дейін жетті. Алдағы қыс мезгілінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне түсетін мол суды тиімді пайдаланып, теңізге көбірек жіберіп, көлдер жүйесін, шабындықтар мен жайылымдарды суландыру қажет.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Арна» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Аталған мекеме елді мекендердегі су нысандарын тазалап, гидротехникалық құрылыстарды жөндейді. Алайда, әлі күнге дейін суға төлем төлеу баяу жүруде. Аудан әкімдері, мәселені тұрақты бақылауға алып, қарызды 1 қарашаға дейін толық өтеу шараларын қабылдаңыздар»- деген аймақ басшысы Н.Нәлібаев өзінен кейінгілерді мықтады.

Ауылшаруашылығы күрішке бейімделген, ауылдағылардың табысы осы күрішке тәуелді Сыр бойы үшін су тапшылығы үлкен проблема. Бұл проблеманы шешу үшін бір жылдары күріш алқаптарын мыңдаған гектарлап қысқарту ұсынылды. Облыс әкімі күрішті қысқартқанымыз – ауылдағылардың әл-ауқатын әлсіреткеніміз, қысқартпасақ болмайды, бірақ ақырындап” – дей отырып, су қашыртқылары мен каналдарды, көлдерді тазалау деген сияқты су үнемдеу технологияларын іске қосты.

Күріштің суын айтқанда Арал теңізі міндетті түрде қабаттасып отырады. Тіпті Арал теңізін толтыру үшін Қызылорда облысы күрішті қою керек деп те мәселе көтеріп жүргендер бар. Ресми ақпарат орындарының “соңғы 5 жылда алғаш рет Аралға су жіберу жоспары 100%-ға жуық орындалды” деген хабары соңғы күндердегі жақсы жаңалықтың бірегейі болды. Есеп бойынша Аралға 977 млн. текше метр су жіберілген.

Тиісті министрлік мәліметінше “соңғы жылдары теңізге 350-400 млн текше метр су келіп отырса, биылғы жылдың басынан бері бұл көлем 2 млрд текше метрден асты, ал жыл соңына дейін тағы шамамен 500 млн. жіберу жоспарланып отыр. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғановтың мәліметінше «Бүгінгі таңда Солтүстік Арал теңізінің су көлемі 22 млрд. текше метрге жетті. Теңізге осыған дейін вегетация кезінде секундына 7-10 текше метр су жіберілген болса, биыл секундына 60-70 текше метр су жіберілді».

Бұдан бөлек, Ақшатау-Сорғақ және Қамыстыбас көлдер жүйесіне 45 млн. текше метрден астам су жіберілген. Әрине балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға тиімді әсер етіп отыр. Өйткені соңғы жылдары Арал теңізінің минерализациясы азайып, балықтың көбейуіне жағымды әсер етуде. Теңіз тартылғаннан бері жергілікті балықшылар жылына 400 тонна ғана балық ауласа, қазір 7,5-8 мың тоннаға дейін балық аулап жатыр”.  

Қызылорда облысына қатысты тағы бір жағымды жаңалық “Қазақстан үкіметі 2024-ші жылғы 1 тамызда “Қызылорда облысы мен Ұлытау облысы арасындағы жер қатынастарын реттеудің кейбір мәселелері туралы” қаулы қабылдады.

Қаулыны сөзбе-сөз берер болсақ:

Қазақстан Республикасының Жер кодексі 13-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қызылорда және Ұлытау облыстары әкімдіктерінің осы қаулыға қосымшаға сәйкес экспликация бойынша Ұлытау облысы Ұлытау ауданының аумағындағы жалпы ауданы 2210,9 мың гектар жерді Қызылорда облысының ұзақ мерзімді пайдалану мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы ұсыныстарына келісім берілсін.
  2. Осы қаулы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Атап айтқанда: 1 968 445 гектар жайылым; 144 гектар су астында; 559 гектар алаңдар, жолдар мен көшелер астында; 24 гектар ғимараттар астында; 241 728 гектар өзге де жерлер Қызылорда облысына 2050-ші жылға дейін беріледі.

Қызылордалықтар үшін Байқоңыр басты мәселелердің бірі. Облыс әкімі Байқоңыр қаласының басшысы К.Бусыгинмен Байқоңырда, Қызылордада кездесіп, байқоңырлықтарға тәуір инфрақұрылым болуын бақылап келеді. Күні кеше ғана тағы да Бусыгинмен кездесіп, қала мәселесін талқылады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша:

– «Екі елдің Мемлекет басшыларының қолдауының арқасында Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. “Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау” жобасы бойынша жұмысты бастау үшін 27 қыркүйекте мердігерге (“Мелиоратор” ЖШС) 144 млн. теңге аванс төленді. Жыл соңына дейін 625 млн. теңге бөлу қарастырылған. Жобаның жалпы құны – 12 млрд.теңге, бұл қаржы қаланың су және кәріз құбырларын түгел ауыстыруға бағытталмақ. Жұмыс 17 қазанда ең алдымен, қала әкімшілігі ұсынған проблемалық учаскелерден басталады.

Бес тұрғын үйдің құрылысына қатысты айтсақ, мердігерлер міндеттемені орындамағандықтан, Қармақшы ауданының әкімдігі келісім-шартты біржақты тәртіппен бұзды. Қазіргі уақытта құрылысты аяқтауға конкурс жарияланды. Жұмысты келесі жылы бітіру жоспарлануда», – деді Н.Нәлібаев.

К.Бусыгинмен бұған дейінгі кездесуде облыс әкімдігінің қаражаты есебінен қалада заманауи спорт кешенін салу туралы келісілген болатын. Бүгінде жер учаскесі анықталған, кешеннің дайын жобасы бар. Жаңа нысанды “Байқоңыр” ғарыш айлағының және қаланың 70 жылдығына орай пайдалануға беру жоспарланған.

Қала әкімшілігі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасауда. Коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартып, қолжетімділігін арттыруда жүйелі жұмыс бар. Атап айтқанда, Ресей тарапы тұрғындарды газ, жылу-электр станциясымен қамтамасыз етеді».

Биылғы жылы Сыр дихандары 189 мың 400 гектар жерге егін екті. Күріштің көлемі 85 мың 600 гектар. Жоғарыда айтып өткендей ауылдықтардың негізгі кәсібі күріштен күнкөрісін қысқартпау үшін күріш көлемі былтырғыдан бар болғаны 3,4 мың гектарға ғана азайды. Су тапшылығы, ауа райы өзгерісі дегенімізбен, бәрібір әр гектардан 58 центнерден өнім жинаған Сыр бойы күрішшілері жарты миллион тоннаға жуық күрішті қамбаға құйды. Осы салаға қаржы құйып, әлгі соңғы технологияларды әкеліп, өндіріске енгізіп отырған “Мағжан және компания”, “Ер-Әлі”, “Таң ЛТД” сияқты ірі шаруашылықтар әр гектарына орташа 80 центнерлетіп өнім алған. Үкімет басшысының біздің су үнемдеу технологиясын басқаларға да таратыңдар деп тапсырма беру сыры да осында болса керек.

Биылғы бір жыл ішінде ғана 8 млрд. 800 млн. теңгеге 250 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Әзірге машина трактор паркі 5% ғана жаңарды. Бірақ, осының өзі ауылшаруашылығына үлкен күш болды. Бұдан бөлек жоспарланған 7 млрд. теңгенің 11 инвест жобаның 7-і жүзеге асты. Қалғанынан да жыл соңына дейін жақсы хабар келері анық. Әкім жобалауында биылғы жылы ауыл шаруашылығының жалпы көлемі 229 млрд. теңгеге жетеді.

Нұрлыбек Машбекұлы аймаққа басшы болып келгеніне 2 жылдан астам уақыттан бергі облыс бюджетін санар болсақ ресми дерек көздерінің мәліметінше: екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңге болатын, бүгінде 744 млрд. теңгеден асты. Әкімнің өз сөзімен айтқанда бұл қаражат аймақтағы ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған…

С.БИХОЖАЕВА

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған