Фото: istockphoto.com
Фельдшерлер Қазақстанда жедел жәрдемді көбінде негізсіз шақырады деп шағымданады.
– Мен бірнеше жыл бұрын Ресейден Қазақстанға көшіп келдім. Әрине, бірнеше рет ауырдым. Ұсақ-түйек болатын: температура көтеріледі, жөтел қысады. Әріптестер мен осындағы таныстарым маған жедел жәрдем шақыруға кеңес берген. Мені бұл әрқашан таңқалдыратын. Не үшін жедел жәрдем шақырамын? Мен өлім аузында жатқан жоқпын ғой деп ойлағанмын. Бірнеше ай бұрын ғана мұндағы адамдардың жедел-жәрдем шақыруға мүлдем басқаша қарайтынын білдім. Олар кейде өздерін «жағымсыз сезінсе» 103-ке қоңырау шала береді екен. Мұнда фельдшер нағыз қауіп төніп тұрған адамға да, жеңіл себеппен хабарласып тұрған адамға да қалай үлгеретіндігі мен үшін өте қызық.
Ресейде бәрі басқаша. Егер дене қызуы 38 градустан төмен болса емханаға барасыз. Егер жоғарырақ болса, жергілікті жердегі дәрігерді үйге шақыра аласыз. Дәрігер сізге жеткенше қанша күту керек, сонша күтесіз. Жедел жәрдем өлім аузында жатқанда ғана шақырылады. Сосын, әдетте ауруханаға жату керек болады. Менде үш күн бойы Квинке ісінуі болды. Бұл – бет пен тамақ ісіп кететін аллергиялық реакция. Төрт рет қатты ісінді, тіпті тұншыға бастадым. Содан кейін ғана жедел жәрдем шақырдым. Әр шақырғанымда медицина қызметкерлері ауруханаға барған жөн деді, алайда мен барғым келмеді. Емдеуге жатқызудан бас тарту туралы қағазға қол қойғанмын, ал фельдшерлер жылдам әсер ететін дәріні егіп, ол бірнеше минутта тыныс жолдарымды ашатын. Әдетте Ресейде жедел жәрдемге деген қатты қажеттілік болмаса, оған хабарласпайды да, себебі фельдшерлер ауыр жағдайда жатқандарға барсын деп ойлайды. Ал Қазақстанда басқаша екен, – деді Ресейден Қазақстанға қоныс аударушы Екатерина.
Алматы тұрғыны Айжан болса, жедел жәрдем көмегіне жиі жүгінетінін айтты
-«Кейде мен етеккірім келгенде, үйде ауырсынуды басатын дәрілер таусылған кезде жедел жәрдем шақырамын. Ішім ауырып тұрғанда мен дәріханаға барғым келмейді, ал фельдшерлер әрдайым дәрі – дәрмектермен келеді», – дейді ол.
Қазақстандық дәрігерлер мен фельдшерлер Taspanews.kz тілшісіне елдегі жедел жәрдем шақыру жүйесінің оң және теріс жақтарын хабарлады. Қызметкерлерді тіпті жалған шақырған кездер болған. Келеңсіздіктерді қалайша жоюға болатыны жайлы өз сөзінен білсек.
Жедел жәрдемді негізсіз шақыру
Жедел жәрдем бригадасының фельдшері Виорел Садықов 16 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
-«Көптеген негізсіз қоңыраулар түседі, «дәріге рецепт жазып немесе емдеу жоспарын құрып беріңіз» деп сұрайды. Ал біз мұнымен айналыспаймыз, бұл жергілікті жері бойынша дәрігердің құзыретіне кіреді. Кейде сол өз дәрігері берген дәрмектерді «салып беріңіз» деп сұрайды (инъекция жасау, система салу). Сондай-ақ, бізді мүлдем қажет етпейтін жағдайларда да келіп тұрамыз. Мысалы, аяғындағы сүйелі түрін өзгертсе, саусағын кесіп алса, тырнағын сындырса дегендей. Айта кететіндігі – осындай қоңыраулар өте көп. Ал осы сәтте біреу біздің көмегімізге шын мәнінде мұқтаж, олар ұзақ күтіп қалады», – деді дәрігер.
Ол сондай-ақ «айлакердің» барын атап өтті. Мысалы, біреу жұмысқа, я болмаса оқуға бармайтын болып шешсе, тиісті қағаздарды жазып берсін деп бізді шақырады.
«Көбінесе етеккірлері келген кезде, 16 мен 25 жас аралығындағы қыздар жиі шақырады. Осындай жағдайда айыппұл салынса, менің ойымша, жағдай түзелер еді. Көпшілік осындай айыппұл бар екен деп ескере жүрер еді», – деді Садықов.
Тілшімізбен сөйлескен бес жыл жедел жәрдем фельдшері болып қызмет атқарған Ернұр да әріптесімен келіседі.
-«Біздің жұмыста қиындықтар көп, кейде тіпті тамақтануға уақыт жоқ. Биксте (стерилизациялық контейнер – ред.) кейде дәрі-дәрмектер таусылып қалады. Оны толтыру үшін кейде станцияға бару керек, ал оған кіргізбей жатады»,– деді ол.
Оның айтуынша, өтініштері көп бригадалар барлық науқасқа барып үлгермейді.
-«Адамдар 2-3 сағаттап күтеді. Сондықтан, біз келгенде, ашу үстіндегі науқастан таяқ жейміз (олар сөгіп, түрлі сөз айтады, кейде қол көтеретін кездер болған). Бұған түсіністікпен қарауға тырысамыз, жанжалды болдырмауға тырысамыз, себебі бригада құрамында көбінде 1 ғана адам болады. Ол нашақормен, маскүнеммен немесе психологиялық есепте тіркелген адаммен шалдығып қаламын деп қорқады», – деп атап өтті медицина қызметкері.
Ол «кейбір фельдшер қыздарға мылтықты тақап, қоқан-лоққы жасалғанымен, қол көтеріліп, пышақпен қорқытқанымен» бөлісті.
-«Біздің қызметкерлер сақ жүреді, әсіресе қыздарға қиын. Сондықтан бригадалар санын көбейтіп, екі фельдшер бірге жүретіндей шара қолданылуы керек. Біздің тарапымыздан да жұмыс пен көрсетілетін көмектің сапасы жақсарар еді»,– деді ол.
Фельдшер оларды медицинаға қатысы жоқ сұрақтар бойынша шақыратындардың барымен келісті.
-«Ішімдік ішіп алып, ұрыс бастайды, сосын бізді шақырады»– деді ол.
Денсаулық Сақтау министрлігінің бастамасы
Жақында Денсаулық сақтау министрлігі «Ашық НҚА» сайтында жоба орналастырды. Оған сәйкес жедел жәрдем барлық пациенттерге тәулік бойы қызмет көрсетпейді, себебі «бұл тиімсіз» шара.
Жарияланым мәтініне сәйкес, жедел жәрдемге түсетін қоңырауларды жеделдігіне қарай 4 санатқа бөлу қарастырылды. Бірінші санатқа – өміріне қауіп төніп тұрған, екіншісіне – өміріне қауіп төнуі мүмкін, үшіншісіне – денсаулығына қауіп төнген, төртіншісіне – өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген науқастар жатады.
Төртінші санаттағы қоңырауларға тәулік бойы емес, жұмыс күндері таңғы 8:00-ден кешкі 18:00-ге дейін, сенбі күні сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін және жексенбі күні мүлдем шықпау қарастырылды.
Алайда, көп ұзамай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева ведомствоның Telegram-каналында жаңа шараларды көбісі дұрыс түсінбегенін айтты. Жедел жәрдем жұмысында ештеңе өзгермейді.
-«Бұрынғыдай, 103 нөміріне қоңырау шалған барлық науқастар санатына қарамастан толық көлемде медициналық көмек алады. Сонымен қатар, жеделдікті дамыту үшін төртінші санаттағы пациенттерге баруға жұмыс уақытында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің мобильді бригадалары тартылатын болады»,– деді ол.
Оның айтуынша, кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс күндері барлық санаттағы науқастар жедел жәрдем бригадаларының назарында болады.
-«Осылайша, халық үшін ештеңе өзгермейді, ешбір қоңырау назардан тыс қалмайды, ал пациенттерге қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасы жақсарады»,– деп қорытындылады Әйгерім Оразалиева.
«Мерзімінен бұрын»
«Денсаулық» Заңды тұлғалар бірлестігі дәрігері және басшысы Бақыт Түменова «Ашық НҚА», сайтында орналасқан Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасын «Мерзімінен бұрын жасалған шара» дейді. Оның айтуынша, жедел жәрдем қызметіндегі толып қалатын жұмысты бөліп, реттеу дұрыс, алайда бұл азаматтардың денсаулық саласындағы құқығын бұзу арқылы жүзеге аспауы керек.
Дәрігер үлкен кісілер қазіргі Денсаулық сақтау жүйесін жиі сынға алатынын, оны «тегін» және барлығына қолжетімді кеңестік жүйемен салыстыратынын атап өтті. Іс жүзінде медициналық көмек көрсету ешқашан тегін болған емес екен. Дәрігердің айтуынша, Кеңес дәуірінде қаражат бюджет тарапынан түсіп тұрған және қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің орта есеппен 6%-ын құрады. Тәуелсіздік таңында ҚР-да медицинаға бөлінген қаражат ЖІӨ-нің 4% -ын құрады. Қазіргі уақытта олар 3%-ға жетпейді, ал дамыған елдерде денсаулық сақтау саласындағы қаражат бөлу ЖІӨ-нің 9%-на, ал АҚШ-та 15-17%-ға жетеді.
-«Менің ойымша, жоба авторлары жексенбі күндері фельдшерлер шықпаса, бұл жүктемені едәуір азайтып (ред. аса ауыр науқастарға бару үшін уақыт үнемдеу), ақшаны үнемдеуге әкеледі деп ойлаған. Ең әлсіз, созылмалы аурулармен ауыратын жедел жәрдемге жиі жүгінетін адамдар назарсыз қалар еді. Бұл егде жастағы адамдар, ауруға шалдыққан мүгедектер және созылмалы дерті бар науқастар», – деді Түменова.
Ол осы санаттағы науқастардың есебінен жедел жәрдемнің жүктемесін азайту (ред. аса ауыр науқастарға бару үшін уақыт үнемдеу) жүзеге асуы мүмкін екенін айтты, алайда оларды зиянды азайту бағдарламасы бойынша өздігімен әрекет етуге сауаттандыру керек.
-«Егде жастағы адамда жүректің ишемиялық ауруы бар делік. Ол өзінің жергілікті жеріндегі дәрігеріне барып, амбулатарлық бақылауда болып, қаралып тұруы керек. Амбулаторлық дәрігер жолдама берген жағдайда арнайы мамандандырылған медицина қызметкерінен кеңес алады. Егер бұл пациентке ауруы терең түсіндірілсе, оның өршуі кезінде не істеу керектігі нақты айтылса, мысалы, қан қысымы кенеттен көтерілсе немесе төмендегенде ол өзіне қалай көмек көрсету керектігін білетін еді. Мысалы, бірінші кезекте қандай дәрі-дәрмек ішу керек, содан соң келесі қадам қандай болмақ, қай кезде кідірмей жедел жәрдем шақыру керек деген сұраққа жауап алса»,– деді дәрігер.
Оның айтуынша, адамдарды қауіпті жағдайды болдырмау шараларымен ақпараттандыру керек. Белгілі бір ауруға тап болса, олар енді қандай өмір салтын ұстану керек, қай диета түрін таңдау керек, спортпен айналысуды насихаттап, зиянды әдеттерден арылу туралы сөйлесу керек.
«Ештеңе өзгермейтіні жаман»
Түменова дәрігерлер де, пациенттер де Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасына дайын емес екеніндігіне сенімді.
-«Денсаулық сақтау министрлігінде ауруды басқару бағдарламасы қабылдаған. Ол бағдарламаны белгіленген дәрігер созылмалы инфекциялық емес аурумен ауыратын науқастың әрқайсысы үшін жеке әзірлеуі керек (жүректің ишемиялық ауруы, қатерлі ісік, қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы және т.б.). Жақында жүргізілген тексеру бұл жап-жақсы бағдарламаның дұрыс жүзеге аспағанын көрсетті»,– деді дәрігер.
Ол сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің «жедел жәрдем жұмысында ештеңе өзгермейді» дегеніне өз ойын айтты.
-«Ештеңе өзгермейтіндігі жақсы емес, себебі жедел жәрдем қызметінде көптеген шешілуді талап ететін мәселе бар. Бұл проблемалар, ең алдымен, медициналық көмектің бастапқы кезеңінің әлсіз жұмысымен және пациенттермен профилактикалық жұмыс өткізудің төмен сапасымен байланысты», – деді ол.
Ол сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының адам денсаулығының 10% – ы медициналық қызметке жүгінуге байланысты, ал 20% – ы генетикаға, тағы 20% – экологияға, ал 50% – өмір салтына байланысты деген дерегін сөз етті.
-«Яғни, адамның денсаулығы өз қолында және медицина қызметкерлеріне емес, өзіне байланысты. 2018 жылы Астанада өткен МСАК бойынша Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған ДДҰ конференциясында Астана декларациясы қабылданды, онда МСАК дамыту стратегиясы қызыл сызықпен белгіленді. Құжат сау адамның денсаулығын сақтауды басты міндет деп жариялады. Бұл аурудың алдын алу идеясы басымдыққа ие болады дегенді білдірді, сонымен қатар адам өз денсаулығы үшін жауапкершілік сезіну керек, денсаулық сапасын бақылап, өз дене процесстерін басқарып үйренуі керек дегенді білдіреді. Ал медицина қызметкерлері оған көмектесіп, үйретуі керек. Бір қызығы, Авиценна пациенттеріне: «Біз үшеуміз: Сен, мен және дерт. Сен кімнің жағындасың, сол жеңеді» деген екен. Ал дертке шалдыққандардың ауруларының денсаулыққа әсерін азайту керек»,– деді Түменова.
Оның пікірінше, бұл жағдайда «жедел жәрдем «сапалы» болмақ.
-«Сонда ота жасау, трансплантация қажеттілігі сирек болып, жедел жәрдемге жүктеме азаяр еді. Қаражат үнемделер еді. Ақшаны профилактикаға, денсаулықты қадағалауға жіберу керек, сонда ауыр жағдайлар болмас еді, пациент ақшасы үнемделіп, қымбат ем алу қажеттілігі болмас па еді …»,– деп қорытындылады дәрігер.
Ақпарат көзі: «Ішсе де, ұрысып қалса да шақырады». Фельдшерлер жұмыстары туралы сөз қозғады – Новости taspanews.kz от 06 октября 2024 13:25