Келесі аптада Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты республикалық референдум өтеді. АЭС саламыз ба, жоқ па, халық осы мәселенің шешімін өзі таңдайды. Бүгінде барлық дауыс беру учаскесі дайын, оған бюллетеньдер бір-екі күн бұрын жеткізіледі. Sputnik Қазақстан 6 қазанда өтетін референдумға қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын ұсынады.
1. Референдумға нақты қандай сұрақ шығарылады? Бюллетеньде АЭС салатын компаниялар көрсетіле ме?
– Республикалық референдумға бір ғана мәселе шығарылады. Бюллетеньде «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұрақ болады. Оған «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру керек. Ал АЭС салатын компаниялар көрсетілмейді. Себебі атом электр станциясы салына ма, жоқ па, әзірше белгісіз. Оны халықтың таңдауы, яғни, алдағы референдум көрсетеді.
2. Онда неге атом электр станциясын салатын компаниялардың ұсынысы қарала бастады?
– Қазіргі кезде үкімет, соның ішінде энергетика министрлігі ешкімнің ұсынысын қарап жатқан жоқ. Ал атом энергетикасы бойынша ұйымдастырылатын шаралар тек бір мақсатты көздейді. Ол – халыққа осы саладағы әрбір елдің әлеуетін, атом энергиясы бойынша техногияларын таныстыру. Мәселен, жақында Астанада ядролық технологияларға арналған KazAtomExpo халықаралық көрмесі өтті. Сол жерде Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея мен Франция қазақстандықтарға өз жетістігін жан-жақты таныстырды. Ал АЭС салатын компанияны арнайы комиссия таңдайды. Оның құрамына құзіретті мемлекеттік органдар, сарапшылар мен ғалымдар кіреді.
3. Комиссия кімнің ұсынысын қарауы мүмкін?
– Референдумда АЭС салу бойынша оң шешім қабылданса, арнайы комиссия төрт компанияның ұсынысын қарайды. Олар: CNNC (Қытай, HPR1000 ректоры), KHNP (Оңтүстік Корея, APR1000 мен APR1400 реакторлары), Росатом (Ресей, ВВЭР-1200 реакторы) және EDF (Франция, EPR1200 реакторы).
4. Ал референдумда «иә» немесе «жоқтың» басымдығы қалай есептеледі?
– Заң бойынша сайлаушылар тізіміне кіретін адамдардың жартысынан көбі дауыс берсе, референдум өтті деп саналады. Ал дауыс бергендердің ішінде жартысынан көбі «иә» немесе «жоқ» деген жауапты таңдауы қажет. Соған қарай АЭС құрылысы бойынша шешім қабылданады. Ресми мәліметке сәйкес, алдағы референдумда 12 миллионнан астам адам өз таңдауын жасай алады. Демек 6 миллионнан артығы дауыс берген жағдайда референдум өтті деп саналады, ал соның ішінде жартысынан көбі – 3 миллионнан астамы «иә» десе, Қазақстанда АЭС салуға қатысты оң шешім шығарылады.
5. Дауыс бергендердің саны жартысына да жетпесе, не болады?
– Егер дауыс берген азаматтардың саны 6 миллионға, яғни, жалпы сайлаушылардың жартысына да жетпесе, онда референдум өтпеді деген шешім шығарылады да, оны екінші рет өткізуге тура келеді.
6. Референдумға қанша ақша жұмсалады?
– Орталық референдум комиссиясы үкіметтен референдумға 15,5 млрд теңге сұрады. Осы қаржының 71 проценті дауыс беру учаскелерінің жұмысына тартылатын адамдардың жалақысына жұмсалады, қалғаны – ұйымдастырушылық шығындар. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров әрбір теңгеге бақылау болады деп отыр. Жұмыс істеген адамдар ғана ақша алады.
7. Референдумға тағы мұғалімдер тартыла ма?
– Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, шетелде мектеп ғимаратында бір емес, бірнеше сайлау учаскесін ашып жатады. Себебі ауылды жерлерде басқа ғимарат жоқ. «Мен Үндістанда, Мажарстанда, Оңтүстік Кореяда болдым. ТМД мемлекеттерін айтпай-ақ қояйын, барлық жерде сайлау мектептерде өтеді. Бізде былай қарасаңыз, ауылдарда мемлекеттік деңгейде басқа ғимарат жоқ. Әкімдікте өткізбейміз ғой. Ал мәдениет үйі барлық жерде салынбаған», – дейді Әбдіров.
8. Референдумда жұмыс істейтіндерге қанша төлейді?
– Орталық референдум комиссиясы 15,5 миллиард теңгенің 71 проценті жалақыға жұмсалады дейді, ол – 11 миллиард теңге. Ал барлық комиссияның жұмысына 70 мың адамды тарту жоспарланып отыр. Демек әрбіреуіне шамамен 157,2 теңге төленеді.
9. Сайлау учаскесі туралы қайдан білуге болады?
– Жергілікті билік қыркүйектің 26-сына дейін халыққа дауыс беру орындары мен уақыты туралы хабар беруге міндетті. Мәселен, Астанада сайлау учаскесі туралы мәліметті нақты уақыт режимінде алуға болады. Олар: ресми веб-қызмет https://referendum.astana.kz/, Telegram-да чат-бот https://t.me/referendum_astana_bot және IKomek бірыңғай байланыс орталығы (109 телефоны).
10. Референдумның нәтижесі қашан жарияланады?
– 6 қазанда халық өз таңдауын жасаса, орталық референдум комиссиясы 12 қазанға дейін референдумның нәтижесін жариялауға міндетті.
Ақпарат көзі: Референдумға қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабы – 24.09.2024, Sputnik Қазақстан