Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-арнасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректерін келтірді. Оған сәйкес Қазақстанда күн сайын екі әйел қатерлі ісіктен қайтыс болады. Taspanews.kz тілшісі сарапшылармен сұхбаттасып, әйелдерде онкологияны қоздыратын адам папилломасы вирусына қарсы вакцинасының қаншалықты тиімді және қауіпсіз екенін білді. Вакцина туралы жалған ақпаратты таратып, оған қарсы үгіттеушілерді тоқтату қалай жүзеге асуы қажет екені туралы сөз қозғалды.
«Күніне екі өлім»
«Денсаулық сақтау министрлігі бүгінгі таңда АПВ инфекциясын және жатыр мойны обырын алдын алудың жалғыз әдісі вакцинация екенін айтты. Министрлік мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі (күніне бес жағдай) және 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады (күн сайын екі әйел)», – деп жазды Аймағамбетов.
Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынымына сәйкес, 135 елде, соның ішінде Қазақстанда, АПВ-на қарсы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілгенін еске салды. Көптеген әлемдік зерттеулер адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялаудың «қауіпсіздігі мен жоғары тиімділігін » көрсетеді.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде вакцина төндіретін қауіп туралы жалған хабарламалар пайда бола бастағаны ескертілді.
-«Әлеуметтік желілерде вакцина стерилизация мен бедеулікке әкелетіні туралы ақпарат ғылыми тұрғыда дұрыс емес, шындыққа сай емес. Мұндай ақпарат тарататын адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді»,– деп Мәжіліс депутаты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдемесін келтірді.
Асхат Аймағамбетов бұл «дұрыс ұстаным» екеніне сенімді, себебі » денсаулық сақтау саласына қатысты фейктердің таралуы қоғам үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін».
-«Антиваксерлер мен вакциналар туралы жалған ақпарат бірнеше рет екпе жасайтын адамдардың санының төмендеуіне әкеліп соқты. Бұл халықтың осал топтарына қауіп төндірді. Егуге қарсы шыққандар өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінуі маңызды. Кейбір елдерде азаматтардың денсаулығына зиян келтіретін жалған ақпаратты қасақана таратқаны үшін айыппұлдар мен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған»,– деп атап өтті ол.
«Әйелдердегі онкопатология бойынша 2-ші орында»
Дәрігер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Гүлдара Нұрымова Taspanews.kz тілшісімен ағымдағы айда Қазақстанда 11 жастағы қыздарды жоғары онкогенді АПВ түрлеріне қарсы 4 валентті вакцинамен егу басталғанын айтты.
-«Қазақстанда қолданылатын АПВ-ға қарсы вакцина дерттің 4 түрінен қорғайды. Олар – 6, 11, 16, 18. Әлеуметтік желілерде АПВ вакцинасының жас қыздар денсаулығына зиянды әсері бар деген ақпарат тарады. Бұл болашақта бедеулікті туғызады деген күдікті насихаттады. Әлеуметтік желілердегі барлық ақпарат шындыққа жанаспайды»,– деді мәжіліс депутаты.
Ол бұл вакцинаның не үшін жасалатынын түсіну керек екенін атап өтті.
-«Адам папиллома вирусы – бұл вирустардың үлкен тобы, олардың 200-ден астам түрі бар. Кейбіреулерінің онкогендігі аса жоғары және денеде қатерлі ісіктерге әкелетін жағдайға және қатерлі ісіктің өзіне әкеп соғуы мүмкін. АПВ-нан болатын ең көп тараған дерт – жатыр мойны обыры. Қазақстанда жатыр мойны обыры 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде онкопатология арасында 2-ші орында»,– деді Гүлдара Нұрымова.
Оның айтуынша, адам папиллома вирусын жұқтыру мысалдары көп, себебі ол тікелей байланыс арқылы таралады. Депутат «жыныстық қатынасы тұрақты адамдардың барлығы дерлік өмірінде АПВ-ны тым болмаса бір рет жұқтыратынын» атап өтті.
-«Статистикаға сәйкес, АПВ-ны 10 адамның 8-і жұқтырады. Көп жағдайда инфекция симптомдары білінбейді және 12-24 ай ішінде өздігінен өтіп кетеді, алайда жоғары онкогендік қаупі бар АПВ түрлерін жұқтырған кезде, инфекция созылмалы түрге ауысуы мүмкін, бұл кейінірек қатерлі ісікке әкелетін өзгерістерге әкеледі. Егер олар уақтылы анықталмаса және емделмесе, қатерлі ісікке айналуы мүмкін»,– деп қосты ол.
Сондықтан «әйелдер арасында онкологиялық аурудың даму қаупін азайту мақсатында АПВ-ға қарсы вакцинацияның маңыздылығы мен қажеттілігін ерекше атап өту керек».
«Вакцина инфекцияның 90%-нан қорғайды»
Онколог Алима Cатанова (ҚазОРҒЗИ) біздің редакцияға АПВ-ға қарсы вакцинация «адам папиллома вирусымен байланысты аурулардың алдын алудың ең тиімді шараларының бірі» деп мәлімдеді.
-«Зерттеулер көрсеткендей, АПВ вакциналары жатыр мойны обырын, анальды қатерлі ісікті, жыныс мүшесінің, қынаптың және тамақтың қатерлі ісігін және жыныс сүйелдерін тудыратын вирустардың 90%-н алдын алады»,– деді ол.
Онкологтың айтуынша, вакцинация жыныстық қатынас басталғанға дейін, яғни вирусты жұқтыру ықтималдығы аз болғанда салынуы керек, сол кезде ол тиімді болмақ. Дегенмен, тіпті вирусқа шалдыққанның өзінде, вакцинация ересектер үшін де тиімді, қатерлі ісік пен қатерлі ісікке әкелетін жағдайдың тууын азайтады.
-«Бұл вакциналар көптеген клиникалық сынақтардан өтті және бүкіл әлемде кеңінен қолданылады. Вакцинация бағдарламалары әлемнің 100-ден астам елінде енгізілген»,– деді ол.
Дәрігер «жанама әсерлер болуы мүмкін, алайда олар әдетте жеңіл және қысқа мерзімді болатынын (мысалы, егу орнындағы ауырсыну, бас ауруы, жеңіл қызба)» атап өтті.
-«АПВ вакциналары қауіпсіз болып саналады және зертханалық зерттеулерден клиникалық сынақтарға дейін дайындықтың барлық кезеңдерінде қатаң тексеруден өтеді. Нарыққа шыққаннан кейін олардың қауіпсіздігін халықаралық және ұлттық реттеушілер бақылайды»,– деп атап өтті Сатанова.
«Ақпараттандыру маңызды»
Заңгер Надежда Гельдт қазір АПВ вакцинасы туралы жалған ақпарат тарататын антиваксерлерге арналған жазаны күшейтудің «мәні бар» деп санайды.
-«Осылайша олар кез-келген нәрсені айтудан қорқатын болар еді және сол арқылы қарсы пікір білдірушілер мен үгіттеушілер саны да азаяр еді. Алайда, бұл жағдайда салдармен емес, олардың жалған ақпарат тарату себебімен күресу керек. Неліктен бұл адамдар егуге қарсы болды, неге жақтаушылары көп екенін түсіну қажет. Бұл жеткілікті білімнің болмауына, мемлекеттік органдар тарапынан ақпараттың аздығына байланысты болуы мүмкін», – деп санайды заңгер.
Оның пікірінше, антиваксерлерде тиісті ғылыми білімді дамыту керек. Гельдт егер вакцинация жоспарланса, онда «мемлекеттік органдар тарапынан үлкен ақпараттық жұмыс жүргізілуі керек» деді.
-«Білместік адамдарды қандай да бір ақпаратқа жүгінуге мәжбүр етеді. Сондықтан олар антиваксерлерге ілесіп кете барады. Әрине, біз барлығына қылмыстық жауапкершілікті айтып, үркітіп қоюымыз мүмкін, себебі антиваксерлердің әрекеті ауыр зардаптарға әкеледі-ақ. Мысалы, егер адам уақтылы егуден өтпесе, болашақта бұл өлімге әкеп соғар. Бірақ осындай қауіп-қатердің барын айтып қана қоғамдағы артық ойлардың таралу тенденциясын тоқтату қолдан келмес»,– деп түйіндеді ол.
Астанадағы дөңгелек үстел
Жақында Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі Taspanews.kz тілшісіне 17 қыркүйекте Астанада 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізу бойынша дөңгелек үстел өтетінін хабарлады.
-«Оған мемлекеттік орган өкілдері, онкогинекологтар, иммунологтар, Нұрлан Асанов (Нұрлан имам), Айгүл Мүкей және басқалар қатысады. Белгілі тележүргізуші, қоғам қайраткері Лайлә Сұлтанқызы модератор болады. Іс-шараға егуден өткен әйелдер мен жатыр мойны обыры анықталған әйел қатысады. Басты мақсат – АПВ-на қарсы вакцинацияның маңыздылығын жақсы түсінуге ықпал ету және оны енгізу мен көпшілікке таратудың тиімді тәсілдерін әзірлеу. Нәтижесінде бұл жатыр мойны обырына шалдығудан қорғап, одан аман қалуға көмектеседі»,– деп хабарлады баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылы әлем бойынша АПВ-нан әйелдер арасында 620 мыңға жуық, ал ерлерде 70 мыңға жуық қатерлі ісік ауруына шалдықандар бары туралы мәліметтер келтірді. Олар “қазіргі уақытта АПВ инфекциясын емдеу әдісі жоқ» деп түсіндірді. Сондықтан вакцинация – жұқтыру мен дерттің алдын алуда аса маңызды.